Жамбылдық студенттердің жарқын жобалары
Қазіргі заман – технологияның қарыштап дамыған кезеңі. Өндіріс пен инфрақұрылымның автоматтандырылуы – экономикалық тиімділікті арттырудың, адам еңбегін жеңілдетудің және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Осы тұрғыда жас мамандардың техникалық білімін жетілдіруі аса маңызды. Бұл бағытта Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттері өз білімдері мен тәжірибелерін ұштастырып, түрлі инновациялық жобаларды іске асыруда.
Солардың бірі – колледждің «Өндірістің автоматтандырылған жүйелеріне қызмет көрсету және жөндеу» мамандығының 2-курс студенті Айбек Коммунарбек. Ол автотұрақтың автоматтандырылған паркингінің шағын стендін жасап шығарды. Бұл жоба студенттерге автоматтандыру жүйелерінің жұмыс істеу принциптерін түсінуге, өздерінің инженерлік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Айбек Абзалұлы бұл бағытқа бірінші курсынан бастап қызыға бастады. Алғашқы курс кезінде ол бағдаршамды «OBEN» бағдарламаланатын логикалық контроллері арқылы басқарудың сұлбасын әзірлеп, оны арнайы стендке енгізген.
Екінші курста Айбек өзінің инженерлік дағдыларын одан әрі дамыта түсті. Ол «WorldSkills Kazakhstan 2024» республикалық кәсіби шеберлік байқауына қатысып, электромонтаж құзіреттілігі бойынша өз шеберлігін көрсетті. Байқауда ол «ONI» бағдарламаланатын логикалық контроллерімен басқарылатын автотұрақтың автоматтандырылған паркингінің электр қалқанын жобалап, оны монтаждау, бағдарламалау және іске қосу жұмыстарын сәтті орындады. Бұл байқау оған үлкен тәжірибе беріп қана қоймай, жаңа идеялармен жұмыс істеуге ынталандырды. Нәтижесінде Айбек өзінің білімі мен дағдыларын пайдаланып, автотұрақтың автоматтандырылған паркингінің шағын стендін жасап шығарды.
Айбектің ерекше стенді төменгі кернеумен жұмыс істейтіндіктен, студенттер үшін қауіпсіз және түсінуге ыңғайлы. Ол нақты өндірістік процесстердің принциптерін түсінуге көмектеседі және болашақ инженерлерге өз білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік береді.
Оқытушылар мен студенттерге пайдасы мол жоба колледждегі автоматтандыру саласындағы білім беру жүйесіне жаңа серпін берді.
Бір айта кетерлігі, өнертапқыш өреннің жетекшісі – әкесі Абзал Мұсабаев. Абзал Коммунарбекұлы жетекшілік еткен жоба студенттерге тек теория жүзінде емес, практика жүзінде де білім алуға мүмкіндік жасап отыр.
Автоматтандыру жүйелерінің дамуы – заман талабы. Өнеркәсіп, көлік, логистика, тұрмыстық қызмет көрсету салалары – барлығы автоматтандыру жүйесіне тәуелді. Сол себепті осындай жобалар тек студенттер үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды.
Айбек Абзалұлының бұл еңбегі техникалық білім беру мен автоматтандыру саласындағы жаңа бағыттардың бірі. Мұндай тәжірибелік жобалар студенттердің инженерлік ойлау қабілетін дамытып, оларды болашақта жоғары технологиялық өндірістерде білікті маман ретінде жұмыс істеуге дайындайды.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің тағы бір талантты студенті, болашақ инженер Даниил Мершиев те өз қолымен «Зерттеуші дрон» құрастырып, ерекше жобасымен көпшілікті таңғалдырды.
Даниил құрастырған дронның басты ерекшелігі – оның жеңіл әрі экологиялық таза материалдан жасалуы. Қаңқасын құрастыруда студент бамбукты қолданды. Бұл материал құрылғының жеңіл болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның беріктігі мен ұшу тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.
Бүгінде дрондар әскери саладан бастап, ауылшаруашылығы, экологиялық зерттеулер мен қауіпсіздік салаларында кеңінен қолданылады. Алайда олардың өндірісі негізінен ірі компаниялар мен ғылыми орталықтардың қолында.
Даниилдің бұл ерекше жобасына Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы, жетекшісі Бауыржан Дауылбаев қолдау көрсетіп, еңбегін жоғары бағалады.
Өнертапқыш өреннің айтуынша, қазіргі нұсқа – алғашқы прототип қана. Ол алдағы уақытта дронның ұшу уақытын ұзарту, бейнекамера сапасын жақсарту және автономды басқару жүйесін жетілдіру сияқты бірнеше жаңарту енгізуді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанда техникалық мамандықтарға деген қызығушылық артып келеді. Жастар тек шетелдік технологияларға сүйеніп қана қоймай, өздері де жаңа нәрселер жасап шығаруға ұмтылуда. Даниилдің жұмысы – осындай қызығушылықтың нақты дәлелі. Оның жасаған дроны студенттердің техникалық шығармашылық қабілеттерін дамытуға ынталандырады.
Жас инженерлердің осындай жобалармен айналысуы – еліміздің инженерлік және техникалық саласының дамуына қосқан үлесі. Қазақстанның автоматтандыру саласындағы болашағы – осындай талантты жастардың қолында!
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист