Коктейльді ақ пейілмен сататын қыз
Көркейіп көктем, жадырап жаз келгенде тіршілік жанданып, күннің жылуы да жоғарылай түсетіні табиғаттың заңдылығы екені белгілі. Сол кезде шөлдеуіміз артып, үлкен ас-дәмдерден гөрі шәй мен сусындарды көбірек ішетініміз бар. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде. Сондайда сусындар сататын түрлі сауда орындарының да жұмысы қыза түсетіні жылда өзіміз көріп жүрген көрініс.
Бірақ, жыл он екі ай сатыла беретін сусындар да бар. Ал, сол кезде кейбір сатушылардың жағымды да жағымсыз мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері де байқалып жатады.
Мұны айтып отырған себебім, сондай сатушылардың біріне арнайы тоқталғым келген еді. Ол жол бойындағы дүңгіршектердің бірінде коктейль сататын Кәмиля есімді бойжеткен.
Тараз қаласындағы «Аса» ықшамауданында сауда жасайтын Кәмиляның коктейлін өз басым жиірек ішіп тұрамын. Өйткені, келбеті мен тәрбиесі үйлескен ол қыздың алдына келген адамға (клиент) танытатын ізеті мен ілтипаты және қазақ қызына тән инабаттылығы, көркем мінезі маған алғашқы күннен-ақ ұнап қалған.
«Мен үйіңе барғанда тамағыңнан бұрын қабағыңды бер» - деп, Толе би бабамыз айтпақшы, Кәмиля адамды алаламай бәріне бірдей көңіл аударып, коктельді ақ пейілмен сатады екен. Ол жерде жемістер қосылған коктейльдің тіл үйірер екі-үш түрі бар.
Алдымен жылы сәлемдесіп, сосын нәзік қолдарымен ыдысқа құйған сусынды сыпайы әрі «Ас болсын!» деген сынды ізгі тілектермен ұсынатыны және жылы қоштасатыны да тәнті етеді. Ондай қыздың коктейлінен бұрын пейіліне тоясың. Содан да шығар, сол жерден коктейль ішуге келетіндердің саны көп. Олардың да: «Кәмиляның коктейлін-ай!», деп сүйсіне ішіп: «Мұндай қызды туған анасына рахмет!» деген сөздеріне де сан мәрте куә болғам.
«Адам етке тоймайды, ниетке тояды» деген сөзді аталарымыз осындайда айтқан болар. Сонымен не керек, тағы бір барғанымда Кәмилямен танысып, асықпай сұхбаттасудың сәті түсті. Бірақ ол маған ашылып сырын айтқанымен газетке толық жарияламауымды өтінді. Бәлкім ұялған шығар, кім білсін? Сондықтан мен кейіпкерімнің өтініші бойынша айтқандарын жартылай құпия ұстауды жөн көрдім.
Аузын ашса, жүрегі көрінетін көрікті қыз Байзақ ауданының тумасы болып шықты. Жасы 25-ке жақындап қалған. Бірақ өз жасынан мүлдем жас көрінеді. Отбасында анасы мен әскерден келген інісі үшеуі екен. Інісі қазір құрылысшы болып еңбек етуде.
Осыдан үш жыл бұрын анасы жол апатына түсіп, ауыр жарақаттан соң ауруханада ұзақтау жатып қалыпты. Ауруханадан кейін де бірден оңалып кетпеген анасы әлі де балдақпен жүреді екен. ІІІ топтағы мүгедектігі бар ана зейнет жасына да жетпепті. Ал әкелері болса сол оқиғадан кейін бір жылдан аса уақытта өзге әйелмен отау құрып кетіпті. Ол кезде Кәмиля Тараздағы жоғары оқу орындарының бірінде ІІ курста білімгер екен. Анасының жанында жиі болып, қарайтын ыңғайлы адам табылмағандықтан мейірімді де иманды қыз оқуын тастап кетпесе де сырттай оқу бөліміне ауысыпты.
Бірте-бірте анасы балдаққа тұрып, денсаулығы жақсара бастаған соң Кәмиля отбасының күнкөрісі үшін бір-екі рет саудамен айналысып көріпті.
Саудадан онша хабары да, тәжірибесі де жоқ жас қызға кейбір келеңсіздіктер кедергі болып, жұмысы бірден оң нәтижесін бере қоймапты. Сөйтіп, қиналыңқырап жүргенде оның ниетіне қарай бір жанашыр жандар жолығып, коктейль сатуды ұсыныпты.
Міне, содан бері Кәмиляның осы кәсіптен нәсібін тауып жүргеніне биыл екінші жыл екен.
«Қанағат қарын тойғызады» дегендей, азды-көпті табысыма шүкіршілік етіп, әйтеуір көштен қалмай, ел қатарлы күн көріп жатырмыз. Ең бастысы денім сау және ешкімге қол жаймай әрі оқуымнан шығып қалмай жүрмін. Бұның бәрі адамға берілетін сынақтардың бірі. Әлі-ақ бұл күн де өтер» дейді Кәмиля нұрлы жүзі аздап мұңданып.
«Бақыт деген күрестен тұрады» деп Карл Маркс айтпақшы, аз да болса тағдыр тауқыметін тартып, кейде таршылық көріп жүрсе де пейлін тарылтпай, қайта қаршадай қыздың қайсарлық танытып, ертеңіне үлкен үмітпен қарайтыны мені қатты қуантты.
Сонымен қатар, Кәмиля әңгіме арасында: «Әзірге інім екеуміздің басты жоспарларымыздың бірі – аяулы анамызды білікті дәрігерлерге дұрыстап емдетіп, баяғы жай-күйіне жеткізсек деген ойын да айтып қалды.
(Лайым, Алла тағала дұға-тілектерін қабыл етіп, табыстарының берекесін берсін!).
Сұхбат барысында оның осындай жағдайынан кейін осы жасқа келгенше неге тұрмысқа шықпай жүргені жайлы сұрағымды қоюға дәтім бармады.
Дегенмен, Кәмиляға өзін түсінетін әрі бағалайтын жақсы жар жолығып, жұптары жазылмай бақытты да бай-қуатты ғұмыр кешулерін тіледім. Және Кәмиляға кездесіп әрі ол туралы мақала жазуым биылғы «Жұмысшы мамандар жылына» сәйкес келгенін қараңызшы...
Түсінген адамға азаннан кешке дейін бір орында күннің ыстық-суығына қарамай әрі мінез-құлқы әртүрлі адамдарға коктейль сатып тұру да оңай емес. Сондықтан өз басым мұндай жандарды да еңбек адамдарының бірі деп есептеймін
Айтпақшы, Кәмиляның айтуы бойынша биылғы жылдан бастап, осы сауда орнының , яғни дүңгіршектің иесі өзге сусындармен қатар, ашымық, шалап сынды ұлттық сусындарды да сатуға қойыпты. Алдағы уақытта ешқандай қоспасыз қымыз бен шұбат, боза сусындарын да сату жоспарында бар екен. Мұны естіп мен де қуанып қалдым.
Осылайша табылған жұмысты барынша адал атқарып, жағымды іс-әрекетімен, жарқын мінезімен әріптестеріне де, кейбір замандастарына да үлгі боп жүрген коктельді ақ пейілмен сататын Кәмилямен мен де жылы қоштастым да қандай сатушы болсын және қай кезде де алдымен халыққа жылы қабақ танытса екен деген оймен үйге қарай аяңдай бердім.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист