Өмір жолы өнегеге толы
Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан 75 жасқа толды. Кеше облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен мерейтой иесінің «Шер ағаның шекпенінен шықпасам да» атты кітабының таныстырылымы мен бенефис кеші өтті.
Асқарбек Ақылшаұлы Шерхан Мұртазаның ажырамас досы Камал Смайыловқа жазған хатынан монолог оқып, кеш шымылдығын ашып берді. Шерағаның образымен шыққан кеш иесі қоңыр даусымен, зілді сөздерімен келген қонақтардың көңілін елжіретті. Расында Шерхан Мұртазаның сөзден жаңылған, ақиқат жолынан тайған кезі болған емес. Әрі қарай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, журналист Жасұлан Әбдіхалық Асқарбек Ақылшаұлын ортаға шақырып, кітапта баяндалған ерекше оқиғалар турасында сұрақтар қойды.
Әңгіме-сұхбат форматында өткен бенефисте Асқарбек Сейлілханның сахналаған образдарынан Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері қойылым қойды. Сонымен қатар кеш иесінің Шерхан Мұртазамен болған сұхбатынан арнайы бейнеролик көрсетіліп, кеш қонақтары естелік оқиғаларымен бөлісті.
Кеш барысында кітаптың тұсаукесер рәсімі өзгеше форматта өтті. Арнайы сыр сандықты символикалық кілтпен ашу арқылы кітап таныстырылымы өтіп, өскелең жастарға табыс етілді. Осылайша «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыстың оқулық қоры тағы бір құнды кітаппен толықты.
Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Асқарбек Сейілханды биылғы мерейтойымен құттықтап, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ