Есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу фактісін анықтады. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында «MITSUBISHI PAJERO» маркалы автокөлігін тоқтатқан.
Тексеру барысында 51 жастағы жолаушыдан салмағы 1,5 келі болатын «гашиш» есірткі заты табылды. Алматы қаласының тұрғыны жауап алу кезінде тыйым салынған затты Шу ауданының тұрғынынан 170 000 теңгеге сатып алғанын айтты.
Полиция аталған күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Шу ауданы, Жаңажол ауылының 47 жастағы тұрғыны болып шықты.
Күдіктінің үйінің ауласындағы шаруашылық ғимаратын «Макс» атты қызметтік иттің көмегімен тінту кезінде елек, жасыл түсті өсімдік тектес заттардың үгіндісі бар ыдыс тәркіленді.
Сондай-ақ, қарама-қарсы орналасқан қараусыз қалған үйде тінту жүргізіліп, салмағы 26 келіден асатын гашиш пен 143 келіден асатын кептірілген марихуана бар полиэтилен қаптар табылды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, істің толық мән-жайлары анықталуда.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі