Жаңалықтар

Ауыр жұмыс істейтін адам ораза ұстамаса бола ма?

Ауыр жұмыс істейтін аузы берік адам қатты шөл мен аштыққа шалдығып, сол үшін өмірінен не есінен айырылатындай жағдайға душар болса, онда оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Кейіннен бұл күннің қазасын ғана өтейді, деп хабарлайды arainfo.kz

Қасиетті Рамазан айында ауыр жұмыс істейтін адамдарға оразаны бұзу тек өте қажет жағдайда ғана рұқсат етіледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) түсіндіруінше, егер адам қатты шөл немесе аштықтан өміріне немесе ақыл-есіне қауіп төндіретін жағдайға душар болса, оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда тек сол күннің қазасы өтеледі, ал кәффарат қажет емес.

Алайда, адам өз әрекетімен денсаулығын әдейі әлсіретіп, оразасын бұзуға дейін жеткізсе және бұған ешқандай мәжбүрлік болмаса, онда кәффарат та міндеттеледі.

Жұмыс тәртібін өзгерту ұсынылады
ҚМДБ ғалымдары ауыр жұмыс істейтін наубайшы, егінші секілді мамандарға Рамазан айында жұмыс кестесін жеңілдетуді немесе түнгі уақытқа ауыстыруды ұсынады. Бұл адамға оразасын толық ұстауға мүмкіндік береді.

Дегенмен, ауыр жұмысқа мәжбүр болған адам күн шыққанда бірден ауыз ашпай, сәресіні ішіп, ниет еткен абзал. Себебі Алла Тағала оған күші жететіндей мүмкіндік беруі мүмкін. Алдын ала дайындалу маңызды

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабында:
«Өзінің жұмысын істеу арқылы ауыз ашуға рұқсат ететін зиянның жетуін біліп, алайда ауырмай, не қиналмай жатып оразасын бұзуы — харам» деп көрсетілген («Әл-Фәтәуа әл-Һиндия», 1/229).

Сондықтан ауыр жұмыс істейтін адамдар Рамазан айының мол сауабынан құр қалмау үшін еңбек демалысын осы айға сәйкестендіріп, жұмыс уақытын қысқарту немесе жеңілдеу жұмысқа ауысу сияқты шешімдерді қарастырғаны жөн.

Толық ақпаратты ҚМДБ-ның ресми дереккөздерінен алуға болады.