Брифинг

Цифрландыру бақылауды оңтайландырады

Цифрландыру ішкі істер органдары жұмысының жеделдігін арттырып, деректерді тіркеу және өңдеу процесін жеңілдетеді. Облыстық полиция департаменті де цифрландыру бағытында бірқатар жобаларды іске қосып, нәтижесінде мол мүмкіндіктерге жол ашылған. Саладағы жаңашылдықтар жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Асқар Жораев баяндады.

Асқар Ергешұлының айтуынша, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану қауіпсіздік деңгейін арттырып, барлық деңгейлерде басқару мен бақылауды оңтайландыруға ықпал етеді.

«Бұлтты бейнебақылау» – жоғары сапалы бейнебақылауды, деректерге оңай қол жеткізуді және жүйені масштабтау мүмкіндіктерін ұсынатын заманауи қауіпсіздік жүйесі. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында қала бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістеріне 2 280 бейнебақылау камерасын орнатыпты.

Өңірімізде сонымен қатар қызметкерлерді қолайлы әрі жеңіл смарт-жетондармен қамтамасыз етуге бағытталған «Цифрлы полиция» жобасы іске асырылуда.

Азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қауіп төнген жағдайда жедел ден қоюға бағытталған «Қорғау» мобильді қосымшасының жобасы да өз жемісін беруде. Бұл қосымша пайдаланушылар үшін жедел көмекке қолжетімділікті және оқиғаларға уақытылы жауап беруді қамтамасыз ететін тиімді құрал ретінде қызмет етеді. Тараз қаласының аумағында «Қорғау» мобильдік қосымшасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің 200 планшетінде орнатылған және осы бағытта жұмыс толық көлемде жүргізілуде.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ