Аида Балаева жас ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты табыстады
Бүгін, 25 ақпан күні ҚР Ұлттық музейінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен 2024 жылғы жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті,деп хабарлайды arainfo.kz
Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушуылар одағының стратегиялық әріптестігі аясында "Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы" жобасымен жарық көрген 20 жас қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері және министрлік жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының мүшелері қатысты.
Президенттік әдеби сыйлық иегерлері:
- Проза: Есбол Социалхан — «2026» шығармасы
- Поэзия: Жәнібек Бақытұлы Әлиманов — «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы
- Драматургия: Әлишер Жеңісұлы Айтуар — «Апатай» драмасы
- Балалар әдебиеті: Әсет Жүкенұлы Сыздықов — «Рокет Ера» повесі
Жеңімпаздар 4 млн теңге көлемінде қаламақыға ие болды. Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы, бұрын еш жерде жарияланбаған шығармаларымен қатысқан қаламгерлер іріктелді.
Бұдан бөлек, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Осы орайда, еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсатында «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы өткізіледі.
Сонымен қатар «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жалғасын тауып келеді. Былтыр Ұлттық сыйлыққа 7 номинация бойынша бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған 176 туындының құжаты қабылданды.