Жамбыл жаңалықтары

Ерекше көңіл күй сыйлаған фестиваль

Жуырда облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «MART» сауда орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «FOLK &ART» халықтық және заманауи өнер фестивалі өтті.

Фестивалға «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенді әрі өнерлері өрендері, этномәдени бірлестіктердің жастары және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Дулати» жастар театрының «Алғыс бәріне» композициясымен ашылып, «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлованың алғы сөзімен басталды. Ары қарай жиылған жұртшылыққа қазақтың ұлттық тағамы құрт таратылды.

Фестивальде облыстық грек этномәдени бірлестігінің «Infiniti», татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің «Бахор», «Шабыт» би ансамбльдері, «Барбанг» күрділер ассоциациясы филиалының» жастары, «Коре» кәрістер этномәдени бірлестігінің «Барабан шоу, «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің «Ложкари», неміс этномәдени бірлестігінің «Juwel» вокалдық ансамблдері, «Әулие-Ата» қазақ-мәдени орталығының әншілері Мадина Бекмурзаева, Диас Нұрпейсов, «Ассамблея жастары» ҚБ өкілі Перизат Асқарбек, Нұрсұлтан Искендеров, «Вынхуа» Дүнген этномәдени бірлестігінің күйшісі Курбанов Даниял және Наталья Гирина, Бахром Муминовтар өнер көрсетті.

Жұртшылық түрлі этностың мәдениетімен танысып, мерекелік көңіл күймен тарқасты.

«AR-AI»-ақпарат