Әлеумет

Бірегей әскери бөлім

Қуатты әскер – елдің қорғаны.Тәуелсіздік жылдарында еліміздің әскері заман талабына сай дамып, жауынгерлердің біліктілігі артып, жалпы қорғаныс қуаты жан-жақтыкүшейтілді. Ел іргесінің берік, шекара шебінің қауіпсіз болуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінің де қосып жатқан рөлі зор.

Әскери бөлім 2000 жылы Қазақстан Ре с п у бл и к а с ы Қ о р ғ а н ы с м и н и с т р і н і ң директивасының негізінде Алматы облысының Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінің базасында таулы-егерлік батальон болып құрылған. Одан кейін Отар гарнизонында толықтай жасақталып, «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығына қарасты 85395 әскери бөлімінің құрамына кіріп, Жуалы ауданына шоғырланады.

Ал 2007 жылы батальон 85395 әскери бөлімінің құрамынан шығып, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығына өтеді. 2013 жылы ҚР Қорғаныс министрінің шешіміне сәйкес батальон жеке таулы-егерлік полк дәрежесіне ие болды.

91678 әскери бөлімі – ҚР Қарулы Күштеріндегі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі жалғыз жеке таулы-егерлік полк. Бөлім құрылғалы 9 әскери қызметкер ҚР Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» және 2 қызметкер «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Әскери бөлім көптеген әскери оқужаттығуларға қатысып, намысты қолдан бермей, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Сонымен қатар бөлімнің жауынгерлері жеке-дара халықаралық жаттығуларға қатысып, жоғары басшылықтың алғыстарына ие болуда.

Бүгінде әскери бөлімді подполковник Алмас Отыншинов басқаруда. Подполковниктің басшылығымен 2 жыл бұрын соңғы талаптарға сай ат баптайтын алаң жаңартылып, ашылған болатын. Сонымен қатар әр жылдың екі мерзімінде Отан алдындағы борышын өтейтін жас буындармен сарбаздардың қатары толықтырылуда. Бүгінгі таңда әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді ұстанып қана қоймай, жауынгерлік әзірлікті ұдайы шыңдап, қырағылықпен міндеттерін атқарып, бейбіт елдің тыныштығын күзетуде.

Жақында әскери бөлім 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Бірегей полктің құрылғанына 25 жыл толуына орай ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты кешке бөлімше командирлері мен полк ардагерлері шақырылды. Мерекелік іс-шараны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабының бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтау сөзбен ашып, бөлімшенің маңызына тоқталды.

Өз заманында таулы-егерлік полкінде қызмет еткен ардагерлердің салтанатты іс-шараның төрінен табылуы мерекелік кештің маңызын арттыра түсті. Құрметті қонақтардың қатарында бөлімшенің бірінші командирі, отставкадағы полковник Асқар Ізбанов та бар. Ардагер жауынгер бөлімшенің құрылуы туралы әңгімелеп, тарихынан сыр шертті.

Бөлімді басқарған басқа да командирлер тау сақшылары полкінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Солардың бірі – Қайдар Қарақұлов. 91678 әскери бөлімінде өшпес із қалдырған Қ.Қарақұлов кейінгі жылдары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығын басқарғанын айта кеткен жөн. Генерал-майор да мерекелік ісшараға қатысып, өткен жылдар тарихынан сыр шертіп, тілегін арнады.

Мерейтойлық іс-шара аясында жеке құрамды салтанатты жасақтау, әскери техника шеруі және ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраевтың құттықтаулары оқылды.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ