Әлеумет

Ажары артқан ауыл

Жаз мезгілінде кешқұрым Қызыләуітке апаратын негізгі асфальт жолмен иек астындағы қыраттан төмен қарай түсіп келе жатқанда ауыл көрінісі көздің жауын алушы еді. Қырда тұрып ауылға көз салғанда, Қаратаудың сұлбасы мұнартып, ауыл сол жотаның астында орналасқандай көрінетін.

Әйтпесе біз туып өскен киелі мекен төтесінен тартсаң Қаратау қаласына дейін шамамен 30 шақырым қашықтықта жатыр. Қаратаудың жотасына сүйкене, сүйе құлап, маңайына қызыл шұғыла шашып, ұясына батып бара жатқандағы сол бір ауыл көрінісі сыртта жүрген кез келген азаматтың жадында деп ойлаймын.

Бұл ауылдың жер жағдайы аты айтып тұрғандай қызыл қырдың етегінен орын тепкендіктен айнала қызғылт тастақты еді. Әйтсе де маңайдағы «Шұқырәуіт», «Қызыләуіт» секілді су айдындарының арқасында елді мекен жаз бойы жамылған жасыл желегінің өңін сары ала күзге дейін бермейтін. Мұнда негізінде диханға жомарттық танытуға бейіл топырағы борпылдақ жерлер де көптеп кездеседі. Сондықтан шығар, бүгінде ауылдық округ бойынша тіркелген 120 шаруа қожалықтың 75-і егіншілікпен айналысады екен.

Ауылға ауыз су құбырын тарту, былтыр екі ауылға да газ кіргізу секілді инфрақұрылымның жақсаруы, мәдениет пен білім беру мекемелерінің қолжетімділігі округ тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ықпал ететіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, Қызыләуіт ауылдық округіндегі екі елді мекенде соңғы жылдары біршама оңды істер атқарылыпты. Қызыләуіт ауылында 300 түтін бар болса, барлығы 2101 адам күн кешуде. Округ құрамындағы Ақтөбе елді мекенінің тыныс-тіршілігі мен әлеуеті де ерекше назар аударуға тұрарлық. Онда 25 үй, 118 тұрғын бар. Ауылдық округ тұрғындарына қажетті негізгі әлеуметтік инфрақұрылым толықтай қызмет көрсетіп тұр. Округ орталығында бір орта мектеп пен дәрігерлік амбулатория, кітапхана, мал дәрігерлік пункт, мәдениет үйі, әкімшілік ғимарат, пошта бөлімшесі және бір спорт кешені бар. Ал Ақтөбе елді мекенінде 1 медпункт пен бастауыш мектеп жұмыс істеп тұр. Осы мекемелерде еңбек ету арқылы тұрғындардың бірқатары ырзығын айырып отыр. Ауылдың әлеуетін арттыруда шағын кәсіпкерлікті дамыту-басты міндет.

Ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Темірбек Баяқов елді мекеннің өркендеуі мемлекеттен бөлек ауыл әкімінің іскерлігіне де байланысты екенін айтады.

Негізінде Қызыләуіт табиғатымен ғана емес, тарихымен де қастерлі мекен. Бір кездері Талас ауданындағы «Ильич» атындағы кеңшар қойдың қаракөл тұқымын өсіріп, елтірі дайындаумен аты шыққаны мұқым жұртқа белгілі. Бұл талай еңбек адамын, елдің ардақты тұлғаларын тудырған киелі мекен. Олардың кейбірінің қажырлы еңбегі, төккен тері кезінде ауыл даңқын асқақтатса, бүгінде осы елді мекеннің дамуына сол жерде күн кешіп жатқандар да, сыртта жүрсе де туған жерінің түлеуіне тілеулес болып жүрген азаматтар да атсалысуда. Демеушілердің жанашырлығы – туған жерге деген құрметтің ең үлкен белгісі. Қызыләуіт ауылының дамуы мен көркеюіне ауылдан шыққан азаматтардың қосып отырған үлесі ерекше екенін айрықша атап өткеніміз жөн.

Әрбір ауылдың әлеуметтік жағдайы – ел дамуының көрсеткіші десек те, бүгінде даму мүмкіндігі күмәнді саналатын елді мекендер кейбір өңірден іздесең табылады. Алайда, туған ауылына жаны ашитын азаматтар мен іскер жігіттер барда Қызыләуіттің болашағы баянды екені сенімге селкеу түсірмейді.

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ