Қордайдан шыққан қос саңлақ
Соңғы кездері әлемдік деңгейдегі жарыстарда олжа сала бастаған қордайлық жас спортшыларымыз Ерхан Тұрдан мен Алтынбек Қонысбайдың есімдері елдің аузында жүр. Бірі бокстан, бірі дзюдодан топ жарып халықаралық жүлделерді еншілеуде.
2016 жылы белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітов туған ауылы Қаракемердің қақ ортасынан келісті спорт кешенін салып берген болатын. Ашылуына Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің өзі қатысып, ақ батасын берген бұл нысанда содан бері ауыл балалары спорттың неше түрінен құлшына жаттығып, ендігі алды аймақтық турнирлерде көріне бастады. Бұдан тоғыз жыл бұрын спорт кешеніне жаңа келгенде Ерхан он екі жаста болатын. Алғашқы бапкері Асхат Нәметкерімнің жаттықтыруымен талай «отқа да, суға да түсіп» рингте аянбай тер төкті. Тоғызыншы сыныптан кейін оқуын Тараз қаласында жалғастырып, сондағы бокс клубында жаттықты. Одан кейін Шымкентте жоғары оқу орнына түсіп, онда да спорттан қол үзбеді. Жаттықтырушы Нұржан Қондыбаевтың баптауымен облыстық, республикалық жарыстарда көзге түсіп, жаңа қырынан таныла бастады. Ал, жуырда Испанияда жалауын көтерген дәстүрлі «Вохам Elite-2025» беделді халықаралық бокс турнирінде 57 килограмм салмақта біздің Ерхан Тұрдан украиналық және қырғызстандық қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Міне, осы жеңісінен кейін жиырма бір жастағы спортшы республикалық құрамаға алынды, енді Алматыда жаттығатын болады.
Ал, қақпатастық Алтынбек Қонысбай қазір он сегіз жаста. Ол да қаршадайынан өз ауылында спорт шебері Ахан Мұстафиннің жаттықтыруымен дзюдо күресінің әліппесін үйренді. Бесінші сыныптан кейін Тараздың спорт клубында жаттығып, олимпиада резервтерін дайындау мектебінде өнерін шыңдай түсті. Жасөспірімдер арасындағы облыстық, республикалық біріншіліктерде сенімді ақтай бастаған жас балуанды бапкерлері өткен жылы республикалық құрамада үш бірдей халықаралық белдесулерге алып барса, ол үшеуінде де жүлделі болды. Алдымен, тамыз айында Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 60 килограмм салмақта үшінші орынды иеленсе, қазан айында Бахрейн корольдігінде әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Одан бір ай өтпей Грекияда Еуропа кубогінің күміс медалін және иеленді.
Айтпақшы, Тараз құрамасының бас бапкері, Қазақстан Республиксына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Париж Олимпиадасында еліміздің қоржынына жалғыз алтын медальді салған дзюдошы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев: «Елдостан басқа да шәкірттерім бар. Енді соларды жаттықтырамын. Ғалымжан Қырықбай, Алтынбек Қонысбай деген балалар тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр»-деп біздің жігіттің аяқ алысына үмітпен қарайды екен.
Бұл екі жас чемпионды жерлестері құрметтеп қарсы алып, ат мінгізіп, иықтарына шапан жапты, ақ тілекті бата-тілектерін жаудырды. Ауданда жаңадан құрылған «Қыбырай баба» қорының өкілдері де арнайы барып құттықтап қайтты.
Құрманбек Әлімжан,
ардагер журналист