Жаңалықтар

Антына адал Аймира

Ақ халатты абзал жандарды бейбіт күннің батырлары десек, артық айтқанымыз емес. Олар кез келген уақытта бастарын қатерге тігіп, адам жанына араша түсетін ардақты жандар, зор құрметке лайық мамандық иелері.

Ал ҚР Қарулы Күштері сапындағы әскери дәрігерлердің жауапкершілігі тіпті екі есе ауыр екеніне Аймира Шалабаевамен жақынырақ танысқанда тереңірек ұғына түстік.

Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери госпитальдің екінші сыныпты сержанты, әскери дәрігер Аймира Шалабаева тәртіп пен батылдықтың нағыз үлгісі. ҚР Қарулы Күштерінде 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Аймира жоғары білікті маман ретінде ұжымына сыйлы. Көптеген жас әскери қызметшілерге үлгі болып жүрген антына адал жан оқушы кезінен-ақ дәрігер болатынын анық білген.

Кейіпкеріміз әскери қызметте 2000 жылдан бері еңбек етіп келеді. Биылдан бастап Гвардейск гарнизонында медбике болып еңбек жолын жалғастыруда.

– Алғаш рет әскери форма киіп, сапқа түскен кезім есімнен кетпейді. Сол уақытта кеудеуді мақтаныш сезімі кернеді. Алайда жаңа өмір, жаңа ортаға бейімделіп кету оңайға соқпады. Бойымды қорқыныш пен қуаныш қатар биледі. «Талап пен тәртіпті қажет ететін салаға үйрене алар ма екенмін» деген уайым да болды. Бірақ алған бетімнен қайтпайтын бірбеткей мінезімнің арқасында өз-өзіммен күресіп, әскери өмірге үйренісіп кеттім, – дейді дәрігер.

Осылайша көп ұзамай ерлермен тең дәрежеде жауынгерлік тапсырмаларды орындай бастайды. Оқу-жаттығу алаңына шығып, автоматтан оқ атып, кез келген міндетті жауапкершілікпен орындап, көзге түседі.

Кейін жас маманның ұйымдастырушылық қабілетін байқаған бөлім бастығы, капитан Егелді Сейтқасымов аға медбике етіп тағайындайды.

Өз ісіне шын берілген білікті маман артылған жауапкершілік жүгін абыроймен арқалай білді.

Тәжірибелі дәрігер Аймира бұл күнде өзінің білімі мен тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп жүр.

Гвардейск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, аға лейтенант Мақсат Тұрсынбектің айтуынша, кейіпкеріміз әріптестерінен бастап әскери борышын өтеп жүрген жас жауынгерлердің бәріне сыйлы.

Бір айта кетерлігі, өткен жылы екінші сыныпты сержант Аймира Шалабаева жыл сайынғы «Әскер тарланы» байқауының «Абзал жан» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Республикалық байқауда жеңімпаз атанып, мықтылығын дәлелдеген Аймира үшін бұл жеңіс ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.

Әскери медицинада еңбек етіп жүргеніне ширек ғасырға жуық уақыт толса да Аймира әлі де елім үшін тер төгуді жалғастыра беремін дейді. Алдағы уақытта ол әскери келісімшартын ұзартып, біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Кейіпкеріміздің ұлы Темірлан да анасының жолын қуып, әскери қызметкер атанған.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ