«Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 1 наурыз – Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,деп хабарлайды arainfo.kz
Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері мен білім саласының белсенділері қатысты. Олардың қатарында филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер Одақтарының мүшесі Меңдібай Әбілұлы, Қазақстан Ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшесі Каримова Диляром Тұрсынбайқызы, Тараз қаласы №2 орта мектеп директорының орынбасары Осенняя Вера Михайловна, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің тарих факультетінің 4-курс студенті Әшірхан Құттыбек, сондай-ақ Тараз мамандандырылған колледжі мен «ALEM» кәсіби білім беру колледжінің студенттері болды.
Қатысушылар тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, бірлік пен татулықтың маңыздылығы жайлы пікір алмасты. Шара соңында кітапхананың өнерлі жастары әсем әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл жиын Қазақстан халқының достық пен ынтымақтастыққа негізделген берік бірлігі мен елдің тұрақты дамуына деген сенімді тағы бір мәрте айқындай түсті.