Қарауылдың басты қаруы – қырағылық
Тараз қаласындағы түзеу мекемелерін қас қақпай күзететін бірден-бір мекеме – 5513 әскери бөлімі. Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында биік бекетте тұру ерік-жігері берік жауынгерлердің ғана қолынан келеді. Сайдың тасындай іріктелген қайсар сарбаздар ғана қолына қару алып қызметке түседі. Бүгінгі мақаламыз қарауыл қызметі, ондағы жауынгерлер туралы болмақ.
Әдетте қарауыл қызметіне аттанар алдында іріктелген сарбаздар нұсқаулықтан өтеді. Сондай-ақ олармен таралым алдында психолог сөйлеседі. Олар үшін жауынгерлердің жауапты міндетті атқарар алдындағы жағдайын анықтау өте маңызды.
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі әрі психолог, лейтенант Жанна Саржанованың айтуынша, біріншіден сарбаздардың түр-тұлғасы мен көңіл күйіне назар аударылады.
Жіті тексерістен өткеннен кейін жеке құрам белгіленген түзеу мекемесінің қарауыл бастығына табысталады.
Қырағылықты қажет ететін қарауылдық қызметті қалтқысыз орындап жүрген жауынгердің бірі – Ғабит Дауимов. Ғ.Дауимов 1982 жылы Өзбекстанның Нүкіс қаласында өмірге келген. 1993 жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Мектеп бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышын 2000-2002 жылдары Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында орналасқан шекара қызметінің 2534 әскери бөлімінде өтеген.
Бүгінде ол түзеу мекемесінің күзетілуіне, соның ішінде сотталушының қашып кетпеуіне, сақшылардың уақытылы ауысуына жауапты. Қарауыл қызметіне жұмылдырылған жауынгерлердің ішкі тәртібін қадағалау да оның міндетіне жатады. Биыл оның қарауыл қызметінде жүргеніне бір мүшелден асыпты.
Кейіпкеріміз бірінші кезекте жауынгерлердің көңіл күйі мен денсаулығына мән беретінін айтады. Сондай-ақ олардың міндеттерін қаншалықты білетінін тексереді.
Айтса айтқандай-ақ, қарауыл қызметіне жіберілген сарбаздар жігерлі болуға тиіс. Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мұндай сарбаздар жетіп артылады. Солардың бірі – қатардағы сарбаз Сабырбай Омарбек.
Мұнда Сабырбай секілді сарбаздар өте көп. Біразы борышын өтеген соң ішкі істер органдарында қызмет еткісі келеді. Оларға мұндай ой түзеу мекемесіндегі жауынгерлік-қызметтік міндеттерді атқару кезінде келген. Яғни, ел қорғанына айналған азаматтар өздері атқаратын жауапты міндеттердің маңызын жақсы түсінген.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ