Үш жүзге тарта жауды жайратқан қордайлық мергенге Кеңес Одағының Батыры атағы неге берілмеді?
1987 жылғы Жеңіс мерекесінде біздің Қаракемер ауылында соғыстан қайтпай қалғандарға арналған «Өшпес Даңқ» алаңының ашылу салтанаты өткен болатын. Ондағы тас тақталарға есімі ойып жазылған 241 боздақтың бірі –316-атқыштар дивизиясының атақты мергені болған Әбіл Нүсіпбаевтың ерлік жолдары мені сол кезден-ақ қатты қызықтырды. Содан бастап соғыста бір өзі үш жүзге тарта жаудың көзін жойған осынау батыр жерлесіміз туралы деректерге ден қойып, дивизияның Алматыдағы, Фрунзедегі (бүгінде Бішкек) мұражайларында болып, сарғайған құжаттар мен газет тігінділерін ақтарып, мергеннің сол кезде көзі тірі қаруластарымен, туыстарымен, көзкөргендермен кездесулердің сәті түсіп еді. Жылдан-жылға батыр туралы жиған-тергенім молая түсуде, тіпті, әлі күнге дейін тың деректер алдан шығып жатыр.
Әбіл Нүсіпбаевтың Алматы облыстық ДОСААФ клубының мұрағатында сақтаулы 1940 жылғы 18 қыркүйекте өзі жазып қалдырған өмірбаянында 1914 жылы Қордай ауданының Қаракемер ауылында кедей шаруа отбасында туғаны жазылған. Ол осында ескіше сауатын ашады. 16 жасында мұрап, 17 жасында бригадир әрі артель комсомол ұйымының хатшысы болыпты. Отызыншы жылдардың басында аудандық комсомол комитеті Әбілді Алматыға оқуға жібереді. Мұнда ол қаланың Ленин ауданындағы №77 мектепте орысша оқи жүріп жұмысқа араласады. 1936 жылы әскери қызметке шақырылып, атты әскер полкінің взвод командирі ретінде Қиыр Шығыста шекара тыныштығын қорғаушылар сапында қызмет атқарады. 1939 жылдың мамыр айында жапон самурайларымен әскери қақтығыстарды басуда ерекше тапсырманы орындағаны үшін Әбіл «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
1940 жылы Ә.Нүсіпбаев Алматыдағы атқыштар клубына кіріп нұсқаушы болып істейді. Ал, 1941 жылы қысқа мерзімді милиция мектебіне түседі. Оны бітіріп үлгермей батыста соғыс өрті бұрқ ете түседі. 316-атқыштар дивизиясы соғыстың бастапқы айларында Талғарда жасақталды. Оны Қырғыз КСР-нің әскери комиссары болған генерал-майор И.В.Панфилов басқарды. Дивизияның көршілес екі республикадағы сан ұлттың өкілдерінен құралған әскери бөлімдері сол жылы күзде Мәскеуде қорғаушылар сапында болғаны тарихтан мәлім. Күші бес есе басым жаумен арпалысып, бүгін-ертең астананы басып аламыз деп өршеленген қандыбалақ фашистердің тұмсығын тасқа тіреп, бетін қайтаруға қатысты. Бұл дивизия құрамынан жүздеген ерлер шықты. Атақты 28 батырының ерлігі бүкіл майданға тараса, аты аңызға айналған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, композитор Рамазан Елебаев та осы дивизияның қаһарман жауынгерлері еді. Ал, құралайды көзге атқан мергендер қатарында Әбіл Нүсіпбаевтың есімі жиі аталатын. Майдандық газеттерде ол туралы жазылған деректер көп.
Міне, «Комсомольская правда» газетінің 1942 жылғы 9 қазандағы нөмірі. Бірінші беттің оң жақтағы жоғары бұрышында оптикалық көздеу приборы бар винтовка ұстаған жауынгердің суреті басылған. Омырауында «Қызыл Жұлдыз» ордені, өңінен өз-өзіне деген сенім мен қайтпас жігері аңғарылады. Суреттің үстінде «Ол 52 немістің көзін жойды!» деген тақырыпша, ал астындағы мәтін:
«Панфилов дивизиясы өзін өшпес даңққа бөледі. Оның жауынгер-гвардияшылары – атқыштар мен артиллеристер, мергендер мен минометчиктер фашистерге аяусыз соққылар беруде. Осы дивизияның орденді мергені аға сержант Әбіл Нүсіпбаев 52 немістің көзін жойды. Оның 25 шәкірті де ондаған фашисті жайпап салды. Олар шетінен өздерінің үйретуші тәлімгері сияқты көздегені мүлт кетпес мергендер. Суретті түсірген В.Гревнев».
Бішкектегі (ол кезде Фрунзе) панфиловшылардың «Жауынгерлік Даңқ» мұражайында дивизиялық «За Родину» газетінің 1942 жылғы 20 қарашадағы нөмірінің фотокөшірмесі қойылыпты. Онда бірінші бетте ірі әріптермен:
«Боевой счет, кто первый убьет 100-го немца!
11 снайперов стребили 864 фрица.
1.НУСИПБАЕВ гв.ст. сержант 88 немца,
2.ЕРЖАНОВ ефрейтор 85 немца» деп көзін жойған жауының санына қарай барлығы 11 мергеннің тізімі келтірілген.
Нақ осында Әбілдің 159 фашисті атып өлтіргенін айғақтайтын мергендік кітапшасы да сақтаулы тұрса, винтовкасы Алматыдағы Орталық мұражайға қойылған екен.
Дивизияның қазақ тілінде шығатын «Суворовшы» газетінің редакторы, соғыстан кейін «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы болған Құрманбек Сағындықов былай деп жазды: «1942 жылы дивизияда аға лейтенант А.Солдатов бастаған мергендер тобы құрылған-ды. Мұның құрамында қазақтар Ә.Нүсіпбаев пен Т.Әбдібеков, орыс В.Худяков, өзбек М.Мадаминов, қырғыз А.Осмоналиев, тағы басқалар болды. Батыр мергендеріміздің оғы жанды нысанаға қаншалықты дәл тиіп жатқаны 1943 жылдың күзінде қолға түскен неміс унтер-офицерінің жауабынан да айқын көрінеді. «Біз өте-мөте совет мергендерінен зардап шектік, талай-талай солдатымыз бен офицерлерімізден айырылдық. Олар дәл атады. Әрқайсымыз минут сайын тітіреп, бас көтеруге қорқамыз, кейде түзге отыруға да зар боламыз» деген екен тұтқын неміс»
Сол жылдың көктемінде мергендер тобының жетекшісі А.Солдатов қаза тапқанда мергендерді басқарған Әбіл Нүсіпбаев сүйікті ұстазы үшін жаудан өш алуға жолдастарының алдында ант еткен-ді. Сол сертін орындап Әбіл екі айдың ішінде 105 фашисті жер жастандырды». («Қазақстан коммунисі», №5, 1975 жыл, 51-бет).
1975 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде (№9) «Ерлік ұмытылмайды» деген тақырыппен майданда түсірілген сурет жарияланған. Сурет астында мынадай жазу бар:
«№2 гвардиялық атқыштар корпусы мергендер тобының командирі Әбіл Нүсіпбаевтың өз қатарларына жаңа қосылған мерген Тұрдыбаевпен ұрыс алдындағы бір минуттық демалысын бейнелейтін мына бір суретін сол сұрапыл соғыс жылдары түсірген едім. Соны Ұлы Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында сіздерге жолдап отырмын. Асыл перзенттеріңіздің ерлігі ешқашан да ұмытылмақ емес. И.Нарциссов, бұрынғы фототілші. Липецк қаласы».
Ұлы Отан соғысы кезінде 2-гвардиялық атқыштар корпусының «Советский гвардеец» газетінің фототілшісі болған Иван Александрович Нарциссовтың тағы бір хаты мен суретін сол жылғы 13 наурызда «Социалистік Қазақстан» газеті де жариялады. Онда майдан фототілшісі бұл суретті 1943 жылдың жазында Калинин майданында Әбілдің неміс офицерін атып құлатқан сәтінде түсіргенін айтады. Одан әрі: «Ә.Нүсіпбаев өзіне берілген винтовкамен 252 жау солдаты мен офицерін және бір самолетін жайратқан-ды. Сол кезде әскери газет-журналдар ол туралы көптеген материалдар жариялағанын жақсы білемін» деп жазды.
Ендігі бір құжат 1943 жылдың жазында «Қаракемер» колхозының сол кездегі төрағасы Омар Құдашбаевтың атына келген хат. Полк командирі, гвардия подполковнигі Уралский мен батальон комиссары Астахов қол қойған ол хатта: «Құрметті колхоз төрағасы, осы хатты колхозшыларға оқып беруіңізді өтінеміз. Сіздердің жерлестеріңіз Әбіл Нүсіпбаев оғы мүлт кетпес мерген. Оның есімі бүкіл майданға белгілі болды. Командование Әбілге өте айлалы жау мергенін торуды тапсырды. Өйткені, Әбілдің онда алынбаған кегі бар болатын. Қаныпезер жау оның командирі, аға лейтенант А.Солдатовты қапыда мерт еткен еді.
Сонымен ол түнде тосқауылға келіп жатты. Мерген жау блиндажы бар екенін көріп қалды. Ол асықпастан жаудың үш офицерін бірдей атып түсірді. Жау мергені де қарап жатпады. Бағымызға қарай оқ Әбілдің темір дулығасына тиіп, самайын жаралап өтті. Әбілдің қимылын байқап та үлгере алмадық, ол маңдайдан аққан қанға қарамай, тез позиция ауыстырып, шалқалап жата қалып биіктегі жаудың екінші мергенін қағып түсірді. Осы ерлігі оны зор даңққа бөледі. Біз оны жоғары наградаға ұсындық. Ол тек бір айдың ішінде ғана 64 фашистің көзін жойды. Ал жалпы 260 немісті өлтірді. Сіздердің осындай ұл өсіргендеріңізге Отан атынан рахмет! Біздің осы хатымызды Әбілдің туыстарына табыс етіңіз. Неміс басқыншыларына өлім келсін!»
Бұлтартпас құжаттардан бөлек, Әбілдің қандыкөйлек қаруластары да дивизия мергендерінің көшбасшысы туралы кезінде ықыластана әңгімелеп берген болатын. Фрунзелік Айдархан Ахметов 316-дивизияның 23-атқыштар полкінің партбюро хатшысы болған, отставкадағы полковник: «Әбіл полктегі жалынды коммунистердің бірі болды. Партбюроның тұрақты мүшесі. Өзі кішіпейіл, жолдастарына қамқор болатын. Ал қапысыз мергендігі бүкіл дивизияға аңыздай жайылды.
1943 жылы маусымда мені полк штабына шақырды. Комиссар, аға политрук Мұхамедияров: «Фрунзеге баруға жинал, қасыңа таңдаулы бір адамды ерт», деді. Менің таңданысымды байқап:
Мен көп ойланып жатпастан:
Жазып алып қалды. Мен дайындыққа кірістім. Аздан соң қайтадан шақырып, Ә.Нүсіпбаевтың Алматыға баратын делегаци құрамына енгенін, ал менің генерал Панфиловтың қызы Валяны (Валентина Ивановна) ертуім керектігін айтты. Сонымен Акашев деген рота командирі, тағы бір адамның атын ұмыттым, Әбіл үшеуі Қазақстанға, ме Валя екеуміз Қырғызстанға баратын болып бесеуміз бірге жолға шықтық. Панфиловтың қызы медсанбатта медбике болып істейтін. Шынын айтсам, халіміз онша оңып тұрған жоқ еді. Соғыстың аты соғыс, азып-тозғанбыз. Әсіресе, Валентина қатты титықтаған, өзі жас, генералдың қазасы бір жағынан еңсесін езіп жіберген-ді. Москвада екі күн кідіріп қалдық, сонда Валя бір-екі рет әскери тәртіппен дұрыстап сәлем бермегені үшін патрульдерден ескерту алған еді. Тағы бірде оны, тіпті, комендатураға алып кетіпті. Кешіге берген соң соңынан Әбілді жібердім. Ол біздің алғы шептен елге қысқа мерзімге бара жатқанымызды, тоқтатуға болмайтынын айтып жатып Валяны ертіп келген болатын.
Бесеуміз пойызбен Луговойға дейін бірге келген соң, екі жаққа бөліндік. Бізді елге жібергендегі басты мақсат – күндіз еңбекшілерге: «Бәрі жақсы, әлі-ақ біз жеңеміз» деп рухын көтергенімізбен, түн ішінде майдандағы ауыр жағдай, тылдан көмек ұйымдастырудың қажеттігі туралы коммунист басшыларға арналған құпия хатты оқып беру болатын...».
Майдангер бізге бұл әңгімені аурухана төсегінде отырып айтқан еді. Сұм соғыстан алған жарақаттары кейде солай мазалап қоятын. Бір қызығы сол жолы екі төсектік палатадағы екінші адам да панфиловшы болып шыққан. Отызыншы полкте қызмет еткен Тұңғышбай Апбасов та Әбілді жақсы біледі екен, біздің қолымыздағы суретінен жазбай таныды.
– Әбіл қалай құрметтеуге де лайықты. Оның командасындағы мергендер бүкіл дивизияның мақтаны болды. Менің естуімше олардың туған айылдарында мектептерге, көшелерге аттары берілген, музейлері ашылған. Әбілге де сондай құрмет керек...
Жылдар қатпарында қалған сол кездесуде қос майдангер жорық жолдарын еске ала отырып мергендер туралы талай жайларды ортаға салып еді. Әсіресе, үш мерген – Төлеуғали Әбдібеков, Әбіл Нүсіпбаев және Мамадалы Мадаминов ерекше көзге түскенін айтты. Алматыдағы атқыштар клубынан таныс Төлеуғали мен Нүсіпбаев соғыста да жұп жазбас дос болды. Екеуі де сұңғақ бойлы, аққұба өңді, бір-біріне ұқсас екен. Бір өзі 397 фашистің көзін жойған Т.Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше мәрте ұсынылғанымен, әкесі «халық жауы» болған деген себептен бе, жоғары награда оған бұйырмаған. (Кеңес Одағы бермеген Батыр атағын Тәуелсіз Қазақстан берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылы Жеңіс күні қарсаңында Т.Әбдібеков пен жамбылдық тағы бір сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовке Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін «Халық қаһарманы» атағы беріліп, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені ұрпақтарына тапсырылған болатын). Т.Әбдібековтың айрықша ерлігінде Әбілдің де үлесі болғаны даусыз. Олар көбінше бірге жүрді, неміс мергендерінің жасырынып жатқан жерін білу үшін бірі ағаш қуыршаққа дулыға кигізіп арлы-берлі қозғалтатын, екіншісі винтовканың оптикалық құралымен қас қақпай аңдып жатып, қылт еткенді қалт жібермейтін. Мұндай айладан жаудың құтылуы қиын-ды.
Әбіл Нүсіпбаев та үш жүзге тарта немісті жер жастандырды. Бұл санды қайдан алып отырмыз? Хронологиялық ретпен қолдағы деректердің өзінен біраз жайға қанығамыз. Жоғарыда айтқанымыздай, 1942 жылғы 9 қазандағы «Комсомольская правда» газетінде Әбілдің 52 немісті өлтіргені жазылса, сол жылдың қараша айында жарық көрген дивизиялық «За Родину» газетінде бұл сан 88-ге өскен, Бішкектегі біз көрген мергендік кітапшасында 159 немісті өлтіргені тіркелген. Екінші гвардиялық атқыштар корпусының (Панфилов дивизиясы да осы корпустың құрамында болды) «Советский гвардеец» газетінің фототілшісі И. Нарциссовтың Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған естелігінде Әбілдің 252 жау солдаты мен офицерін және бір самолетін атып түсіргені туралы айтқанын, сондай-ақ, полк командирі мен батальон комиссарының 1943 жылы жазда ауылдағы колхоз бастығына жазған хатындағы Әбілдің 260 немісті өлтіргені туралы мәліметті еске алайық. Әбіл одан соң да қаза тапқанға дейін бірнеше ай соғыста болды ғой. Ал, мергендік кітапшадағы жазуларды оларды сырттан бақылаушы ерекше бөлімнің адамдары толтыратынын ескерсек, бұлар ойдан алына салған сандар еместігін көреміз. Өкініштісі сол, екі арыс та бірінің соңынан бірі қаза тапты.
– Алдымен Әбіл опат болды. Ол кезде мен жараланып госпитальда жатыр едім, – деген еді Ахметов. – Қайран мерген минаға ұрынып оң қол, оң аяғынан ауыр жараланыпты. Командирінің винтовкасын Төлеуғали Әбдібеков қабылдап алады. Ал Әбдібековтың қаза табуына кейіннен өзім де куә болдым. Неміс мергені темір дулығасыз сәтінде дәл көздеп маңдайынан тигізген. Винтовка бұдан соң қатарға қосылған Осмоналиевке тапсырылады. Соғыстан кейін Алматыдағы Орталық мұражайға сақтауға қойылған ТВ-2916 нөмірлі сол қасиетті қаруды тоқсаныншы жылдардың басында менің де арнайы барып көріп, Әбілді жақсы білетіндерден Валентина Ивановна Панфиловамен жүздесудің сәті түскен-ді. Ол дивизия ардагерлерінің алматылық тобы президиумының хатшысы екен. Майдандық суреттеріндегідей албырт емес, біршама егде тартқан. Ол да аяғын алған кеселді ауырсынып бізді үйінде қабылдады.
В.И.Панфилова да соғыстың қызған кезінде елге келген сол сапар жайын бүкпесіз әңгімелеп еді. Олардың әрқайсысына ерекше құпиялы хаттар тапсырылыпты. Оны тек түн ішінде коммунист жетекшілерге ғана оқып беруге тиіс болған. Хатта майданның ауыр жағдайы, оқ-дәрі, ас-ауқат тапшылығы ашық айтылған. Тылдан көрсетілер жәрдемді күшейту сұралған. Ал күндіз заводтар мен фабрикаларда, егіс басында, қырмандарда еңбекшілермен кездесудер өткізіп, панфиловшылардың ерлікке толы шайқастары туралы көтеріңкі лепте айтып, жұртқа жігер берген. Солардың сапында Әбіл де өз командасындағы мергендердің ерліктерін паш еткен.
Мен мұрағаттан «Социалистік Қазақстан» газетіні 1943 жылғы 6 шілдедегі санын алдырып қараған едім. Газеттің тұтас екінші бетінде «Ел сенімін ерлікпен ақтаймыз» деген тақырыппен майданнан келген панфиловшылар делегациясы мүшелері өздерінің жорық жолдары жайлы баяндапты.
Осы бетте Әбіл Нүсіпбаевтың суретімен қоса «Тәсіл-айла – тапқырлық» деген мақаласы беріліпті. Онда былай делінген:
«Мерген болу оңай емес, ең ақыры аң аулауға да шеберлік, тәсіл-айла керек. Айлаңды асырып, тәсіліңді өткізіп, тапқырлық жасамасаң қоянды да қолға түсіре алмайсың. Мерген аталарымыз жалғыз қурайды жамылып бір бұтақтың тасасын таудай қалқан қылып атады екен. Оның үстіне атуды білу, жатуды, көлбеуді білуде көп мән бар.
Бір күні Төлеуғали Әбдібеков екеуміз тосқауылға шықтық. Жатқан жерімізді жан біліп болар емес. Шөп пен шөп болып алғанбыз. Немістер де қарап жатқан жоқ, олар да бізді аңдуда. Қалт етсең болды, мүлт жібермейді. Сондықтан да, оларды алдап түсіру арзан айлаға түспейді. Олар да білінбеске тырысып, жапырақты жамылып жатып алды. Біз төрт аяқты арбашық жасап алғанбыз. Үстіне бөренеден кесіп жасаған «адамды» отырғыздық. Басына каска, үстіне шинель кигіздік те, екі жағына екі ұзын телефон сымын байлап, екеуміз кезек-кезек тартып отырамыз. Бірде маған қарай, бірде Әбдібековке қарай ырғатылып жүріп тұрған «адамды» неміс мергендері төпеп атып жатыр. Бірақ, олар «ағаш адамды» құлата алмады. Оқ болса төбемізден сыртылдап өтіп жатыр. Міне, біз осы әдіспен олардың қайдан атып жатқанын біліп алдық та, қарсы шабуылға көштік. Осы жолы айлалы екі неміс мергенін қалпақтай ұшырдық. Қос орденді аға сержант Әбіл Нүсіпбаев.»
Панфиловшымергендердің мұндай қулықтары жайлы сол жылдарда жауынгер-жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың де өз аузынан естіген болатынбыз. Әбілмен соғыста талай рет кездескенін, оның ержүрек солдат, қайырымды жолдас болғанын еске түсірді. Ол өзінің майдан естеліктерінің біріне мергендердің соғысу тәсілін арқау етіпті. Қордайлық мергенді жақсы білгендердің тағы бірі – талай жыл бірге қызметтес болған ардагер ағамыз, жауынгер-журналист Жапар Көпбаев еді. Ол Әбілмен майданда, тіпті жақын жүріпті. Содан да мерген туралы айтарыкөп болатын. Бірде алғы шепке дивизиялық газеттің тілшісі Жекен Жұмақанов келіп ерліктері майданға жайылған Ә.Нүсіпбаевпен жолықпақ болғанда оны мергеннің атыс ұясына қалай ертіп барғанын, ал Әбілдің ұзақ аңдып жатып екі немісті атып түсіргеніне жазушы екеуі қалай куә болғанын баяндаса, келесіде өзге ерліктерін айтудан жалықпайтын. Әлгі оқиғаның негізінде Ж.Жұмақанов «Суворовшы» газетіне «Сәтті атылған екі оқ» деген очерк жазды.
Панфилов дивизиясының бұрынғы полк комсоргі, гвардия капитаны Жапар Көпбаев кейіннен атақты мерген жерлесі туралы газет беттерінде аз жазған жоқ. «Біздің ерлік жолымыз» атты естеліктер кітабында Әбілге тұтас бір тарау арнаған. Сондай-ақ, соғыс өртінің қалың ортасынан оралған жауынгер-жазушылар Балтабек Жетпісбаевтың «Жорық жолдары», Қасым Шәріповтың «Қаруластар», И.Пегостаевтың «Во имя жизни», Н.П.Нищуктың «Великие не умирает» т.б. авторлардың кітаптарындаӘбіл Нүсіпбаевтың ерліктері еске алынатын беттер аз емес.
Әрине, ойланарлық-ақ жай. Қалай дегенмен де бір нәрсе айқын. Бүкіл дивизияның маңдайалды мергендерінен саналған Әбілдің жоғары наградаға ұсынылмауы мүмкін емес сияқты. Іздестіре, сұрастыра түссе Ә.Нүсіпбаев туралы тың деректер табудың мүмкіндіктері әлі де бар екен. Тіпті, онымен сонау 1939 жылы Халкин-гол шайқасында бірге болған ұзынағаштық Кіндікбай деген қарияның барын білген едік. Ал осыдан он бес жылдай бұрын ғана бұған дейін белгісіз болып келген мергеннің жерленген жерінің нақты дерегі табылғаны ше. 1943 жылы жазда елге келіп қайтқаннан кейін майдандағы Әбілден көп ұзамай «Жаралымын, бірақ қорқынышты емес» және «Москваға госпитальға ауыстырылдым» деген бірінің артынан бірі екі хаты, одан соң көп ұзамай қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келген. Ол кезде туыстарының Әбілдің қайда жерленгенін індете іздестіруге мүмкіндігі болмаған. Тек, арада алпыс екі жыл өткенде ғана оған қол жетті.
Алты ағайынды Ә.Нүсіпбаевтың сол кездері көзі тірі бауырларының бірі – қарындасы Орындық болса, оның қызы Эльмира мен күйеубаласы Лесбек көптен Мәскеудеқызмет ететін. Сексен төрттегі егде жасына қарамастан қарт әже 2004 жылы жазда немерелерімен Ресей астанасына жол тартып, онда бір айдай болғанда қарап жатпай балаларына Әбіл ағасының дерегін іздетеді. «Москваға госпитальға ауысып келдім» деген хаттың ізімен келген «қаралы қағаз» осыған негіз еді. Мәскеудің госпитальдарын, бауырластар бейіттерін түгел ақтарып шығады. Ақыры табады. Ұлы Отан соғысының Орталық мұражайында сақтаулы соғыста қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің «Естелік кітабының» 16-томынан. Оның 242-бетінде:
«Нусупбаев Абиль, род. 1914 г.Родственники Курдайский р/н, Джамбульской обл., Казахстан. Младший лейтенант. 140 сп сд. Умер 14.10.1944 г. в ЭГ «5007 Кремирован» деп жазылған дерек кездеседі. Міне осы бойынша іздестіргенде батырдың денесі Преображенское зиратының бірінші Донской крематорийінде өртеліп, бауырластар бейітіне қойылғаны мәлім болады.
Бір қол, бір аяқтан айырылып, өзінің молақ қалпына қорынған ол: «мені терезе алдына шығарыңдаршы, табиғатты тамашалайын» деп госпиталдың биік терезесінен әдейі құлап мерт болыпты деген де сөз бар.
Тағы бір тың дерекке назар аударайық. Ә.Нүсіпбаев туралы біз білетіннің бәрінде ол аға сержант делінетін. Ал, Мәскеуден алынған соңғы мәліметтерде кіші лейтенант деп тұр.Бұл қалай? Бәлкім соғыстың алдында милиция мектебін әне-міне бітірмекші ол офицер шенін алып үлгерместен соғысқа кетіп, шені кейіннен берілген болды ма екен? Бұл да болса қордайлық батыр туралы анықтайтын жайлардың әлі де бар екенінің айғағы.
Иә, атақты мерген туған топырағына оралмады. Бірақ, оның есімі ел есінде. 1992 жылы жерлестері туған ауылындағы орта мектепке және ауылдың бір көшесіне есімін берген. Мектептің ауласына ескерткіші орнатылып, 2014 жылы батырдың туғанына 100 жылдығы атап өтілген. Тек, кеңестік Батыр атағы берілмеді? Неге? Басқаны былай қойып Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаевтай ұлт батырларының ерлігіне көз жұма қарап, елеусіз қалдыруға тырысқан кеңестік сұрқия саясат, орыстық шовинизмнің салдары ма?
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қордай ауданының Құрметті азаматы