Жамбыл жаңалықтары

«Ана көрген» жобасында – ұйғыр асханасы

Ұйғыр асханасы десе көптің көз алдына әуелі тіл үйірер дәстүрлі астың бірі – «Лағман» тағамының келері сөзсіз. Аталған халықта лағманның 10 түрі бар. Әрине, жасалу жолы мен құрамына қарай сан түрлі.

Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының «Береке» аспаздық студиясында өткен «Ана көрген» жобасы аясындағы ұйғыр халқының шеберлік сабағында лағманның жасалу жолымен таныстық.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік – әралуандықта» атауымен өткен іс-шараға ұйғыр этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері мен ардагерлер қатысты.

Тағылымды шарада ұйғыр этномәдени бірлестігі аналар кеңесінің төрағасы Хайриниса Ахметова жастарға лағманның жасалу жолын көрсетіп, оның денсаулыққа пайдасы туралы мәліметтер айтып берді.

Жиында көпшілікке ұйғыр халықының дәстүрі мен тарихы таныстырылып, ұлттық тағамдар көрмесі ұсынылды.

Келген қонақтар ұйғырдың ұлттық сусыны «Әткән» шәйін ішіп, самса, гөшнан, саңза, кава манта, сәвза жутта, непиз нан, петир нан, чоң нан, болақ манты сынды ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Элизат ҚОНЫСБАЙ,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің
жетекші сарапшысы