Жаңалықтар

Жамбылдық жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде

Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау бағытында берген тапсырмалары шеңберінде нақты, жүйелі шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда.

Облыста халық санының 30 пайызына жуығын жастар құрайды. 2024 жылы 25 мыңнан аса жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 2 мың жас «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар өңірде 134 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізіліп, жастарға тегін кеңес беру алаңдары ұйымдастырылған. Аталған бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады.

Облыс жастарының ішінде 21 840 азамат NEET санатына жатады. Оларды қолдау бойынша да түрлі шаралар қабылдануда. Мәселен, 2024 жылы оларды қолдау мақсатында «Zhas project» жобасы аясында NEET санатындағы 8 жас 1 млн теңге көлеміндегі шағын гранттардың иегерлері атанса, 10 номинация негізінде 1 миллион теңгеден әртүрлі бағыт бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 582 жас 3,7 миллиард теңге көлемінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған. Бүгінде олар өз кәсібімен айналысып, шаруашылығын жүргізуде.

Жастарды тұрғын үймен қамтуға да баса назар аударылуда. Соңғы 3 жылда «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында 300 жас баспанамен қамтылса, 2025 жылы 140-тан астам жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр.

Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті арттыру. Өткен жылы өңірлік кадрлық резервке 478 адам өтінім беріп, 433 адам тестілеуден өткен. Құзыреттерді бағалау кезеңіне 53 үміткер жолданып, бағалау қорытындысымен 38 үміткер сұхбаттан өтті. 25 үміткер Өңірлік кадр резервіне іріктелді. Бүгінгі күнге резервтен 6 үміткер әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды. Сондай-ақ мәслихат депутаттарының 30 пайызы, қоғамдық кеңес құрамының 10 пайызын жастар құрап отыр.

Өңірде жастардың әлеуметтік және жеке дамуына жәрдемдесуге және жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған 13 «Жастар ресурстық орталығы» қызмет етеді. Онда жалпы саны 423 қызметкер жастармен етене жұмыс жасауда. Қызметкерлердің айлық жалақысы соңғы жылы 50 пайызға дейін көтерілді.

Сондай-ақ, өңірдегі үш жоғары оқу орындарындағы білім алып жатқан 19 мыңға жуық жастармен жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Президентіміздің «Жаңа адамдар» жастар форумында «Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында», деп атап өткеніндей, білімді жастарымыз көп болса, мемлекетіміздің болашағы баянды болатынына сенім мол.

Серік Сәлемов,
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары