Мәдениет

Шынайы лебіз – жүректен шыққан ізгілік

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Алғыс айту күні – шынайы алғыс пен ыстық ықыластың белгісі» тақырыбында этножәрмеңке ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Аз жақсылық жасағанға да көп рақмет айту – парыз» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Этножәрмеңкеге ұстаздар қауымы мен ардагер ұстаздар қатысты. Жиын барысында жас мұғалімдер ардагер ұстаздарға сұрақтарын қойып, ақыл-кеңестеріне құлақ асты. Іс-шара барысында Тараз қаласындағы №2 орта мектептің 4-5-сынып оқушылары ән әуелетіп, би билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ал «Аз жақсылық жасағанға да көп рақмет айту – парыз» атты әдеби-сазды кешке қатысқан зиялы қауым өкілдері Алғыс айту күнінің маңызына тоқталды. Облыстық «Манас-Ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Абзалбек Ахметұлы айтулы күннің мән-мағынасы мен ерекшелігі туралы бірнеше мысал келтірсе, облыстық «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Викторовна қасіретті кезеңдерді еске алып, қазақ халқының қонақжайлылығына ризашылығын білдірді. Ал Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, ақын-жыршы Ертай Тазабеков жүрекжарды өлеңін оқып, домбыраның сүйемелдеуінде керемет ән орындады. Сонымен қатар жүргізуші тарапынан Алғыс айту күніне байланысты бірнеше сұрақтар қойылып, кеш көркін қыздыра түсті. Одан бөлек «Лабиринт» деп аталатын заманауи ойын ойнатылып, жастардың ой зеректігі байқалды.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ