Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері марапатталды
27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков және өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.
Іс-шараны жүргізген облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Даста үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін айта келіп, мамыр айында өңірлік XII Азаматтық форумының өтетінін хабарлады.
Алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алып, ҮЕҰ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың билік пен халық арасындағы байланыс көпірі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, ол үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін күшейту үшін олардың билікпен өзара ықпалдастығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып жүрген азаматтар марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы «Phoenix» адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Балжан Абдуллаеваға, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Дятловаға, Байзақ ауданы қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, медиатор Ғаини Көшекбаеваға табысталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің алғысхаттары мен орталық мемлекеттік органдардан келген марапаттар өз иелерін тапты.
Жиын барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев пен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану» орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйым мүшелері өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Айжан ӨЗБЕКОВА