Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Соңғы жылдары оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп, мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, турникеттер орнатылуда. Бұл жүйелер төтенше жағдайлардың алдын алып, балалардың қорғанысын күшейтуге бағытталған.
Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарының 96,1 пайызы бейнебақылау жүйесімен қамтылып, 100 пайызында дабыл түймесі орнатылған. Сонымен қатар, 603 білім беру мекемесінің бейнебақылау жүйесін полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» және аудандық полиция бөлімдеріне интеграциялау үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлініпті.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тек техникалық құралдармен шектелмей, құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің өзара әрекеттестігін арттыру да аса маңызды. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жасөспірімдермен кездесулер, дәрістер, тренингтер ұйымдастырылып, олардың заң алдындағы жауапкершілігі, буллингке қарсы күрес, есірткі мен топтық төбелестердің зияны туралы ақпарат беріледі. Полицейлер адалдық пен заңға бағынудың маңыздылығын түсіндіріп, құқықбұзушылықтың салдары қандай болатынын нақты мысалдар арқылы көрсетеді.
Қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында тәртіп сақшылары мектептер маңындағы және қоғамдық орындардағы жағдайды жіті бақылап, құқықбұзушылықтарға әкелуі мүмкін факторларды анықтауда. Бір ғана аптаның ішінде 461 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, оның ішінде 24 ата-ана өз міндеттерін орындамағаны, 225 жағдайда жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүргені анықталған. Ойын-сауық орындарында болғаны үшін 21 жасөспірім жауапкершілікке тартылып, 7 дерек ұсақ бұзақылық ретінде тіркеліпті. Бұл көрсеткіштер жасөспірімдер арасындағы бақылауды одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді.
Буллинг – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Құқық қорғау органдары мектептер мен колледждерде буллингтің алдын алу үшін психологтармен бірлесе отырып, оқушылармен жеке әңгімелесулер жүргізіп, агрессияны анықтау және оны болдырмау шараларын қолға алуда. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы топтық төбелестер мен зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда патрульдеуді күшейтіп, профилактикалық рейдтер ұйымдастыруда. Жастар көп жиналатын орындар мен ойын-сауық мекемелері тұрақты түрде тексеріліп, түнгі уақытта заң ұзушылықтардың алдын алу мақсатында ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Құқық қорғау органдарының басты мақсаты – жасөспірімдерге қауіпсіз және қолдау көрсетілетін ортада дамуға мүмкіндік беру. Бұл кешенді тәсілді талап ететін ұзақ мерзімді жұмыс. Бүгінде полицияның әртүрлі бөлімшелері бірлесе жұмыс істеп, ақпарат алмасуды күшейтуде. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Досымжан Қалжанов бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамда заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізетінін айтады.
Қауіпсіздік мәселесі – тек мектептегі шаралармен шектелмейді. Ата-аналардың да бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі артуы тиіс. Балаға уақыт бөліп, оның кімдермен араласатынын, қандай ортада жүретінін бақылау – ата-ананың міндеті. Кейбір құқықбұзушылықтар ата-ананың салғырттығынан орын алып жатады. Сондықтан бұл бағытта ата-аналарға да кеңестер беріліп, жасөспірімдермен қарым-қатынас орнатудың тиімді жолдары түсіндірілуде.
Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жалғаса береді. Бұл кешенді шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өз болашағы үшін жауапкершілікпен қарауына жол ашады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан әр ата-ана, мұғалім, құқық қорғау органдары өкілдері бірлесе жұмыс істегенде ғана толыққанды нәтижеге қол жеткізуге болады.
Айжан ӨЗБЕКОВА