Жамбыл жаңалықтары

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар 25,5 пайызға азайды

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімі аппаратының мәжіліс залында алқа мәжілісі өтті. Жиында жұмыссыздық деңгейін төмендету, азаматтарды жұмыспен қамту шараларын күшейту және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.

Серік Жақсылықұлы өткен жылы облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрағанын, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайызға жеткенін атап өтті. Сондай-ақ ол Президент тапсырмасына сәйкес, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтудың маңыздылығын баса айтты.

Басқосуда облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға қойылған міндеттерге тоқталды.

Басқарма басшысы өз баяндамасында басқа бағыттар бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгерім Шынтасова да баяндама жасап, өңірдегі жұмыспен қамту шаралары туралы есеп берді.

Кеңес барысында Серік Жақсылықұлы кейбір көрсеткіштердің орындалмау себептерін сұрап, жауапты мамандардан нақты есеп беруді талап етті. Сонымен қатар, аудандармен бейнебайланыс орнатып, олардың жұмысын талдап, жіберілген кемшіліктерін сынға алды. Ол Президент тапсырмасына сәйкес, «Жұмысшы мамандықтары жылына» байланысты қолға алынған шараларды күшейту қажеттігін айтып, тиісті басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеп, жиынды қорытындылады.

Айжан ӨЗБЕКОВА