Көкжон өңірі көркейіп келеді
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Түркістан солай туған» атты әйгілі очеркіне арқау болған құтты мекеннің тарихы кім-кімді де қызықтырмай қоймайтындығы сөзсіз. «Өткенсіз бүгін жоқ» демекші, осы мақаламызда қарт Қаратау қойнауында жатқан Көкжон өңірінің кешегісі мен бүгіні туралы қамтығанды жөн көрдік. Бұл тұрғыда медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабековтің естелігінен көп мағлұмат табуға болады.
«Елімізде тың игеру науқаны Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін-ақ бастау алғанымен, 1953 жылдан нақты жүзеге асырылды. КОКП Орталық комитетінің осы жылғы маусым пленумынан кейін КСРО Министрлер кеңесі өзінің №1570 қаулысына сәйкес елімізде тың игерудің жаңа шараларын қолға ала бастады. 1954 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Компартиясы орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер кеңесі «Республикада 1956 жылдың егініне арнап, тың және тыңайған жерлерді іріктеу туралы», ал 1954 жылғы 19 қазанда Қазақ КСР Министрлер кеңесі «Жамбыл облысында жаңа астық совхоздарын ұйымдастыру туралы» шешім қабылдады. Осы қаулыға сәйкес Жамбыл облысында жер көлемі 249 мың гектар, соның ішінде, астық егуге жарамды 126 мың гектар алқапта жаңадан ұйымдастырылатын 8 совхозды орналастыру белгіленді. Олар Талас ауданында «Қаратау», Сарысу ауданында «Түркістан», Қордай ауданында «Қордай», Луговой ауданында «Подгорный», «Қорағаты», Красногор ауданында «Красногор», Шу ауданында «Шоқпар» және «Далақайнар» елді мекендері еді. Сарысу ауданының Көкжон өңіріндегі Үшбас, Октябрь, Қаратас, Дихан, Жданов колхоздары біріктіріліп, 1954 жылы астық өндіретін «Түркістан» тың совхозының іргесі қаланды. Кілемдей құлпырған жазықтар мен қыраттарға түрен түсіп, шынжырлы ауыр темір тұлпар-тракторлар соқаларын сүйретіп сан ғасыр бойы тыныштық құшағында жатқан бай өлкені абыр-дабыр қылды.
КСРО Министрлер кеңесінің 1954 жылғы 14 қазанда «Запасқа шығатын әскери қызметкерлерді ауылшаруашылықтарында пайдалану туралы» арнайы қаулысына сәйкес Түркістан әскери округінде азаматтық парызын өтеген солдаттар, офицерлер осы жаңа шаруашылықты тікелей шефтік қамқорлыққа алды. Сондықтан жаңа шаруашылыққа «Түркістан» аты берілді. (Қазір оның бұрынғы орталығы Андреевка ауылы мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы тау инженерлерінің бірі Әшір Бүркітбаевтың атымен аталады).
Шынын айту керек, алғашқы тың игерушілер қатарында таза жүректі беделді коммунистер мен арман қуған комсомол жастар көп болды. Олармен қабаттасып Ресейде, Белоруссияда, Украинада сенделіп жұмыс таппай жүрген тоғышар жастар, түрмеден шыққан, ойдан-қырдан қашқан берекесіз жандар да жиналды. Несін айтамыз, «тың көтереміз» деген ұранға елеңдеп, үн қосқан арманшыл жастар Қазақстанға жүздеп, мыңдап, бүкіл состав болып әр республикадан ағылып келіп жатты» деп жазады С.Ордабеков.
Ал Мұхтар Әуезов Сарысу ауданына 1955 жылдың жаз айында келген. Ол кісінің қасында облысты аралатуға Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары Ғарипжан Досымбеков, облыстық газеттің редакторы Ғайса Сармұрзин жүріпті. Құрметті қонақты Сарысу ауданының басшылары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шаймардан Қалдыбаев, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Аман Алпысбаев, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Иген Нұрмаханов, аудан прокуроры Оспан Сауранбаев мөлдір сулы көгілдір Көлменің тұсында қарсы алып, қонақ қылып күтеді. «Түркістанның» егін алқабында Мұхаң ел-жұртпен әңгімелесіп, елдің жай-күйімен танысқан.
Сол сапарында жазушы үш күн Жон өңірінде болып, шаруашылықтың басшылары мен еңбеккерлермен кездеседі. Егінжай мен дала қостарында болып, мән-жаймен танысады. Жүрген жерлерінің аттарын, тіпті, сол аймақта өскен шөптердің, аң-құстардың түрін асықпай ақ қағазға түсіріп, тау-қыраттарды аралап, ой түйген. Мұндағы шыбынсыз қоңыр жаздың, табиғаттың сұлулығы мен кереметтігіне іштей риза болған қаламгер ауылдың көнекөз қарияларымен ұзақ әңгімелесіп, Көкжонның көрікті тау шатқалдарын тамсана аралапты. «Бәйдібек» сазындағы суы мол бұлақтарды, бітік өскен көк шалғыннан ат сүрінгенін көріп, оның төңірегіндегі әсем табиғатқа қарап, ерекше әсерге бөленіпті.
Қарымды қаламгер осы өңірден алған әсері мен шабытын суытпай, облыс орталығындағы «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің редакциясына барып, «Түркістан солай туған» очеркін диктовкамен жазып, оның бір данасын облыстық газетке беріп, Алматыға аттанып кетіпті. Көп уақыт өтпей ол очеркі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, сол жылы «Әдебиет және искусство» журналының он екінші нөмірінде жарияланады. Кейінірек шығарма көптомдық кітаптарының 7-ші томына енгізілді.
Міне, танымал туындының тарихы осылай өрбиді. Тың игеру уақытында бой көтерген кеңшар тәуелсіздік жылдарында да түлей түсті. Бүгінде Түркістан ауылдық округіндегі Әшір Бүркітбаев, Арыстанды, Үшбас ауылдарында 228 аулада 1316 адам тұрады. Оның ішінде 956-сы қазақ, 331-і күрді, 11-і орыс, 11-і әзербайжан, 5-еуі украйн, біреуі ұйғыр, біреуі өзбек халқының өкілдері. Аймақта этносаралық татулық сақталған. Бірлігі жарасқан тұрғындар тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Бүгінде округ бойынша 72 көп балалы ана, 22 алтын алқа, 13 күміс алқа иегерлері бар.
Астықты өңірде ауылшаруашылығы айрықша маңызға ие. Ауылдық округ бойынша 74 шаруа қожалығы мен 15 жеке кәсіпкер тіркеліп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалармен айналысуда. Осы қожалықтарда 120 адам тұрақты, 62 адам уақытша жұмыспен қамтылған.
Ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға үнемі көңіл бөлініп отырады. Бүгінде жергілікті фермерлер тарапынан 18 К-700, 22 Т150, ДТ-75, МТЗ-1221,92 тракторлары, 68 МТЗ-80,82, Т-16,28,40, ЮМЗ тракторлары, 33 комбайн, 41 соқа, 23 тырма пайдаланылуда. 2020 жылы жалпы құны 174 миллион 795 мың теңгеге 12 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынды. 2021 жылы іскер азаматтар жалпы құны 155 миллион 180 мың теңгеге лизингке және жеке қаражаттарына 13 техника алып, жоспар 108 пайыз артық орындалды.
Ал 2022 жылы 163 миллион 789 мың теңгеге 28 дана ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізілсе, 2023 жылы 58 миллион 900 мың теңгеге 6 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынды. 2024 жылы жалпы құпы 162 миллион 500 мың теңгеге 12 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, аудандық статистика басқармасының 1КФХ инвест дерекқорына енгізілді.
Жалпы, округ бойынша жер көлемі 49632,85 гектарды құрайды. Оның ішінде 26494,12 гектары жайылымдық болса, 13733,46 гектары егістік жер. Жерлерге толығымен егіс егіліп, игерілуде. Игерілмей жатқан 4674,9 гектар жайылымдық жерлердің тізімі тиісті шара қолдану үшін аудандық жер қатынастары бөліміне ұсынылды.
Биыл күздік бидай 3270,37 гектарға егіліп, өнімділігі 13,2 центнерден айналды. Жаздық арпа 5839,80 гектарға, мақсары 3297,96 гектарға, жоңышқа 1268,95 гектарға егілді. Егісті жинау бойынша 40 шаруашылық құрылымы тарапынан 402 тонна дизель отынына Gosagro базасы арқылы өтінім берілді.
Мал шаруашылығын дамыту да басты назарда. Қазіргі таңда аймақта 1595 мүйізді ірі қара, 12144 қой-ешкі, 1011 жылқы бар. Жоспар бойынша 12 000 тонна мал азығын дайындау қажет болса, 5200 тонна жоңышқа, 2500 тонна табиғи шөп, 4300 тонна сабан буылды. Биылғы жылы арпа, бидай дақылы арзан болғандықтан, қосымша азық болып, дәнді дақылдар дайындалды.
Округте 9 мал қыстауы бар. Бұл қыстауларда 192 мүйізді ірі қара, 525 жылқы, 3000 басқа жуық қой-ешкі бар. Қыстауларда 250 тонна жем (арпа, бидай), 1665 тонна шөп (жоңышқа, пішен, сабан) қоры дайындалды.
Агроөнеркәсіптік кешенді және кәсіпкерлікті дамыту бағытында байыпты бастамалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан шарапаты мол. Округ бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының ІІ бағыты бойынша 22 азамат мемлекетіміз тарапынан берілген 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, мүйізді ірі қара малын сатып алып өсіруде.
2021 жылы «Саудакент НС» ЖШС арқылы 11 шаруашылық құрылымы егіс-дала жұмыстарына тұқым мен жанар-жағармайға 35 миллион 900 мың теңге несие алып, тиісті мақсатқа жұмсады. Сол сияқты 2022 жылға көктемгі және күзгі егіс-дала жұмыстарына шаруа қожалық төрағалары «Саудакент НС» ЖШС-нен 54 миллион теңге несие алып, біраз тірлікті еңсерді.
2023 жылы «Көктемгі дала жұмыстары» бағдарламасымен шаруа қожалық төрағалары «Саудакент НС» ЖШС-нен 54 миллион 300 мың теңге несие алып, егіс екті. 2024 жылы «Кең дала» бағдарламасы аясында «Саудакент НС» ЖШС арқылы 17 шаруашылық құрылымы егіс-дала жұмыстарына тұқым мен жанар-жағармайға 101 миллион 400 мың теңге несие алып, тиісті шаруаларын атқарды.
Сарысу ауданы бойынша астық сақтау қоймаларының саны 23 бірлік болса, оның 21-і осы округте орналасқан. Егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар жаңадан 3 астық сақтайтын қоймалар құрылысын соғып жатыр.
2023 жылы сыйымдылығы 10 адамдық қоғамдық монша мен шаштараз ашылып, іске кірісті. Кәсіпкерлік саласы бойынша аудан орталығынан шалғайда орналасқан Арыстанды ауылында «ДИАС» азық-түлік дүкені тұтынушыларға қызмет көрсете бастады.
«Ауыл аманаты» жобасының екінші бағыты бойынша 61 адам 344 миллион теңге несие алып, 1350 қой, 137 жылқы, 125 сиыр малын алып өсіруде. Жобаның бесінші бағытына сәйкес 2 жоба бойынша несие құжаттары рәсімделуде.
Ауыл азаматтары «Асарлатып үй салу» жобасына да айрықша атсалысып, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Сондай-ақ «Жомарт түлек» жобасы аясында да атқарылған іс аз емес. 2021 жылы түлектер 500 000 теңге қаржы жинап, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің кіреберісіне «Мемлекеттік рәміздер» стелласын орнатып берді.
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебін 30 жыл бұрын бітірген түлектер бірігіп, Аққырқаның төбесіне 1,5 миллион теңгеге безендіру жұмыстарын жүргізді.
«Қарты бардың қазынасы бар» демекші, Әшір Бүркітбаев ауылының қариялары бірігіп, орталарынан 500 000 теңге қаржы жинап, округ орталығы Әшір Бүркітбаев ауылының кіреберіс жеріне, тау беткейіне «Арқар» мүсінін өз күштерімен орнатып, ауылдың әсемдене түсуіне үлестерін қосты. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебін 40 жыл бұрын бітіріп кеткен түлектер орталарынан 500 000 теңге қаржы жинап, Әшір Бүркітбаев ауылының кіреберісіндегі тау беткейіне «Таутеке» мүсінін орнатты.
Үшбас ауылының тумасы, жоғарғы санатты хирург және денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк ғылыми академиясының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабеков 2018 жылы Үшбас ауылының кіреберіс жеріне 1,5 миллион теңгеге арка орнатып берді.
Түркістан ауылдық округінің 1974 жылы өмірге келген азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толу құрметіне 2011 жылы асудың басында киіз үй нысанын ауылға сый ретінде орнатып беріп, көпшіліктің алғысын алып еді.
Сол азаматтар мектеп бітіргендеріне 30 жыл толу құрметіне, осыдан он жыл бұрынғы істерін жалғастырып, тауға «АҚҚЫРҚА» деп 1,5 миллион теңгеге заманауи үлгіде жазғызып, асудың атын шартарапқа нақтылап, тағы да халықтың ризашылығына бөленді.
Бұл істерді көріп, інілерінің тірлігіне сүйсінген аға буын өкілдері, аталған мектепті осыдан 52 жыл бұрын бітірген түлектер де ақылдаса келе, қарт Қаратаудың асуының басына «Қаратау-Қыраны» ескерткіш-монументін орнатты.
Әшір Бүркітбаев ауылынан 2 шақырымда Жаңатасқа шыға бергенде автокөлік жолы алдыңғы жақ көрінбейтін таудың қысаң жерімен өтетін еді. Осы жерде талай рет жол-көлік оқиғасы орын алып, бірнеше адам көз жұмған болатын. Осы таудың жол жиегіндегі қожыр тасын ауылдың тумасы Сейітбек Унипаев өз қаржысына арнайы техникаларға бұздырып, жол жиегін кеңейтті.
Тағы бір жерлесіміз, алматылық «DVERI SITY» компаниясының басшысы Досбол Жылқыбаев Сабырбек Бекпенбетов көшесіне түнгі жарықшамдар қойғызып берді. Сонымен қатар Досбол Сейітқұлұлы округ орталығы-Әшір Бүркітбаев ауылына «Туған өлкем Түркістан» атты стелла тарту етті.
«Ардагерлер аллеясына» Әшір Бүркітбаев ауылындағы М.Әуезов орта мектебін осыдан 40 жыл бұрын бітірген, 1968 жылы туылған түлектер қазақтың ақ боз үйін орнатып берді. Дана халқымыз «Ауылына қарап азаматын таны» деп осындайда айтқан болса керек.
Түркістан ауылдық округінде қазына қаржысы есебінен де қыруар жұмыс атқарылуда. Арыға бармай-ақ кейінгі жылдарда жүзеге асқан тірліктердің өзі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мысалы, 2021 жылы Арыстанды, Қаратас, Үшбас ауылдарына 3 аялдама соғылды. Қаратас көшесіне, Ә.Бүркітбаев, С.Телқожаев көшелеріне түнгі көше жарықтары орнатылды. Арыстанды ауылына спорт алаңшасы құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Округ шекарасындағы тақырыбы ескірген арка жаңартылды. Сонымен қатар округте орналасқан полигондарға санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Ә.Бүркітбаев ауылы, Әшір Бүркітбаев және С.Телқожаев көшелері орта жөндеуден өтті. Әшір Бүркітбаев ауылы кіреберіс жеріне ауыл атауы жазылған стелла орнатылды. Арыстанды, Үшбас ауылдарындағы қоқыс тастайтын полигон орындары мен округке қарасты 4 трансформаторлардың сырты қоршалды.
Ал 2022 жылы Үшбас ауылына спорт алаңшасы соғылды. Арыстанды ауылында балалар ойын алаңшасының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аудандық электр жүйесі мекемесі тарапынан ауылдық округ бойынша тозығы жеткен барлық электр бағандары мен электр желілері ауыстырылды. Ә.Бүркітбаев ауылындағы бұрынғы саябақтың орнына жаңадан саябақ орнатылуға шарбақпен қоршау жұмыстары жүргізілді. Ә.Бүркітбаев ауылындағы С.Бекпенбетов көшесі мен Арыстанды ауылындағы А.Әлиев көшелері орта жөндеуден өтті. Жаңатас қаласы мен Ә.Бүркітбаев ауылы арасындағы аудандық маңызы бар 8,56 шақырым жолға 233 466,0 мың теңге бөлініп, орта жөндеу жұмыстары қолға алынды. Ә.Бүркітбаев-Арыстанды ауылдарының арасындағы ойылған жерлер жамалды. Арыстанды ауылындағы А.Әлиев көшесінің бойына «Жаман Ернар» кәсіпкерлігі тарапынан түнгі көше жарығы орнатылды.
Ілкімді істер 2023 жылы да жалғасын тапты. Атап айтқанда, Қаратас елді мекеніндегі Қаратас көшесіне асфальт төсемелері төселді. Қаратас елді мекеніне заманауи үлгідегі балалар ойын алаңшасы орнатылды. Ә.Бүркітбаев ауылының шағын футбол алаңшасына ағымдағы жөндеулер жүргізіліп, төсеніштері ауыстырылды. Ә.Бүркітбаев ауылының кіреберісінен «Жасыл белдеу» жасыл желектердің қорғаныш аймағы жасалынды. Ә.Бүркітбаев ауылына көше жарығы орнатылды. Ә.Бүркітбаев ауылындағы ардагерлер аллеясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ардагерлер аллеясына жаздық сахна орнатылды. Көгалдандыру жұмысы бойынша Ә.Бүркітбаев, Арыстанды, Үшбас ауылдарына 1000 түп тал егілді.
2024 жыл да толайым табысқа толы болды. Жетістіктерді жіпке тізгендей етіп баяндасақ, Әшір Бүркітбаев ауылында саябақ құрылысы жүргізілді. Осы ауылда волейбол алаңшасы мен көше жарықтары орнатылды. Үшбас ауылында балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді. Арыстанды ауылында стрит воркаут алаңшасы орнатылды. Үшбас ауылындағы саябақты қоршау жұмыстары жүргізілді. Жаңатас қаласы мен Түркістан ауылдық округі арасындағы округ атауы жазылған арка әріптері жаңартылды.
Жанысбек Байысбекұлы,
Сарысу ауданы