Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық оқушылар көзімен

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстарды түсіндіру мен қоғамда жемқорлықтың алдын-алу және оған жол бермеуді насихаттау – «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының негізгі бағыттарының бірі. Облыстық әсіресе, сыбайлас жемқорлық дертімен күресті өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылы оқушылар арасында Эссе жазудан байқау өткізсе, биыл карикатура байқауын ұйымдастырды,деп хабарлайды arainfo.kz

Бүгін «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыптағы карикатура байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл сынға Тараз қаласы мен аудандардан 11 туынды ұсынылды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері қолдарына қылқаламды серік еткен жасөспірімдердің шығармаларын әділ бағалады. Карикатураның көркемділігінен бөлек айтар ойына да мән берді. Шынында, дарынды оқушыларымыз сыбайлас жемқорлықпен күресті ақ қағаз бетінде барынша сөйлеткен.

Салтанатты шарада партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов «AMANAT» партиясы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүргізудің өзіндік тәжірибесін орнықтыра білгенін тілге тиек етіп, партияның Жамбыл облыстық және де аудандық филиалдары тарапынан бұл іске айрықша сергектікпен қарап, маңызды істе партиялық белсенділік танытып келе жатқанын жеткізді. Себебі, мемлекеттің сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі мақсаты, қоғамды жайлаған міндеттен құтқаруға негізделген.

Мұнан кейін байқау жеңімпаздары анықталды.  Нәтижесінде, Тараз қаласы, Ә.Бөкейханов атындағы
№1 гимназияның 8 сынып оқушысы Амалия Шакизинданың туындысы жеңімпаз ретінде танылды. Сол секілді мойынқұмнан келген Асылжан Қоңыратбай ІІ орын, ал сарысулық Алуа Боранбай ІІІ орын алды. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табыс етілді.

Сыбайлас жемқорлық дертімен күрес – бүгінде Қазақстандық қоғам аса мән беріп отырған күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан біз алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымызды жандандырып, жаңа бастамаларды жүзеге асыра беретін боламыз.