Жаңалықтар

Дзюдодан Қазақстан чемпиондары анықталды

Тараз қаласында 2005-2007 жылы туған қыздар мен ұлдар арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды.

Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 557 спортшы қатысты. Бапкерлердің айтуынша, ел біріншілігі әлем және Азия чемпионаттарына дайындықтың маңызды кезеңі.

Ал төрешілер мықтылардың мықтысы күштерін сынаған сайыста бағалау оңайға түспегенін айтады.

Турнир нәтижесі бойынша жамбылдық спортшылар толайым табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, қыздар арасында Аружан Данайбек (48 келі) алтыннан алқа тағынса, Ділназ Досберген (63 келі) күміспен күптелді. Ардақ Нұрсақ (57 келі) пен Гүлдана Мәрлен (70 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. Ал ұлдар арасында 100 келі салмақ дәрежесінде Бибарыс Раис қола жүлде иегері атанды.

Сонымен, жекелей жарыстар нәтижесі бойынша Алматы қаласы 3 алтын, 1 күміспен көш бастады. Екінші орынға 3 алтын медальмен Қостанай облысы көтерілсе, 2 алтын, 2 күміс, 2 қоламен Алматы облысы үздік үштікті түйіндеді.

Чемпионаттың соңғы күнінде спортшылар аралас командалық жарыста үздіктерді анықтады. Бұған барлығы 16 команда қатысты. Атырау облысының құрамасы топ жарып, Қазақстан чемпионы атанды. Финалист Жетісу облысының спортшылары күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал Шымкент қаласының құрамасы мен Алматы облысының жас дзюдошылары қола жүлдені теңдей бөлісті.

Жарыс қорытындысына сәйкес 2025 жылы өтетін Азия және әлем чемпионаттарында Қазақстан намысын қорғайтын жастар құрамасы жасақталады.

 

«AR-AI» ақпарат