Жаңалықтар

«Отбасы берекесі» оқырманға жол тартты

Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазының «Отбасы берекесі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Басқосуға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және мәдениет, білім салаларының, сондай-ақ жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әлі де сиясы кеппеген кітап ең алғаш болып тараздықтардың қолына тиіп отыр. Бұл шығарма қоғам қайраткерінің үшінші кітабы.

Қазақ отбасының ұлттық ерекшелігін ұрпақ сабақтастығымен жалғап, ойды тереңінен қозғайтын маңызды еңбегінде автор отбасы құндылықтарының беріктігін қамтамасыз етудің түрлі жолдарын ұсынған. Сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту жөніндегі өмірлік тәжірибесімен бөліседі.

– Соңғы жылдары ел ішін аралап, «Отбасы берекесі» және «Мемлекеттік тілді қолданысқа енгізу» тақырыптарында дәріс оқып жүрмін. Дәрісімді тыңдаған жұрт «Керемет тақырыптарды қозғадыңыз, осы айтылған ойларды жадымызда сақтап қалу үшін кітабыңызды оқығымыз келеді» деп өтініш білдірді. Сол өтініш негізінде осы кітапты жазып шықтым. Кітапта енген шығармаларымда шаңырақ көтеріп, отбасы болған отағасы мен отанасының жауапкершілігі кеңінен сөз етілген.

Қыз баланы отбасылық өмірге дайындау – үлкендердің міндеті. Еңбегімде әлі табалдырық аттай қоймаған жасөспірім қыздың келінге айналғанда қандай ережелерді білуі шарт екенін түсіндіруге тырыстым. Үйленуге бет бұрған бозбаланың жарының, жалпы тұтас бір отбасының алдындағы міндетіне тоқталдым. Бұл бірінші тарау. Ал екінші тарау отбасылық қарым-қатынасқа арналды. Мұнда жалпы ерлі-зайыпты, ата мен ене, келін мен ененің арасындағы татулықтың қандай болуы қажеттігі айтылды. Ал үшінші тарауда бала тәрбиесіне көңіл бөлдім, – дейді автор.

Кітаптың тұсауын педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова кесті.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ