Қоғам

Жүйкесі жұқарғандардың жұмбағы көп

Соңғы кездері жүйкесінде ақауы барлардың адам өміріне қауіп төндіргені туралы хабар жиіледі. Әлеуметтік желілерде де жаға ұстатарлық түрлі бейнежазбалар таралып, қоғам тарапынан қызу талқылануда. Бейнежазбалардан байқағанымыз, жүйке жүйесінде ауытқуы бар адамдардың көбі өзінің әлі жететіндерге, яғни жас балалар мен әйелдерге ғана шабуыл жасайды.

Осы орайда «Жүйке жүйесінде ауытқуы бар жандар қауіпті ме? Облыстық жүйке аурулар диспансеріне жылына неше адам қайырылады? Оларға ем-дом қалай жасалады?» деген сұрақтарға жауап іздеп, облыстық жүйке аурулар диспансеріне хабарласқан едік.

Дерек бойынша былтыр психиатриялық блокта 3 117 адам стационарлық ем алған екен. Стационарда биыл әртүрлі психикалық мінез-құлық бұзылыстары бар 317 пациент ем қабылдап жатыр. Стационарда болу ұзақтығы аурудың сипатына, психопатологиялық бұзылулардың құрылымына, жүргізілетін емнің тиімділігіне, қоғамдық қауіпті әрекеттерге бейімділігіне, психикалық бұзылулардың сипатына, өршуіне, жағдайдың декомпенсациясына байланысты жүзеге асырылады екен.

Қазақта «Жиде ағашы гүлдегенде – адамның дерті қозады» деген сөз тіркесі бар. Бұл әдетте көктем мезгілінде қозатын ауруларға қатысты айтылып жатады. Мамандардың айтуынша, расымен кейбір психикалық аурулар көктем мен күз мезгілінде өршуі мүмкін, бірақ маусымға байланысты қатаң корреляция жоқ екен. Яғни мұндай дерттің өршуі организмнің тіршілік жағдайына бейімделуінің нәтижесінде қалыптаспайды.

Дәрігерлер психикалық аурулардың бастапқы көріністері әртүрлі болуы мүмкіндігін айтады. Алғашқы белгілеріне көңіл күйдің бұзылуы, түрлі сипаттағы депрессия жатады. Психикалық ауытқу байқалған сәтте көбіне науқастың туыстары ауруханаға апарудың орнына, жүрдім-бардым қарайды немесе басқаша ем-дом жасауға тырысады. Пациенттердің өзі де психиатриялық көмекке жүгінгісі келмей, жүйке жүйесі сыр бергенін біле тұра, «жынды» деген сөзден қашқақтап, емделудің басқа жолын іздейді. Соның салдарынан тәуіп жағалап, уақыт жоғалтатындар да бар.

Бірде облыстық №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына жолымыз түскен болатын. Ерекше әлем иелерінің өз қимыл-қозғалысы, үні бөлек. Аурасы тым ауыр екені бірден сезілді. Әлдебір тылсым күштің белгісі әсер еткендей мұндағы әр науқас әртүрлі құбылады екен. Бір-бірін қайталамайды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Бірі тоқтамай теңселсе, енді бірі қозғалыссыз тастай қатып тұр. Енді бірі көзге көрінбес торға түсіп қалғандай аласұрып, ауа қарманып жатса, енді бірі дұшпанын көргендей көздері шарасынан шыға жаздап, қашып жүр. Бұл жердің өз әлемі, біз естімейтін өз әуені бар.

Қызметкерлер сұрақтарыңызға дұрыс жауап бере алады деп үстінде жасыл халаты бар келіншекті көрсетті. Расымен ол өз өмірінің бір тұсын қалт жібермей айтып берді.

Қылықтары түсініксіз һәм ерекше жандардың ортасында отырған үш бойжеткенге көзім түсті. Бояп алған алқызыл еріндері өздеріне жарасқаны сондай қыстың күні бақшадан алқызыл үш раушан гүлін тауып алғандай күй кештім. Қыздар көп ішінде тосылып тұрған мені байқап, қосарлана сәлемдесіп, ашық-жарқын сөйлесе бастады. Сәлден соң «Бір сұрақ қойсам бола ма?» деп өтіндім. «Әрине» дейді олар мамыражай. «Мұндай көктемдей көрікті арулардың санасында ауытқу болуы мүмкін емес» деген ой келді. «Армандарың бар ма?» дедім бірден. Олар үнсіз бір-біріне қарап, иықтарын көтеріп: «Біз арман дегеннің не екенін білмейміз. Сіз айтыңызшы, ол не?», деп өзімнен сұрады.

Жастары жиырманың ар жақ, бер жағына жетер-жетпес шағында тағдыр тауқыметін дерттен тартқан бойжеткендерге не деп жауап берерімді білмей ойланып қалдым. Сол сәт әлдекімнің «Мен білемін арманның не екенін?!» деген нәзік дауысы естілді. Дауыс шыққан жақты бетке алып, аяңдай басып, балалардың қоларбасы тұрған жаққа бардым.

Арбада бойы жарты метрдей ғана бойжеткен отыр. Не тізе, не сирағы жоқ, бірақ жамбасынан төмен қарай табаны көрініп тұрды. Шынтағынан кейін білексіз жалғасып кеткен қысқа саусақтары жыбырлағанын байқап қалдым.

Ал Талғат ағаның басына ауыр тас тигеннен сегіз жыл бұрын ақыл ойында тежеліс байқала бастапты. Бір дыбыс шығарып сөйлемегеніне жеті жылдың жүзі болған. Ештеңеге мән бермейтін, тек селсоқ отыра беретін күйге жеткен аға жуырда ғана немерелі болыпты. Нұрсыз көзін жоғарыға қадап, сүлесоқ отырған ере адамға сондай қуанышты сәтті жеткізгім келіп: «Аға, сіз немерелі болдыңыз! Ұлыңыз ұлды болды!» деп төрінде бесіктің тербеліп тұрғанын тәптіштеп айта бастадым.

Бірақ Талғат ағаға мұның бірі де әсер етпеді. Керісінше қасымдағылар оның ештеңе түсінбейтінін, мүлде сөйлемегеніне жеті жылдан асқанын жарыса айтып жатты. Нұрсыз жанарын көкке қадап отырған ағаның жүрегіне иненің жасуындай болса да сәуле құйғым келген үміттен түк қалмады. Орнымнан тұрып кетуге оқталдым. Екі-үш қадам басқаным сол соңымнан біреудің жүгіргенін сезіп, жалт қарадым. Талғат аға екен. «Иісі тәтті. Аты Аңсат» деп қалтасынан жаңа туған немересінің әппақ шұлығын алып, қолыма ұстатты. Оның сөйлеп кеткеніне маңайымдағылар таңғалды. Бірақ ол сол екі ауыз сөзден кейін қайтыіп жақ ашпады.

Иә, арман деген әртүрлі ғой. Бірі зәулім сарай, енді бірі қымбат көлікті аңсайды. Ал ақыл-ойында ауытқуы бар, кішкентай ғана арманшыл қыз әке-шешесін бір көрсем деп арман етсе, жеті жыл бойы сөйлеуден қалған Талғат аға немересінің тәтті екенін ұқтырды.

Арманың алармасын Адам! Бір кем дүние деген осы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ