Биыл 660 мың гектарға дақыл егіледі
Облысымызда наурыз айының орта тұсында көктемгі дала жұмыстары басталады. Маңызды кезеңді ұйымдасқан түрде өткізу мақсатында материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайындалып, агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары бақылауға алынды. Бұл туралы облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов хабарлады.
2024 жылы 488,5 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. 647 мың тонна тәтті түбір жиналып, 597 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді.
Қайрат Көшеновтің айтуынша, өткен жылы ауа райының қолайлы болуы, шаруалардың агротехникалық шараларды жетік меңгеруі мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің арқасында жалпы өнім көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 3 есеге өскен.
Жалпы соңғы 4 жылда 25 мың гектар алқаптан 650 мың тонна өнім жиналса, бұл өнімге фермерлер 1 жылдың ішінде қол жеткізіп, рекордтық өнім алды.
Биыл 660 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 33 мың гектарға көп. Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 55 мың тонна тұқым, 7 317 ауылшаруашылығы техникасы дайын тұр. Үкімет тарапынан 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Бұл – шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізуіне оң әсерін тигізеді.
Сондай-ақ 400-ден аса ауылшаруашылығы техникасын сатып алып, 6,5 пайызға жаңарту көзделуде. 418 мың гектар алқапқа 83,1 тонна минералды тыңайтқыш ендіріледі.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы өңір шаруаларына 3 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2025 жылы шаруаларды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 22,7 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде өсімдікшаруашылығын дамытуға 10,6 миллиард теңге қарастырылған. Соның арқасында өсімдікшаруашылығында 325,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі