Білім

Қисса жанрын қайта түлеткен қаламгер

Ғалым-жазушы Меңдібай Әбілұлының «Тұмар патшайым туралы қисса» деп аталатын шығармасы 2006 жылы Қожа Ахмет Иасауи атындағы қазақ-түрік университеті Тараз институты жанынан жарық көретін «Иасауи тағылымы» атты газетке ең алғаш рет жарияланған. Сол кезде студенттердің сүйіп оқитын шығармасына айналғаны тарихи шындық. Әсіресе, филология факуьтетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарында сырттай және күндізгі бөлімдерде оқитын ұзын саны мыңға жуық студенттердің қолына тиген газеттегі «Тұмар патшайым туралы қисса» олардың ой өрісінде шынайы серпіліс тудырды. Олар қисса жанрының қайта түлеуіне атсалысып, әрі күнделікті қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқитын Меңдібай ағайдың мұндай шығармашылық қасиетке ие екенін мақтанышпен тілге тиек етіп жүрді.

Мәселен, сақтардың батыр әйелі Тұмар туралы қиссасы ХХІ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі реалды құбылыс болған. Құбылыс деп отырғаным, Меңдібай  Әбілұлы о баста қисса жанрын қайта түлетуге барын салды. Бірнеше қиссалар жазды, ол шығармалар 5 томдық болып, Халықаралық Тараз университеті жанындағы Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығынан басылып шықты.

«Тұмар патшайым туралы қисса»  сақтар туралы жазылған қиссалардың ең алғашқы  нұсқасы еді.  Көнеріп бара жатқан қисса жанрын қайта түлетуде қажырлылықпен еңбек еткен жазушы М.Әбілұлы сақтардың атақты философына айналған  Анарыс Қоңырұлы туралы да «Анарыс Қоңырұлы туралы қисса» атты шығарма жазды. Сөйтіп, қаламгер  сақтардың тарихи тұлғалары туралы алғаш рет әдеби шығармалар (қисса) жазып, оқырмандарын елең еткізді.

«Тұмар патшайым туралы қисса» шығармасының  кейіпкерлері-Тұмар, парсы патшасы Кир, Кирдің бас уәзірі Тони, Керзі (Кирдің кеңесшісі), Тұмар патшайымның ұлы  Спарганис.

Қиссада Кирдің басын кесіп алып, қанға толы торсыққа салған. Осы тұста  Тұмар патшайым былай дейді:

                    «... Осыны айтып патшайым,

                    Қанға толған торсыққа,

                    Кирдің басын салды да,

                    Айбарланып тым қатты,

                    Былай деп оған үн қатты:

–Өлтірдің жалғыз ұлымды,

                    Аспандағы Күнімді.

                    Анталап келдің еліме,

                    Кеудеңнен басың жұлынды,

                    Қаншама боздақ қырылды.

                    Қаншама елім бүлінді.

                    Тыңдағын асқақ үнімді.

                    Сен басқарған қалың ел,

                    Маған енді жүгінді.

                    Мынау зұлым басыңды,

                    Қанға салып қоямын... (М.Әбілұлы, «Тұмар патшайым туралы қисса». «Отан. Тәуелсіздік. Ерлік»,  Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы әдеби шығармашылық бірлестік мүшелерінің шығармалар жинағы, жетінші кітап, Тараз, 2012 жыл, 168-169-беттер).

«Анарыс Қоңырұлы туралы қисса» атты туындысында  сақ философы Анарыстың  Эллада еліне келіп, грек оқымыстысы Солонмен кездескені, достасқаны  қызықты суреттеледі:

                    «...Эллада жатырқамай төрін берді,

                    Мәдени орындарға көңіл бөлді.

                    «Солонмен кездесемін қалайда»,–деп,

                    Анарыс бір күні көңілденді.

 

                    «Солонға тез кездестір, Құдай!» –депті,

                    «Жүрегім ұнатып тұр, құлай» –депті.

                    Үйін іздеп тапқан соң көп іздемей-ақ,

                    Ол жайлы көп аңызды біледі елі.

 

                    Алыс сақтың елінен қонақ келді,

                    Дос болам деп Солонды қалап келді.

                    Афинының көркі де әдемі екен,

                    Тамашалап көшесін қарап келді.

 

                    Сонда Солон былай деп таңданыпты:

                    –Адамдар қашан қояр аңғалдықты.

                    Әдетте, адам досты Отанынан,

                    Іздеу керек...», –деп сонда таң қалыпты.

 

                    Анарыс қулық істі көздемейді,

                    Солонды тым білмейтін ез демейді.

                    Деді ол: «Солон неге Отанынан,

                    Адал, әрі жақын дос іздемейді?..».

 

                    Солон мұндай жауапты күтпеген-ді,

                    «Дос болсаң, дос болайық, құп!»,-деді енді.

                    Екеуі құшақтасып, төс қағысып,

                    Жайраңдап, қалжыңдасып, үйге енді...» (М.Әбілұлы, «Меңдібайдың қиссалары» (қиссас-и-Меңдібай), бес томдық шығармалар жинағы, Тараз, «Формат-Принт» баспасы, 2015 жыл,  169-170-беттер).        

Тарих ғылымдарының докторы Ислам Қабышұлы «Сақтар және скифтер» деп аталатын ғылыми мақаласында былай дейді: «Грек тарихшысы Геродоттың біздің заманымыздың басында жазылған, тоғыз кітаптан тұратын «Тарихының» төртіншісінде де қазақтардың арғы бабасы саналатын сақтар туралы толыққанды мағлұматтар кездеседі. Мұнда ядарийдің скифтерге қарсы жорығын суреттеумен бірге, Еуроазия тайпалары туралы шолу берілген. «Тарихтың» негізіне парсы мен гректің ауызекі әңгімелері, Геродоттың байқаулары мен одан бұрынғы адамдардың жазбаша нұсқалары алынған, онда, Орта Азия мен шығыс ирандық көшпелі тайпалары «Турлар» деген жинақ атпен берілген. Мұны ғалымдар массагеттер деп жобалайды. Олай болса, сақ туралы мәлімет тек Еуропа жиһанкездері  мен грек тарихшыларының зерттеулерінде Иран шапқыншылығы жайындағы жылнамаларда ғана жол-жөнекей әңгіме болады. Біздің заманымыздан бұрынғы VІ ғасырда Иран патшасының жойқын әскерлерін шөл далаға алып келіп, қырғынға ұшыратып, сақ халқының жаудан аман құтылғанын грек тарихшылары аңыз ретінде ғана таратқан» (Ислам Қабышұлы. «Сақтар және скифтер», республикалық «Аңыз адам» журналы, №23, 2014 жыл, 50-бет). 

Сонымен қатар М.Әбілұлы – роман жанрына да қалам тербеген қаламгер. Жазушының 2023 жылы «Сұр жебе» роман-эпопеясының «Айбалта» деп аталатын бірінші кітабы 2024 жылы, «Семсердің жүзі» деп аталатын екінші ктіабы, «Егеулі найза» деп аталатын үшінші кітабы  баспа бетінде жарық көрді. Бұл романдар сақтардың көне замандардағы тұрмыс-тіршілігі жайлы жазылған кесек туындылар. Шығармаларда сақ-массагеттердің сыртқы жауларға қарсы жанқиярлық күресі қаламгерлік щеберлікпен суреттеледі. Жазушы-ғалым сақтардың әйгілі патшасы Алып Тарғытайдың, Алып Ер Тұңғаның, Зорина патшайымның, Алып Ішбақай мен Тұмар патшайымның балалық шақтары мен есейген соң елдің қорғаны бола алғанын зор шабытпен жазады. Шығарманың бір ерекшелігі – «Айбалта» романында ауыз әдебиеті үлгілерінде кездесетін Алып Қамбардың, Күлік абыздың, аға санғұн Шағырақтың балалық шағы суреттелсе, парсы патшасы Кирдің, сәуегей қария Аспанның, қолбасшы Спитаменнің, Құлан жыраудың бейнелері сомдалады. Романда бұрын-соңды қазақ халқының ауыз әдебиетінде кездеспейтін аңыздар мен ертегілер оқырмандарын  оқыған сайын қызықтыра түседі.

Сондай-ақ, стилі жағынан Махамбет ақынның  «Егеулі найза» толғауы секілді сақтардың жаугершілік тұрмысының жалғасы іспетті  «Сұр жебе» роман-эпопеясының үшінші кітабы «Егеулі найза» деп аталады.  «Егеулі найза» романында сақ дәуіріндегі тарихи  тұлғалар Алып Ер Тұңға, Алып Тарғытай, Саксафар патша, Омарғи патша, Қатпыз патша, Қанышке патша, Сүрен қолбасшы, Тамыр қаған, Дәрбике патшайым, сармат патшайымы Аққағас, парсы патшасы Дарий, грек патшасы Александр Македонский, тағы да басқа   аңыз кейіпкерлерінің тұлғалық бейнесі сомдалады.

Романның бірінші бөліміндегі «Біз тұлпарлары қанатты // Мәңілік жарыққа-Күнге сиынамыз» немесе: «Күн жарық шашқанда // Күн жылу шашқанда // Жүз мыңдағандар // Құдіретті сезінеді...» деген әйгілі «Күнге мадақ» жырынан үзінділер эпиграф ретінде жазылған.  Скиф (сақ) философы Тоқсарының: «Скифтер үшін достыққа адал адамдарға құрмет көрсетуден асқан абырой жоқ», біздің дәуірімізге дейінгі 1500 жылғы Бехистунның: «Суы лайланып ағатын екі дарияның арғы жағында жазық дала басталады.  Осы далада Сақ деп аталатын халық тұрады», сақ философы Анарыс Қоңырұлының: «Көк аспаннан күн күймесі қалай еркін қозғалса, сайын далада скиф керуендері  де солай еркін көшіп-қонады...», Қаржаубай Сартқожаұлының: «Сақтар өздерінің дүниетанымын, ой-арманын тас бетіне қашап, сызып қалдырған...» деген сөздері оқырмандарын жетелей түседі.

«Егеулі найза» романы үш бөлімнен тұрады. Романда ертегілер мен аңыздар желісіне құрылған тарихи оқиғалар, тәлім-тәрбиелік маңызы бар бата беру (Күлік атаның батасы, Құлан жыраудың батасы, Көк Тәңірге жалбарыну), нақыл-ғибратты идеялар жан-жақты талданып берілген. Кітаптың үшінші бөлімінде Александр Македонскийдің әкесі Филипп патшаның балалық шағы, Дафна туралы ертегі, Сократ туралы аңыз, Политамет өзені бойындағы қақтығыс оқиғалары шеберлікпен  суреттеледі.

«Егеулі найза» романында б.з.д, 529 жылы Тұмар патшайымның әскерлерінің жойқын шабуылына ұшыраған парсы патшасы Кирдің өлтірілгені баяндалады. Кирдің кегін аламын деп сақ еліне бет алған парсы патшасы Дарийдың жер қайысқан қалың қолын Шырақ атты сақ жігіті шөл далаға бастап барып, парсы әскерлерін шөлден қырады. Романда Шырақтың ерлігі көркемдік әдіспен шебер суреттеледі.

Қорыта айқанда, Меңдібай Әбілұлының  қаламынан туған, жас ұрпаққа өнеге болатын ірі туындылары болашақта өзінің мәні мен мазмұнын жоймайтын  іргелі  шығармалар. М.Әбілұлы  – келешекте әлі де қазақ әдебиеті мен ғылымына  қомақты үлес қосатын  ірі жазушы. Оның шығармалары болашақ жастарға патриоттық рухта серпін беретін, ұлттық  рухани құндылықтарды, бай мүддемізді байытатын туындылар деп ойлаймын.

 

Эльмира Пертаева,

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті,

филология ғылымдарының кандидаты,

профессордың ассистенті