Білім мен кәсіп – болашақтың кілті
Жақында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті «Шығармашылық мамандықтар» факультетінің ұйымдастыруымен «Білім мен кәсіп: болашақтың кілті» облыстық Best Practices форумы өтті. Іс-шараның мақсаты – кәсіптегі үздік тәжірибелерді қолдану арқылы оқушылар мен жастарға кәсіптік бағыт-бағдар беру.
Жиында оқушылардың болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауына көмек көрсету, кәсіпкерлікке бағыттауға назар аударылды. Форумда жамбылдық суретшілер, ұстаздар мен қолданбалы өнер шеберлері өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, мектеп оқушылары мен студенттерге практикалық шеберлік сабақтарын өткізді. Қатысушылар шеберлердің жұмысын бақылап, өз беттерінше сурет салып, керамика жасап көрді.
Суретшілер Мұхамед-Омар Паншаев, Владимир Худяков, Айдархан Сихаев, Дастан Оразханов, Қанат Мұратаев, суретші-қолөнершілер Елена Голубинская, Индира Губашева және басқа да өз саласының мықтылары өрендермен заманауи әлемдегі шығармашылықтың маңыздылығы, шығармашылық кәсіптің болашағы туралы ой бөлісті.
Еңбектері Қазақстанның ғана емес, Ресей, Қырғызстан, Қытайдың және Иранның ірі галереялары мен мұражайларына қойылған суретші Мұхамед-Омар Паншаев бүгінгі күні жетістікке жету үшін жалғыз талант аздық ететінін айтып, нарықты, заманауи технологияларды зерттеп, түсіну маңызды шығармашылық табысқа жетелейтінін түсіндірді. Қылқалам шебері Айдархан Сихаев та осы мәселеге қатысты өз ойымен бөлісіп, қазіргі қоғам өнерді тудырып қана қоймай, оны әр салаға енгізе алатын шығармашыл мамандарға зәру екенін тілге тиек етті.
Форум қатысушыларына Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Индира Губашева заманауи қыш өнері туралы әңгімелесе, «Альянс - Қолөнер» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Елена Голубинская оқушыларға әртүрлі техникадағы бұйымдардың көркем безендірілуі туралы түсіндірді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің аға оқытушысы Раушан Қуатбекова жастарға ұлттық бас киім тігу бойынша шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ форумда облыс мектептерінің көркем шығарма мұғалімдері де білгенімен бөлісіп, балаларға қазақтың ұлттық ою-өрнектері, моншақ тоқу, көрпеше тігу өнері туралы баяндады.
Форум жастарға өз болашағын қалыптастыруда маңызды бағыт-бағдар беріп, кәсіптік дамуға жаңа мүмкіндіктер ұсынды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ