Білгім келген бір сұрақ?

Күйзелістен қалай құтылуға болады?

«Стресс» деген сөзді соңғы кезде жиі еститін болдық. Стресс дегеніміз не? Қазақы түсінік бойынша стресті күйзеліс деп атап жүрміз. Уақыт қарқындап дамыған сайын осы бір дерттің жиі ұшыраса бастағанын ғалымдар айтып келеді. Оның пайда болуына не себеп? Ендеше, сол мәселе төңірегінде ой қозғалық.

Әрбір адам өз өмірінде сан алуан қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарды бастан кешуі мүмкін. Оларға қарсы тұрып, қажымай, қайсарлық көрсетіп, жеңе білу – үлкен өнер. Адам өмір қиындықтарына төселіп, шыңдалып, жетіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша барлық аурулардың 45 пайызы күйзеліске байланысты екен. Сондықтан күйзелісті болдырмау, алдын алу, егер ол кездесе қалса оған қарсы тұра білу, өкінішке қарай әркімнің қолынан келе бермейді.

Орыстың белгілі жазушысы В.Г.Белинский «Күрес деген өмір шарты: күрес тоқтаса, ол өмірдің өшкені» деп жазыпты. Ал ақиық ақын Александр Блок «Өмір деген – күрес» деген екен қысқа қайырып.

Шынында өмір бар жерде қиыншылық бар. Қиындықтарды жеңу жолы – тынымсыз күрес. Мысалы, көк аспанды еркін шарлаған ұшқыштың базбір кезде жүйкесіне салмақ түсіп, қиналатыны бар. Өйткені, ол адам толы ұшақты аман-есен жерге қондыруға міндетті. Ем-доммен айналысатын медицина қызметкерлерінің қызметі де стреске толы. Себебі, олар жұмыс барысында әртүрлі оқыс оқиғалармен кездесіп, науқастың аурудан қиналғанын көріп (әсіресе жас сәбилердің), тіпті, орны толмас қайғылы қаза көз алдында өтіп жатады. Адамның жүйкесі темір емес. Өзінің жіберген диагностикалық немесе емдеу барысындағы қателігі, операция үстіндегі кездейсоқ асқыну оқиғасы дәрігерге болсын, медбикеге болсын әр дәрежеде әсер етіп, стреске ұрындыруы табиғи нәрсе. Өйткені дәрігер, әсіресе хирургтар, акушер-гинекологтар, реаниматорлар әрдайым өткір пышақ жүзінде жүргендей сезінеді. Қателік аяқ астынан болып, кейде күтпеген жағдайлар орын алуы ғажап емес.

Стресс – ағылшынның stress (ыза буу, булығу, кернеу) деген сөзінен шыққан. «Стресс – ерекше жағдайлардың әсерінен адам организмінің титықтауы, дәрменсізденуі» деп түсіндіреді бұл сөзді Құбығұл Жарықбаев пен Өмірзақ Озғанбаев өздерінің «Жантануға кіріспе» атты оқулығында. Кейде стресті күйзеліс деп тәржімалап жүрміз. Біздің ойымызша, бұл аударма онша көңілге қонбайды. Өйткені ол түсінік сол кездегі көңіл күйді жеткізе алмайды. Стресс дегеніміз ойламаған жағдайда адамның басына түскен қасірет-қайғыдан, үрей-қорқыныштан, күтпеген жайсыз оқиғаға байланысты немесе төтенше күшті әсерленуден адамның бойында пайда болатын шектен тыс тітіркену және оған жауап ретінде туындайтын көңіл күй, сезім толғанысы. Стрестер жиі қайталанса организмде бұрынғы қалып орнына келмейді. Адам бойын дәрменсіздік билеп, қажып, мүжіледі. Кейде әртүрлі психикалық аурулар пайда болуы да мүмкін. Созылмалы стресс адамның көңіл күйінің бұзылуына, жұмысқа деген қабілетінің төмендеуіне, сылбырлықтың пайда болуына, ұйқысының бұзылып, адамның созылмалы шаршау синдромына әкеп соғады.

Стресс туралы алғашқы ғылыми еңбекті Ганс Селье 1936 жылы жазды. Ол 1926 жылы әртүрлі зардап шеккен адамдарды бақылап, оларды топтастырып, зерттеп‚ ғылыми болжам жасады. Бұндай ауруларда асқа тәбеттің болмауы, бұлшық еттерінде әлсіздік болуы, қан қысымының жоғарылауы, алдына қойған мақсатына деген талпынысының жоғалуы секілді адам бойында болатын кері құбылыстарды байқаған.

Адам организмінде, ағза ішіндегі мұндай өзгерістердің жиынтығын сипаттау мақсатында Г.Селье «күйзеліс» деп аталатын түсінігін енгізді. Ал 1936 жылы ол өзінің стресс туралы ғылыми түсінігін жария етті. Сол мезгілде ғалымның «Әр түрлі зақымдаушы себеппен шақырылатын стресс», «Жалпы бейімделу синдромы» және «Биологиялық стресс синдромы» атты еңбектері жарық көрді. Г.Сельенің тұжырымына көңіл аударсақ «күйзеліссіз өмір өлі». Ол бұл ойын өзі жасаған эксперимент арқылы дәлелдеген. Ол үшін егеуқұйрықтарды үш топқа бөліп, бірінші топтағы егеуқұйрықтарды үнемі күйзеліссіз жерде, тыныштық сақталған жерде ұстаған. Ал екінші топтағы егеуқұйрықтарға қысқа мерзімді күйзеліс тудырып отырған. Үшінші топтағыларға үзіліссіз күйзеліс жасаған. Байқаса, екінші топтағы егеуқұйрықтар ұзақ жылдар тіршілік ете берген. Осы жүргізген тәжірибесіне сүйеніп ол мынадай қорытынды жасаған – қандайда болмасын күйзеліс болған жөн. Өйткені күйзелістің арқасында ағза көптеген гормондарды (адреналин мен норадреналинді) бөліп шығарады. Адамның қобалжуы денедегі адреналиннің көп мөлшерде бөлініп шығуына байланысты. Ғалымның анықтамасы бойынша стресс дегеніміз – кез келген сыртқы талаптарға сай ағзаның бейспецификалық реакциясы.

Г.Селье стресс реакциясында үрейлену, төзімділік, қалжырау сынды 3 сатыны ажыратады. Бұл сатылар ұзақ әсер ететін стресс факторларына организмнің жауап беру сипаты. Стресті тудыратын затты немесе құбылыс-оқиғаны стрессор деп атайды. Оларға аштық, салқын, психологиялық және тәндік жарақаттар, радиациялық сәулеге ұшырау, қан кету, инфекциялық ауру жұқтыру, күйік алу, өмірде мақсаттың болмауы, тіршілікке қауіптілікті сезіну, үйреншікті өмір салтынан айрылу және тағы да басқалар жатады.

Yрейлену сатысында организмдегі барлық қорғаныш күштері іске кіріседі. Әдетте бұл саты 6-48 сағатқа созылады. Төзімділік сатысында ағзаның осы бір стрессорға және сол кездегі басқа да агенттерге тұрақтылығы өседі. Егер стрестік әсер жалғаса берсе, үшінші қалжырау сатысына көшеді. Қалжырау сатысы – бүйрекүсті безінің қыртысты қабатының көлемі азаюымен, глюкокортикоидтер түзілуі төмендеуімен сипатталады. Бірақ, стрестің осы көрсетілген барлық үш сатысының бәрін өтуі міндетті емес. Кейде ол кейбір себептермен бірінші немесе екінші сатыда үзіліп қалуы да ықтимал. Жүйке жүйесінің белсендірілуі – стресс реакциясының бірінші сатысы. Егер стрессор әсері одан әрі жалғаса берсе, жүйке жүйесінің оған қарсы әсер ету мүмкіндігі азаяды да, стрессордың екінші тетігі іске қосылады немесе стресс р еакциясының «соғу қашу» деп аталатын реакциясы басталады. Бұл реакция стрессорларға қарсы жауапты бұлшықеттерді белсендіру арқылы дайындайтын организмді жұмылдыратын реакция. Екінші сатының ұзақтығы бірінші сатыға қарағанда 10 есе ұзақ.

Адамда стреске төтеп беретін дайындық, яғни аутогендік жаттығу болу қажет. Қиындыққа кездессе өзін еркін ұстап, жақсылыққа сендіруге тырысу керек. Оларды жеңу әркімнің психологиялық күйіне, психологиялық саулығына байланысты. Стресс аз болу үшін адам өзі ұнататын сүйікті еңбегімен айналысып, одан рахат алуы тиіс. Саламатты өмір салтын ұстану, мұңаймау, жабырқамау, жағымсыз әсерлерден бойды аулақ ұстау, кездескен қиын оқиғаны дұрыс шеше білу адамның күйзелісін азайтатын профилактикалық шаралар болып табылады. Олардың басын біріктіріп, стрестің психопрофилактикасы деп атайды.

Психопрофилактика релаксация (босаңсу), өзін-өзі сендіру сынды бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, релаксация адамның бойын босаңсытып, керексіз жабырқаудан, өткінші қиындықтан, абыржудан, қобалжудан сақтайды. Релаксация шараларына музыкатерапия, би билеу, ән айту секілді шаралар жатады. Әсіресе үрмелі аспаптар арасында сазсырнай үні адамға ерекше әсер етіп, жанға дауа болып табылады екен. Сазсырнайдың қоңыр әуезі құлақтан кіріп, бойды алып, буын-буыныңды босатады. Бойда жиналған уайым, ащу-ыза, өкпе, теріс энергияны азайтып, көңілге жайлылық сыйлайды. Қоңыр үн, қоңыр дауыс адамның бойына жылулық сыйлап, тулаған көңілді басады, маужыратады. Жанға жайлы музыканың құдіреті деген осы. Бұны дәрігерлер музыкатерапия деп атайды.

Психотерапияның екінші түрі – өзін-өзі сендіру. Бұған аутогенді жаттығуларды жатқызуға болады. Әр адам психологиялық реттеуіш тәсілдерін үйреніп, оларды ретпен қолданып, күйзеліс кездеріндегі өз жағдайының тұрақтылық деңгейін көтеріп, қызмет пен жұмысқа деген қабілетін жақсарта алады.

Қолда бар мәліметтер бойынша, ұзақ өмір жасайтын жапониялықтар басқалар сияқты күнде жаттығу залына бармайды, оның орнына олар үнемі табиғи қозғалысқа итермелейтін ортада болады. Олар көп серуендейді, бақша өсіреді және үйге күтім жасайды. Әртүрлі ауыр ауруларды тудыруы мүмкін стрессті азайту үшін Окинава тұрғындары ата-бабалары туралы естеліктерге күн сайын бірнеше минут бөледі. Диетада өсімдік ақуызы (бұршақ, жасымық және соя) басым болуы керек, етті айына орта есеппен бес рет жеуге болады. Сонымен қатар, жапониялықтар асқазан 80 пайызға толған кезде тамақтануды тоқтатып, дастарқан басынан толық тоймай тұрып кетеді. Зерттеуші мамандар барлық көк аймақтағы адамдар алкогольді қалыпты және үнемі тұтынатынын, бірақ тек шарап ішетінін атайды. Сонымен қатар, Окинава тұрғындары айына төрт рет діни қызметтерге барады және тек жақсы дос, туыстармен араласуға тырысады.

Ағылшын психологі Клер Рейнер психопрофилактиканың проблемаларымен көп айналысып, оны терең талдап, келесі он қағиданы ұсынған болатын:

• Бірінші қағида. Таңертең бар қуатыңызды үйден жап-жақсы күйіңізде шығуға жұмсаңыз. Түс кезінде айнаға қараңыз. Барлығы қалпында ма, соңғы рет – жатар алдында солай істеңіз. Күніге осы менің жағдайым қандай күйде екен деген ой сізді мазаламау керек.

• Екінші қағида. Өз бойыңыздағы кемшілікке орала бермеңіз. Олар дегеніңіз кімде де болса бар. Егер сіз ол мәселеге көп көңіл аудара бермесеңіз, басқалар оны байқамайды.

• Үшінші қағида. Басқаларды артық сынға алмаңыз, әйтпесе ертелі-кеш сіздің сырт қалпыңыз және мінезіңіз де сынға іліне ме деп ойлай беретін боласыз. «Ешкімді сөкпе, сонда сен де сөгілуші болмайсың» деп бекер айтылмаған.

• Төртінші қағида. Басқаларды көңіл қойып тыңдаңыз. Сонда олардың да сіз десе көңілі ерекше болып тұрады. Жұрт көбіне тыңдаушыларды жақсы көреді.

• Бесінші қағида. Ағыңыздан жарылып тұрыңыз. Пейліңіз ақ болсын. Білмегеніңізді білемін деп әлек болып, қулыққа салынбаңыз.

• Алтыншы қағида. Өз төңірегіңізден сізді түсінетін жақсы адамды тауып алыңыз, сонда сіз жалғызсырамайсыз.

• Жетінші қағида. Жасқаншақтығыңызды арақпен кетірем деп ойламаңыз. Егер ашық та ақжарқын болсаңыз арақ-шарапсыз-ақ өзіңізді қоршаған адамдар арасында мерейлі боласыз.

• Сегізінші қағида. Орынсыз именшектіктің кейбір адамдарды жалықтырып жіберетінін де есте сақтаған жөн. Егер сізбен біреу дауысын көтеріп, өктем сөйлеп тұрса, оған өзіңізді кінәлімін деп есептемеңіз. Кім біледі, бәлкім ол адам үшін өз жігерсіздігін жеңудің бір амалы осындай болар деген ойда жүрген болар. Бірақ бұл амалды сіз басқаға пайдалана көрмеңіз. Өктем сөзбен, айқаймен ешкім өзінің мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын бекіте алмайды.

• Тоғызыншы қағида. Өзіңіз күтпеген бір ыңғайсыз іс-жағдайға кезіксеңіз елдің көзінше кісіге кейіп, налымаңыз. Сонда жұрт сізге ерекше ықыласпен қарайтын болады. Өйткені сіз оларға басқалардан артықшылығын сезінуге үлкен мүмкіншілік бердіңіз.

• Оныншы қағида. Не болса содан қысылып, ыңғайсызданып, жалтақтап қызармаңыз. Сонда жұрт сізге онша көңіл аудармайды. Міне, осы келтірілген қағидалар тым күрделі емес. Егер сіз бұл ережелерді өмірде қолдана білсеңіз сіздің сеніміңізді үлкейтіп, оны нықтауға көмектеседі. Онда сіз көп нәрсеге қол жеткізетініңізге күмән жоқ.

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары

медициналық колледжінің оқытушысы,

Тараз қаласы