Батагөй ақсақалдар бақ сынады
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы мен «Ауыл» партиясының обылстық филиалы және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты облыстық батагөйлер байқауы өтті.
Ата-бабамыздың байырғы салт-дәстүрін, даналарымыздың ұлағатты, ғибратты сөздерін жаңғыртып, әдет-ғұрыпты дәріптеу, сөздің асылы, ақ тілектің атасы бата беру дәстүрін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен байқауға 9 ақсақал қатысты. Айта кетейік, сайыс «Ауыл» партиясының тікелей жетекшілігімен республика көлемінде өтуде.
«Ауыл» партиясының облыстық филиалының аппарат басшысы, байқау хатшысы Әйгерім Сәрсенбаева алдымен облыстық кезеңнің ережесімен толық таныстырып өтті.
Облысымыздың әр аймағынан келген қатысушылар сахнаға шығу кезегін жеребе бойынша анықтады. Алғашқы болып шыққан Талас ауданы, Қызыләуіт ауылынан келген Нұрлан Рәтбекұлы өз-өзін таныстыру батасынан бастап, көпшілікке ықылас батасын берді. Ал Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан келген Серікбай Өтегенов «Елге бата», «Дастарқанға бата» секілді бата түрлерін жатқа оқыды. Жуалы ауданынан келген Сейтқазы Медетбеков бата туралы тереңнен толғап, жастарға және халыққа арналған баталардың бірнеше түрін халыққа таныстырды. Ал меркілік Белгібай Айнақұлов есімді ақсақалымыз қазақтың үш биінің батасы мен ел ағаларына арналған батасын айтып, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Сонымен қатар байқау барысында «Той бата», «Оразаға бата», «Наурызға бата» секілді бата түрлері қайта жаңғырды. Жарыс соңында қазақтың дәстүріне қызығушылық танытып жүрген Әлихан Серік пен Нұрасыл Мейірхан есімді екі бүлдіршін әкелері жазып берген баталарын жатқа оқып, батагөй қариялардың ақ батасын алды.
Қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау оңай болмады. Байқауға «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алтай Райқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев және Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға маманы Ринат Нұрақбаев қазылық етті.
Жарыс қорытындысы бойынша жуалылық Сейтқазы Медетбеков жеңімпаз атанды. Екінші орынды Меркі ауданынан қатысқан Белгібай Айнақұлов жеңіп алса, үшінші орын Жамбыл ауданының намысын қорғаған Орынбай Рысбаевқа бұйырды. Жүлдегерлер байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды. Облыс намысын қорғайтын ақсақалдарымызға сәттілік тілейміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ