Жастар

Баянды болашақтың іргетасы

Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – жастар тәрбиесі. Ұлттың болашағы, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы тікелей жас ұрпақтың тәрбиесіне байланысты. Тәрбие тек қана біліммен шектелмейді. Ол адамның рухани дүниесін, моралдық құндылықтарын қалыптастыру, дүниетанымын кеңейту, қоғамға деген жауапкершілігін арттыру, халықтың дәстүрлері мен мәдениетін сақтау сияқты кеңауқымды үдерістерді қамтиды.

Жастар – елдің ең белсенді, шығармашыл әрі қозғаушы күші. Олардың білім алу, еңбекке қабілеттілік, шығармашылық, азаматтық белсенділік тұрғысынан дамуы қоғамның ішкі құрылымының мықтылығын, оның болашақтағы тұрақтылығын айқындайды. Сонымен қатар, жастардың моралдық тұрғыдан қалыптасуы, олардың өздерін қоғам мүшесі ретінде сезінуі, ел алдындағы жауапкершілігін түсінуі – мемлекеттің келешегіне оң әсер етеді.

Еліміздің алға жылжуы мен дамуы жастардың білімділігімен, қоғамға қызмет етуге деген құштарлығымен тікелей байланысты. Сондықтан да жастарға арналған тәрбие жүйесінің негізгі міндеті – олардың ізгі адамгершілік қасиеттерін, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи өмірдің талабына сай білім мен дағды беріп, қоғамдағы әртүрлі өзгерістерге бейім болуға бағыттау.

Жастар тәрбиесін сөз еткенде білім мәселесі міндетті түрде көтерілетіні анық. Білім – жастардың кәсіби және жеке тұлғалық дамуына ықпал ететін басты құрал. Бірақ, білім мен тәрбие – екі бөлек құбылыс емес, олар біртұтас, бірін-бірі толықтырып отыратын маңызды үдерістер. Қазіргі таңда білімнің мазмұны тек қана ғылым мен техникамен шектелмей, жастардың дүниетанымын кеңейтетін, оларды адами құндылықтар мен мәдениеттің терең тұстарымен таныстыратын білім жүйесін құру қажет.

Тәрбиелі адам – тек жақсы білім алған адам емес, сондай-ақ айналасына мейірімді, қайырымды, ұлтжанды, өз міндеттерін адал атқаратын азамат. Білімді адам ғана қоғамда өз орнын таба алады, ал тәрбиелі адам ғана қоғамға пайдасын тигізіп, сол қоғамды одан әрі дамытуға күш салатыны сөзсіз.

Жастарды біліммен қатар моралдық тұрғыдан да тәрбиелеу өзекті мәселе. Олар болашақта жауапты, саналы және жоғары адамгершілік қағидаттарына сүйенетін азаматтар болуы тиіс. Бұл ретте әрбір тәрбиеші, педагог, ата-ана мен қоғам мүшесі жастардың жеке тұлғасын дамытуға үлес қосуы керек. Жастар тек білімді болумен шектелмей, сол білімді дұрыс пайдалану мен қоғамға пайдасын тигізе білуі қажет.

Ұлттық тәрбиенің де маңызы зор. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды, тарихты, мәдениетті және дәстүрлерді сіңіру – тек олардың санасын ғана қалыптастырмайды, сонымен қатар өз Отанына деген патриоттық сезімді, ұлттық мақтанышты арттырады. Ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді құрметтеу, оларды қазіргі заманмен үндестіру жастардың қоғамда өзіндік орнын табуында үлкен рөл атқарады. Қоғамның болашағына үміт артылған жастардың өз ұлтының тарихын білуі, ұлттық салт-дәстүрлерді қадірлеуі, тілін үйренуі, елінің рухани мұрасына деген қызығушылығы және оны болашақ ұрпаққа жеткізуі – нағыз ұлттық тұлғаның белгісі. Осындай тәрбиені алған жастар ғана өз елінің тарихы мен мәдениетін әлемге танытуға атсалыса алады.

Жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттыруды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өскелең ұрпақтың қоғамдық мәселелерге қатысуы, саяси, экономикалық және әлеуметтік процесстерге деген көзқарастары олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне көмектеседі. Жастарға қоғамдық жұмыстарға тартылу, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосу арқылы азаматтық белсенділігін арттыруы керек. Қазіргі таңда жастардың өз қоғамына, өз елінің дамуына жауапкершілікпен қарауы, өзінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін түсінуі өте маңызды. Бұл ретте жастардың арасында түрлі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың белсенді болуына мүмкіндік жасау қажет. Жастар әсіресе өздерінің құқықтары мен міндеттерін түсініп, оларды жүзеге асыруға ұмтылған кезде қоғамға деген сенімділік артады.

Жастарды тәрбиелеудегі басты рөл отбасына тиесілі. Отбасы – адамның бірінші қоғамы, алғашқы мектебі. Әрбір баланың өмірінде алғашқы үлгі – оның ата-анасы мен туыстары. Отбасында алынған тәрбие, баланың мінез-құлқы мен дүниетанымының негізін қалайды. Ата-ананың балаға берген тәрбиесі, оның өмір жолында кездесетін қиындықтарды жеңуіне көмектесетін күшке айналады.

Мектеп те жастар тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Мұнда олар білім мен дағдыларды ғана емес, сондай-ақ өмірлік тәжірибені, адамгершілік құндылықтарды, мәдениетті, сыпайылық пен құрметті үйренеді. Мұғалімдер мен педагогтар жастарды оқыту мен тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген тұлғалар. Мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие баланың қоғамдағы орны мен келешек өміріне әсер етеді.

Қорытындылай келе айтар ойым, қоғамның болашағы мен тұрақтылығы жастар тәрбиесіне тікелей байланысты. Жастардың саналы, жауапкершілікті, білімді, адамгершілігі мол азаматтар болып қалыптасуы еліміздің дамуына, әлеуметтік жүйенің нығаюына, елдің халықаралық аренада мәртебесінің өсуіне ықпал етеді. Бұл үшін жастарға дұрыс тәрбие беру, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру аса маңызды. Жастар тәрбиесі – тек білім беру ғана емес, оларды рухани және морадық тұрғыдан қалыптастыру, қоғамға қызмет етуге бағыттау болып табылады. Қоғамның іргетасын қалаушы жастар, олардың бүгінгі тәрбиесі ертеңгі қоғамның күшті әрі тұрақты болуын қамтамасыз етеді.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық жастар ресурстық
орталығының директоры