Сапалы жол серпіліске бастайды
Халық арасында «Жол-экономиканың күретамыры» деген сөз жиі айтылады. Расында да жолдың жай-күйіне қарап сол аймақтың әлеуетін байқауға болады. Жол тақтайдай тегіс болса барыс-келіс те, алыс-беріс те артады. Сондықтан да кейінгі жылдары жол активтерін басқару жүйесін дамыту, жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау және белгіленген стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстарына жіті көңіл бөлінуде. Сондай-ақ халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында төтенше жағдайлардың алдын алу мен жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру, орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу де басты назарда.
Осы бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филиалы бірқатар бастамаларды қолға алған. Әрине, атқарылған жұмыс ел-жұрттың көз алдында. Дегенмен, шаруаны ширата түсу үшін ұйымдастырушылық қабілет пен ұтымды ұсыныстарды да ұштастыра білген абзал. Сондықтан да Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жол жөндеу жұмыстарының негізгі мәселелерін талқылау, тәжірибелік ұсыныстар енгізу және мекеме қызметінің міндеттерімен таныстыру мақсатында оқу семинары өтті.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жол-көлік инфрақұрылымының сапалы болуын қамтамасыз етеді. Жоғарыда айтылғандай жолдарға сараптама жүргізу, жолдың жасалу барысын бақылау, өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мекеменің міндетіне кіреді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жол инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға және елдегі автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға ықпал ететін бірегей кәсіпорын болғандықтан, жолшылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері тығыз әріптестік қарым-қатынаста болуы – аса маңызды. Осы мақсатта ұйымдастырылған жиынға аймақтағы 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ облыс орталығынан шалғайда жатқан бірқатар ауыл әкімдері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Ал Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев қалада жол мәселесі әлі де өзекті екендігін айтады.
2024 жылы өңірлік филиал тарапынан жол сапасын бақылау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақты айтқанда, 124 келісімшарт жасалып, жалпы саны 129 жобаға сараптама жүргізіліп, оң қорытынды берілген. Сонымен қатар, есепті кезеңде Жамбыл облысының жол саласы мамандары тарапынан жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатаң бақылау жүргізу мақсатында 999 рет іссапар ұйымдастырылып, 392 нысанда инспекциялық тексерулер жүзеге асырылған. Нәтижесінде жол-құрылыс материалдарының 3129 данасынан үлгі алынып, сынамадан өткізілген. Сәйкесінше, жол-құрылыс материалдарының 1007 данасы нормативтік талаптарға сай келмейтіндігі анықталған. Кемшіліктерді жою және жол құрылысының сапасын арттыру мақсатында тиісті шаралар қабылданып, тапсырыс беруші мекемелер мен мердігер ұйымдарға 221 ресми хат жолданған. Бұл шаралар жол сапасын арттыру мен құрылыс стандарттарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, саланың негізгі аспектілеріне қатысты құнды ақпараттарға қанықты.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ