Жаңалықтар

Жаңа telegram-бот іске қосылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Рамазан айына арналған @MuftyatBot telegram-боты іске қосылды. Бұл қызмет арқылы тұрғындар өздерін толғандырған діни сұрақтарға жауап алып, шариғат мәселелері бойынша ақпарат пен кеңестер ала алады.

Жаңа боттың жұмысын ҚМДБ-ның төралқа мәжілісінде Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Орынхан таныстырды. Оның айтуынша, бұл сервис Рамазан айында мұсылмандардың діни сауалдарына жедел әрі нақты жауап беру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар, пайдаланушылар бот арқылы Рамазан айының күнтізбесін жүктей алады.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Рамазан айының басталу күнін бекіткен болатын. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті ай 1 наурызда басталады. 26-нан 27-не қараған түн – Қадір түні, ал 30 наурыз – Ораза айт мерекесі деп белгіленді.

Бұл бастама әрбіріміз үшін үлкен қолдау болмақ. Жаңа боттың көмегімен азаматтар мешітке бармай-ақ, шариғатқа қатысты маңызды сұрақтарына жауап алып, қасиетті айдың шарттары мен амалдары жайлы кеңірек мағлұмат ала алады.

«AR-AI»-ақпарат