Абай шығармашылығы – аласармайтын асқақ шың
Байзақ ауданындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназияда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Толық адам ілімі табысты ұрпаққа» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасын ұлттық құндылық ретінде заманауи бағытта таныту, шығармашылығы арқылы бәсекеге қабілетті зияткер тұлғаны қалыптастыру, ғылыми терминдер мен сөз қолданыстарының сабақтастығын пәнаралық байланыс арқылы жетілдіру және жаратылыстану бағытындағы тәлім алушыларды дұрыс ойлауға, ойын жетік жеткізуге, стильдік қателерге бой алдырмауға бағытталады.
Ғылыми конференция барысында мектеп мұғалімдері Абай шығармашылығын жан-жақты зерттеп, өз ойларын ортаға салды. Алғашқы болып қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Махаббат Амалбекова «Абай айтқан бес асыл істің бүгінгі күндегі өзектілігі» тақырыбында баяндама жасады. Ал тарих пәнінің мұғалімі Бекзат Сапарбаев «Болыс болдым мінекей» өлеңінің мазмұнын ашып, сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға тоқталды. Математика пәнінің мұғалімі Мәдина Тәжібаева математика мен әдебиеттің үйлесімін түсіндіріп берді.
Ал химия пәнінің мұғалімі Зейне Әбілдәнің айтуынша, Абай өлеңдерінде химиялық элементтер де кездеседі.
Сонымен қатар өзге де ұстаздар Абай шығармашылығын тиісті бағыттарына қарай зерттеп, өз пікірлерін білдірді.
Ғылыми конференцияның екінші бөлімінде арнайы келген қонақтар оқушыларға дәріс оқып, ойларымен бөлісті.
Ал филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Рахат Саламатова жастардың Абай шығармашылығына қызығушылық танытуы рухани сабақтастықтың белгісі екендігін айтады.
– Біз Абайды қоғамдық ғылымдар тұрғысынан ғана танып жүрміз. Егер ақынның ой-танымын толық зерттеп, тағылым тамырларына бойлайтын болсақ шығармада барлық ғылымның біте қайнасып жатқанын көруге болады. XXI ғасыр мұны бізден талап етеді.
Абайды әр ғылым саласы бойынша түсіндіру бағытында сабақ өтіп жүрмін. Ақын шығармашылығын зерттейтін, әр сала бойынша өзіндік қырларын ашатын, ізденімпаз жастарды іздеп жүргенім жасырын емес. Бүгін осы жиынға келіп, сондай жалынды жастарды көргеніме қуанып отырмын. Осындағы баяндама жасаған жас мұғалімдермен бірлесе отырып, ғылыми зерттеулер жазсақ жөн болар еді,-деп Рахат Маханбетжанқызы ұсыныс білдірді.
Сонымен қатар жиынға арнайы келген Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қаракөз Тамабаева мен «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаев жиынға қатысты пікір білдіріп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын естен шығармау керектігін айтып өтті. Жиын соңында келген қонақтар мен оқушылар естелік суретке түсті.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ