Адамгершіліктің айнасы
1 наурыз – Алғыс айту күні. 2016 жылы мерекелер тізіміне енгізілген айтулы дата биыл тоғызыншы жыл қатарынан аталып өтпек. Мерейлі мерекенің бірінші наурызда тойлануының себебі – 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын.
Жалпы алғыс айтуды асыл дініміз де құптайды. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)хадисінде: «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды». «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ», дейді.
Енді бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер» деп сахабалары мен үмметін сыйға сый жасауға шақырады.
Қазақ халқы үшін алғыс айту – тек бір күнмен шектелетін мереке емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты. Алғыс – татулықтың тірегі, берекенің бастауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің айқын көрінісі. Бұл қасиетті ұғым күнделікті тұрмыста, дәстүр мен ғұрыптарда, той-томалақ пен жиындарда әдемі өрнектеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әрбір дүбірлі тойда, қуанышты сәттерде ақжарма тілектер ақтарылып, алғыс сөздері айтылып жатады. Мәселен беташар рәсімінде жаңа түскен жас келінге «бағың ашылсын, босағаң берік болсын» деп үлкендер ақ батасын береді. Ал күміс той, алтын той секілді мерейтойларда жасы ұлғайған ерлі-зайыптыларға «қосағыңмен қоса ағар» деп, ұзақ ғұмыр тілейді.
Қазақтың әр сөзінде, әр дәстүрінде алғыстың ізі бар. Бұл – халықтың мейірімділігінің, дархандығының, сыйластыққа негізделген өмір салтының айқын дәлелі. Алғыс – өткенді құрметтеу, болашаққа игі тілек білдіру, жақсыны дәріптеу. Сол себепті Алғыс айту күні – қазақ халқының қанына сіңген қасиетті дәстүрдің жалғасы іспетті.
Елімізде Алғыс айту мерекесі осылайша бір-біріне алғыс айту арқылы аталып өтіледі. Ал өзге елдерде алғыс айту мерекесі қалай тойланады? Мәселен АҚШ және Канада халқы алғыс айту (Thanksgiving Day) күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтеді екен. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығып, жақындарын қуанту үшін түрлі тосынсыйлар ұсынады екен. Ал Германияда алғыс айту мейрамын «Erntedankfest» деп атап, қазан айының алғашқы жексенбісінде егін алқабында тойлайды екен. Келесі жылы да егін осылай түсімді болсын деп ниеттеніп, тамаша табиғат тарту еткен тағдырға алғыс айтады. Дастарқанға жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақыл, Германияның дәстүрлі тағамдарын, өзге де дәмді-тәттілерді қойып, атап өтеді екен. Осы азықтарды мейрам нышаны ретінде дастарқанға қойып, көшеде фестивальдар өткізетіні тағы бар. Корея елінде алғыс айту шарасы 15 тамызға қарай «Чхусок» деген атаумен мерекеленсе, Жапониядағы алғыс айту күні жыл сайын 23 қарашада «Kinro kansha no hi» яғни «Еңбекті бағалау» күні деп аталады екен.
Алғыс айту – адамгершілік пен жан жылуының жарқын көрінісі. Ізгілікке толы бір ауыз жылы сөз жүректерді жақындастырып, сыйластықтың алтын көпірін орнатады. Алғыс білдіру – тек ризашылық қана емес, өзара құрмет пен махаббаттың, шынайы адами құндылықтардың белгісі.
Жылы лебіз айтылған сайын мейірімділік артып, айнала нұрланып, жан дүниеміз ізгілікке толады. Сондықтан тек Алғыс айту күнімен шектелмей, әр күнімізді ризашылыққа, алғысқа толтырайық. Өйткені алғыс – жақсылықтың бастауы, ал шынайы ризашылық білдіру – жандүниенің тазалығы мен кеңдігінің көрінісі.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ