Әлеумет

Тарифтік саясаттың тиімділігі неде?

Қымбатшылық қыспаққа алса, қарапайым халықтың қажитыны белгілі. Көбіне тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасының өсуі қымбатшылыққа алып келеді. Өйткені тауардың не көрсетілетін қызметтің бағасы өсіп, халықтың табысы сол күйінде қалса немесе баяу көтерілсе, бұл халықтың тұтынушылық қабілетін төмендетеді. Осыдан кейін теңге құнсызданады.

Негізі инфляция деңгейінің жоғарылауына, яғни ақшаның құнсыздануына доллардың қымбаттауы, логистика және тасымал шығынының қымбатқа түсуі, ішкі нарықта қандайда бір тауарларға деген сұраныстың сыртқы нарық есебінен жабылуы, яғни импортқа, шикізатқа тәуелділік, мемлекеттің салық саясатында акциздер мен қосымша құн салығының жоғарылауы, жалақы мен өндіріс шығындарының көбеюі секілді факторлар әсер етеді. Одан бөлек әлемдік геосаяси жағдайлар, санкция, төтенше жағдайлардың жиілеуі, жаһандық өзгерістер, елдер арасындағы әскери қақтығыстар экономикамызға кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл қымбатшылықтың неден пайда болатыны жөнінде экономистердің айтып жүрген пікірі. Еліміз дәл қазір жоғарыда біз сөз еткен жайттарды бастан өткеріп жатыр.

Жалпы Жаңа жылдан бастап облыс тұрғындары қымбатшылықтың жаңа толқынын сезіне бастады. Мысалы, осы жыл кіре сала азық-түлік, оның ішінде картоптың бағасы шарықтап шыға келді. Қазіргі уақытта жанар-жағармай бағасының өсуі де байқалады. Сол секілді кейбір коммуналдық қызметтердің де ақысы өсті. Осы ретте біз коммуналдық қызмет бағасы не себепті өсетінін зерделеп көрген едік.

Бұл тақырыпта сөз қозғамас бұрын ең алдымен еліміздің тарифке қатысты жүргізіп отырған саясатына назар аударайық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдіктің сақталмай отырғанына назар аударды. Мемлекет басшысы елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткенін, бұл табиғи монополия субъектілеріндегі жағдайдың қандай деңгейде екенін айғақтайтына баса тоқталды.

Президент аталған Жолдауында: «Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлардың туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет», деді.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатынын мәнін ашар болсақ, бұл коммуналдық кәсіпорындардың тозығы жеткен дүниесін тұтынушы есебінен жаңалау. Мысалы, облыстағы жылу, ауызсу, электр энергиясын тарататын компаниялар мен халыққа коммуналдық қызмет ұсынатын мекемелер тозығы жеткен жылу, су, энергия желілерінің белгілі бір бөлігін жаңарту, ескі құбырларды жаңасына ауыстыру секілді жұмыстар жүргізсе, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті тарифті көтеріп береді. Былтыр бірқатар коммуналдық кәсіпорындар өздеріне тиесілі құбырлар мен желілерді ала жаздай жаңартумен айналысқанын газет бетінде сан мәрте жариялаған болатынбыз. Сондықтан аталған департамент басшысы Алмат Абдрайханға жолығып, былтыр нақты қандай мекемелер аталған бағдарлама аясында жаңғырту жұмыстарын жүргізгенін және бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын сұрадық. Департамент басшысы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында желілердің тозу деңгейін төмендету үшін жұмсалған қаржының жартысы мемлекет есебінен бөлінгенін сөз етті.

Тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтер тарифін реттеу мақсатында, яғни коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормаларына бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Бұл өзгерістер тарифтерді қалыптастыру қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылып, сумен жабдықтау, су бұру және жылу энергиясын тұтыну салаларына қатысты болған. Мәселен, коммуналдық қызметтерді тұтынушылар үш негізгі топқа жіктелген. Бірінші топ – жеке тұлғалар (тұрғындар), сондай-ақ жылу энергиясын өндірумен айналысатын ұйымдар және сумен жабдықтау, су бұру қызметін көрсететін кәсіпорындар. Екінші топ – заңды тұлғалар (коммерциялық ұйымдар), олар бірінші және үшінші топтарға кірмейді. Үшінші топ – бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар. Жеке тұлғалар үшін судың тарифтерін саралайтын болсақ, тұрғындарды ресурс үнемдеуге ынталандыру мақсатында бірінші топтағы тұтынушылар қосымша кіші топтарға бөлініпті. Тариф мөлшері адамның ай сайын тұтынатын су көлеміне байланысты белгіленген. Мысалы, бірінші кіші топ бойынша 1 адам 3 текше метрге дейін су тұтынуы тиіс. Сонда олар ең төменгі тарифті пайдалана алады. Екінші кіші топ – суды 3 текше метрден 5 текше метрге дейін тұтынатындар. Бұл ретте тариф 20 пайызға қымбат. Үшінші кіші топ – суды 5 текше метрден 10 текше метрге дейін тұтынатындар, сондай-ақ жылу энергиясын өндіруші ұйымдар. Олар үшін тариф 50 пайызға жоғары. Төртінші кіші топ – суды 10 текше метрден астам тұтынатын жеке тұлғалар және су есептегіші жоқ тұрғындар. Олар үшін тариф 100 пайызға қымбаттаған.

Жылу энергиясын тұтыну тарифтері үйдің жалпы ауданына қарай белгіленіпті. Бұл ретте бірінші кіші топқа пәтерінің жалпы ауданы 100 шаршы метрге дейінгі үйі бар тұрғындар жатады. Олар ең төменгі тарифпен есеп айырысады. Екінші кіші топ 100-ден 200 шаршы метрге дейін, үшінші кіші топ 200 метрден астам үйлері барлар. Олар үшін жылу ақысына ең жоғары тариф қолданылады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар тарифтерді реттеу аясында «Жамбыл Су», «Таразэнергоорталық» және «Жанатас су жылу» кәсіпорындарының тарифтік саясатына осы өзгерістерді енгізіпті. Бұл өзгерістер әділ тарифтік саясат жүргізуге, ресурстарды үнемдеуді ынталандыруға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Белгіленген мөлшерден тыс су мен жылу тұтынатындар жоғары тариф төлейді, ал үнемдейтіндерге төмендетілген тариф ұсынылады.

Осы ретте А.Абдрайханнан коммуналдық қызметке қатысты тарифтердің қымбаттауының тағы қандай себебі бар екенін, егер бағаны негіссіз көтергендер болса, оларға қандай шара қолданылатынын сұрадық.

Департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта өткен жылы облыстың жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 7 табиғи монополия субъектііне қатысты тексеру жүргізіліп, оның ішінде 5 заңбұзушылық анықталыпты. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 5 нұсқама енгізіліп, оның үшеуі толығымен орындалса, екеуі орындалып жатқан көрінеді. Былтыр департамент тарапынан 6 табиғи монополия субъектісіне қатысты 7 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, жалпы сомасы 8 196 240 теңге көлемінде айыппұл салынып, ол толығымен өндіріліпті.

Департамент басшысының айтуынша, тарифтің қымбаттауына стратегиялық тауарлар құнының өсуі, яғни көмір, мазут, дизель отыны, газ, электроэнергия және тағы басқа жайттар себеп болған. Сонымен бірге оның қатарында негізгі құралдар құнының өсуіне әкелмейтін күрделі және ағымдағы жөндеулер, өндірістік персоналдың еңбекақы төлеу қорын индекстеу, иесіз желілерді сенімгерлік басқаруға қабылдау, жергілікті атқарушы орган желілерін ұстауға арналған шығындар, бекітілетін тауарлық газға көтерме бағаның жыл сайынғы өсуі, мемлекеттік салықтар және басқа да төлемдердің ставкасының өзгеруі де бағаға әсер еткен.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы берген мәліметке сүйенсек, биыл «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігі тарифті 37,44 пайызға, «Жамбыл Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны 9 пайызға, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы 4,34 пайызға, «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы өңірлік филиалы 15,11 пайызға көтеріпті.

Жасыратыны жоқ, биылғы өзгеріс бойынша мұздай судың ақысы адам басына белгіленген мөлшердегі суды тұтынуға байланысты есептелетін болғандықтан елең ете қалдық. Шынын айтсақ, біздің пәтерде 6 адам тіркелген болса, «Жамбыл Су» мекемесінен келетін түбіртекте 3 адам деп көрсетілген. Осыдан кейін дереу аталған кәсіпорынға барып, мән-жайды анықтадық.

Тарифтердің өсу мәнісі осындай. Бұл ретте жеке тұрғын үйде тұратындар жазға салым ауызсу құбыры арқылы бау-бақша суарып жүретінін талай көргенбіз. Демек бұл ретте олардың ойланып барып әрекет ететіні анық. Сонымен қатар коммуналдық төлемдердің дұрыс есептелуі үшін мекенжай бойынша тіркелген адамдар саны қызмет көрсетуші мекеменің деректерімен сәйкес болуы қажет. Егер бұл сандарда айырмашылық болса, тұрғындар артық төлем жасайтыны айдан анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ