Жамбыл жаңалықтары

Жыл соңына дейін тұрғындар ауызсумен толық қамтылады

Таза ауызсу – тұрғындардың ең басты тұрмыстық қажеттіліктерінің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін елдегі барлық қала және ауылдық елді мекендер сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы әр өңірде әркелкі жүріп жатыр. Тараз қаласы мен кейбір ауылдарда ауызсуға қатысты түйткілдер әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың баяндамасына сүйенсек, облыста 371 елді мекен бар, оның төртеуі қала, ал 367-сі ауылдық мекен. Өткен жылдың басында ауызсумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98 пайызды (523,7 мың адам), ал ауылдық елді мекендерде 97,8 пайызды (676,9 мың адам) құраған. Бірақ 9 тұрғын алқап (10,6 мың адам) пен 24 ауылдық елді мекен (11,4 мың адам) әлі күнге дейін таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр.

Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндамашыдан ауызсумен жабдықтау жобаларына қатысты сот процестері, жүргізілген нақты талдаулар туралы сұрады. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Шу ауданындағы Жиембет және Еңбек ауылдарында 2024 жылдан бері сот процестері жалғасып келеді.

Аппараттық кеңесте облыс әкімі аудан әкімдеріне елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырды. Өйткені ауылішілік желілердің дайын болмауы, қаржыландырудағы кешігулер, сот процестерінің ұзаққа созылуы – халықтың ауызсуға қол жеткізу мерзімін кейінге шегеріп отыр.

Бұдан соң облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Болатжан Ахтанберді облыс әкімінің Талас ауданы халқымен кездесуі мен жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА