Брифинг

«Қызғалдақ мұра – 2025» фестивалі ұйымдастырылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығының директоры Мөлдір Оразалиеваның, «АРК Ғылыми ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, археология және этнология магистрі Ескендірбек Төрбековтің қатысуымен брифинг өтті. Спикерлер 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында іске асырылатын жаңа туристік жобалармен таныстырды.

Алдымен «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығының директоры Мөлдір Оразалиева облыстың тарихи-мәдени мұрасы мен туристік әлеуеті туралы баяндады. Айтуынша, аймақта 3 510 ескерткіш болса, оның ішінде 5 археологиялық нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Бұл тізімге «Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» қалашықтары мен «Ақыртас» сарай-кешені енген. Сонымен қатар, өңірде 30-дан аса шатқал орналасқан.

Облыстағы туристік индустрияның негізгі нысандарының қатарында «Айша бибі», «Қарахан», «Тектұрмас» кесенелері, «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Жайсан» ғибадатханасы, «Көксай» каньоны, «Ақыртас» сарай-кешені бар. «Айша бибі» мен «Қарахан» кесенелеріне жыл сайын 83 мыңға жуық турист келеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 151 110 турист келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 138 пайызға артық. Оның ішінде 148 639 адам – ішкі туристер, ал 2 471 адам – шетелдік саяхатшылар. Бүгінгі таңда өңірде 16 туристік фирма жұмыс істесе, олардың үшеуі кіру туризмімен айналысады.

Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі өңірдегі қолөнер саласының дамуына серпін берген. Бүгінде облыста 4 қолөнершілер қауымдастығы жұмыс істейді.

Жиында сөз алған «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығы директорының орынбасары Ақжан Ғұмар 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында жүзеге асатын 4 жаңа жобаға тоқталды.

Алғашқы жоба – «Жамбыл облысының тау гидтерін оқыту курсы». Ақпан-маусым айларында өтетін курс аясында аймақтағы тау гидтерінің біліктілігін арттыру көзделген. Сонымен қатар, Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы ең биік шыңдарды бағындыру жоспарланған.

Екінші жоба – «Көктем» маусымы. Жоба ақпан-наурыз айларында ұйымдастырылады. Бағдарлама «Бәйшешек» экспедициясы, «Көрісу» мейрамы және «Jibek Joly» пойызы туристеріне экскурсия ұйымдастыру сынды үш кезеңнен тұрады.

Үшінші жоба – «Қызғалдақ мұра – 2025» халықаралық фестивалі. Фестиваль аясында облыстың эндемиктері әлемдік ғылыми алаңда таныстырылады. Сонымен қатар, облыстың жабайы қызғалдақтарын сақтау және оларды ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер тізіміне енгізу мәселесі қарастырылады. Бұл іс-шара аясында ғылыми конференция өтіп, Қаратау геопаркін құру жөніндегі халықаралық хаттамаға қол қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ 5 000-ға жуық адам қатысатын түрлі тарихи-танымдық, мәдени, спорттық, туристік және ойын-сауық іс-шара ұйымдастырылады.

Туризм саласын жаңа деңгейге көтеруді көздейтін бұл жобалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, ішкі және сыртқы туристер ағынын көбейтуді мақсат етеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА