Қоғам

МҰҒАЛІМНІҢ МОТИВАЦИЯСЫ

МҰҒАЛІМНІҢ МОТИВАЦИЯСЫ

Ұстаз адамды өмірдің қыр-сырын ұғына қоймаған жасынан бастап оң жолға жетелеп, игі істерге бейімдейтіндігімен де қадірлі тұлға. Дүниеден бейхабар баланы білім-өнерге қызықтыра талпындыру әр мұғалімнің өзіндік шеберлігіне байланысты. Мысалы мені тілшілікке, әдебиет әлеміне құлшынысымды арттырып, бейімдеп келе жатқан ұстазымның қолданған әдісі өзінше бөлек.

Бастапқыда өмірлік саламды табу маған қиын болды. Кейін ойлана келе, қай пәнді жақсы көретінімді іштей бағамдадым. Бірден әдебиет пәні ойыма оралды. Себебі бұл пән мені алуан қырлы жанрлық туындыларымен қызықтыратын. Көркем сөзді кестелеген ақын-жазушылардың ой орамдары баурайтын. Енді әдебиетке қосымша үйірме іздей бастадым. Сол кезде «Жас тілші» үйірмесіне әпкем қатысып жүргенін біліп, оған ілесіп бардым. Қыс мезгілінің бас кезінде «Жас тілші» үйірмесіне жазылуға келдім. Балалар өте көп болды. Үйірмеден дәріс беретін мұғаліміміз орнымыздан тұрғызып, өзімізді таныстыруды сұрады. Қасымда тағы бір қыз бар еді. Ол өзін таныстырып болған соң кезек маған келді. Сонда апайым маған қарап «Сені мұнда Құдайдың қай желі айдап әкелді?» дегенде денем қалтырап, сөйлей алмай қалдым. Апайымның адуынды сөзінен үркіп қалдым. Алайда бетім қайтпады. Көзімдегі ұшқынды көрген-ау, шамасы. Кейін білдім ғой, апайым осылай мені сынағысы келіпті. Бір ауыз сөзімен сілкіп, қаншалықты өзіме сенімді екенімді байқамақ болыпты. Ақындардың өлеңдерін демде-ақ жаттап алып, өзімнің әдебиетке құштар екенімді, әдеби шығарма оқығанда мәнерімен жеткізе алатынымды көрсетуге тырыстым. Сөйтсем, апайым мені салқын сөзімен сынай отырып, қамшылапты. Жігерлендіргені соншалық, өзімді көрсетемін деп үздіксіз ізденіске қалай түсіп кеткенімді байқамай да қалдым. Бастапқыда сөзбен сынап алған апайым мені бейнеткештігімді байқап, өзіне жақын тартып, бар білгенін үйретті. Соның арқасында көптеген жетістікке жеттім. Республикалық байқаулардан қалыспай жүлделі орындарды иеленд ім. Сон ың бірі – Шымкент қаласындағы алғаш үлкен сахнада өнер көрсетіп, үздіктердің үздігі болып, бас жүлде иеленгенім. Ұстазымыз өзінің шәкіртінің жетістігін көріп, бір марқайып қалды. Апайымның кемеңгерлігі ғой, тек білімімізді ғана дамытпай қайғымызға да, қуанышымызға да ортақтаса біледі. Алматы қаласына жарысқа барып, ол жерден де 1-орын иеленіп жүлделі қайттым. Ұстаз мәртебесінің қаншалықты биік әрі қасиетті екенін осыдан-ақ көруге болады. Дүниедегі мамандықтың төресі ол – ұстаздық. Себебі ол барлық мамандық иесін тәрбиелеп шығарады. Көкке ұшқан ғарышкер де, темірден түйін түйген ұста да, қу алқапты жандандырған диқан да, тіпті еш қиындықтан қорықпайтын күрескерде мұғалімнің алдынан тәлім-білім алады. Сондықтан барлық адам ұстаз алдында бас иеді. Алғашында мені сынағанымен жарқын болашығыма жол ашқан ұстазыма алғыстан өзге айтарым жоқ. Білім қайнарымен молынан сусындатып, өмір мен өнер жолына жетелеген ұстаздың жылы жүзі, аялай тұрып жігерлендіретін сөзі әрқашан жүрегімде.

Гүлім МІРӘЛІ, Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Жас тілші» үйірмесінің оқушысы Тараз қаласы