Республикалық айтыстан қалыс қалмаңыз
Рухани сарқылмас қазына, асыл мұра қалдырған қазақтың маңдайына біткен алып тұлға Жамбыл Жабаев айтыс өнерін биік деңгейге көтерді. Баба ұлағатын болашақ ұрпаққа жеткізу бүгінгі қоғамның басты мақсаты болғандықтан, жыл сайын жыр алыбының туған күніне орай Тараз төрінде республикалық айтыс өткізу дәстүрге айналды. 2018 жылдан бері қалыптасқан игі дәстүрден жаңылмай, «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы 28 ақпан күні «Баласағұн» орталық концерт залында өтетін болады.
Облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбековтың айтуынша, айтысқа дайындық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әрбір ақынның шығармашылық әлеуетін толық ашуына мүмкіндік жасау мақсатында барлық жағдайлар қарастырылуда.
– «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» айтысы республикалық ауқымда өткелі отырғандықтан, еліміздің түкпір-түкпірінен сөз сүлейлері қатысады. Қонақ болып келетін аузы дуалы, ойы жүйрік 10 ақынның арасында есімі қазақ жұртына мәшһүр ақындар көп. Мысалы, Түркістан облысынан Қалижан Білдәш, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовов, Батыс Қазақстаннан Жансая Мусина, шығыстан Серік Қуанған, солтүстіктен Рауан Қайдаров және Рүстем Қайыртай сынды от ауызды, орақ тілді ақындар қатысады. Ал облысымыздың атынан ұлы тәжірибелі ардагер ақынымыз Алтынкүл Қасымбекова өнер көрсетеді. Сонымен қатар, жас айтыскер Рай Дөңбай да қалыс қалмайды. Әсет Дүйсебаев та қыз-жігіт айтысының хас шебері. Республикалық айтыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Нұрлыбек Құрманов болса, қазақ-қырғыз айтыстарында үнемі жоғары деңгейде өнер көрсетіп, мықтылығын дәлелдеп жүр.
Айтыс – қара күшке көнбейтін, шеберлік пен дайындықты қажет ететін ұлы өнер. Сондықтан алдын ала бір ақынды мықты, бірін осал деп айта алмаймыз. Мықты деген ақынның сөзінен сәл осалдық байқалса, айтыс барысында жеңіліп қалуы да мүмкін. Бірақ, 4 ақынның да сахнада өз өнерін көрсететініне сенімім зор, – дейді Ахметжан Орынбасарұлы.
Ал облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Арслан Қазантаев дәстүрлі айтыстың жоғары деңгейде өтуі үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Айтысқа дайындық барысы алдымен ереженің бекітілуімен басталды. Ереже облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің келісімімен ресми түрде бекітілді. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлының бастамасымен айтысты ұйымдастыру, өткізу жоспары жан-жақты нақтыланды. Жоспар негізінде облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры тарапынан ішкі ұйымдастыру жүйесі қалыптастырылды.
Қазіргі таңда басқа облыстардан шақырылған мәртебелі қонақтарды күтіп алу, оларды орналастыру және айтыс аяқталған соң құрметпен шығарып салу мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылып, нақты іс-шаралар белгіленуде. Алайда дайындықтың ең өзекті бағыты – айтысты тұрғындар арасында кеңінен насихаттау. Бұл мақсатта өткен аптада Тараз қаласының орталық көшелерінде әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, халықтың қызығушылығы мен ықыласы сарапталды. Сонымен қатар, өңірлік телеарналар, баспасөз беттері және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жұмыстары жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда. Айтыс өтетін орынды безендіру ісі де мұқият қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ақпанның жиырма жетісінен бастап айтысқа арнайы шақырылған меймандардың алғашқы легі қалаға келіп, орналастырылады. Биылғы айтыстың маңыздылығы – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуі. Осыған орай, орталықта орналасқан Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қою рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығында белгілі ақын Серік Қалиевке арналған арнайы бұрыштың салтанатты ашылуы өтеді.
Биылғы айтыстың басты ерекшеліктерінің бірі – жүлделі орындардан бөлек, қазақ руханияты үшін маңызы зор екі тарихи тұлғаның мерейтойына арналған арнайы жүлделердің тағайындалуы. Атап айтқанда, халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай және айтыскер ақын Ұлбике Жангелдіқызының 200 жылдығына арналған арнайы сыйлықтар беріледі.
Осылайша, айтысқа дайындық жұмыстары жан-жақты пысықталып, жоғары деңгейде ұйымдастырылуда, – дейді Арслан Қазантаев.
«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты республикалық сөз бәйгесіне айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов биыл төртінші рет қатысқалы отыр. Жамбылдық жыр жүйрігі облыс намысын асқақтату мойнына артылған үлкен міндет екенін, биыл айтыссүйер қауымды өрелі өнерімен қуанту үшін барын салатынын айтты.
Ақпан айының 28 жұлдызында өтетін айтыс аламаны осындай ерекшеліктерге толы. Ендеше «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты республикалық айтысын көруге шақырамыз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ