Мәдениет

Жеңіс жыршысы – Жамбыл

Апта басында Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қызметкерлерінің қатысуымен «Жеңіс жыршысы – Жамбыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған жиынды ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің ұйымдастырды.

«Бір батыр – бір тарих» және «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциялары аясында ұйымдастырылған іс-шараға әскери бөлімнің сарбаздары мен офицерлері, сондай-ақ музей-қорық қызметкерлері қатысты.

Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы мен оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы рухани мұрасы кеңінен талқыланды. Жиынға қатысушылар жыр алыбының жауынгерлерге рух берген отты жырлары, оның майдан даласындағы сарбаздарға демеу болған жалынды шығармалары жайлы мазмұнды пікір алмасты.

5513 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі, лейтенант Салтанат Әзімханның айтуынша, өткізіліп отырған іс-шараның маңызы зор.

Шынында да, Жамбыл жырлары тек өткеннің шежіресі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа жол көрсететін тағылымды мұра. Әскери бөлім сарбаздары осындай тарихи-мәдени шаралардың маңызын айрықша атап, патриоттық рухты нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.

Осындай тағылымды басқосулардың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту, елін сүйген ерлердің ерлігін дәріптеу. Жас сарбаздар мен әскери қызметкерлерге ұлттық тарих пен мәдениеттің маңызды тұстарын таныстыру арқылы олардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік туады.