Жамбыл жаңалықтары

Кейбір аурухананың кредиторлық қарызы бар

Өткен жылы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына 15 миллиард 297 миллион 300 мың теңге бөлінген. Тарқата айтқанда, жергілікті қазына қаржысынан – 14 миллиард 598 миллиард 300 мың теңге, ҚР Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен 699 миллион теңге қарастырылған. Дегенмен оның 306,4 миллион теңгесі толық игерілмеген.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында айтылды. Медицина саласындағы өзекті мәселелер қаралған жиынды Серік Сәлемов ашып, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде жергілікті атқарушы органдар тұрғындарға ашықтықты қамтамасыз етіп, мәселелеріне құлақ түріп және оның оңтайлы шешімін табуға тырысуы қажет екенін жеткізді.

Мәжілісте алғашқы болып облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев баяндама жасады.

Жыл қорытындысымен 132 383 адам медициналық тексерумен қамтылса, оның 25 435-і балалар. Тұрғындарды қарау барысында 7 064 науқас анықталып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына есепке алыныпты. Оның ішінде 209 бала бар. Сонымен қатар есепті кезеңде облыс тұрғындары «еGov mobile» қосымшасының «Әлеуметтік әмиян» бөліміндегі «Дәрі-дәрмек» қызметі арқылы және өзге де медициналық жеңілдіктердің арқасында қажетті дәрі-дәрмектерге толық қол жеткізген. Сол секілді былтыр халыққа 202 426 қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетілген.

Баяндамашының сөзінен соң Серік Жақсылықұлы денсаулық саласына қатысты алаңдарлық бірқатар мәселелерді көтерді. Талас, Меркі орталық аудандық ауруханаларының қызметкерлері біршама уақыттан бері заңды айлықақысын ала алмай, мекеме басшылығы өз дәрігерлеріне қарыз болып келген. Алайда басқарма қызметкерлері қазіргі уақытта аудандардағы ақ халатты абзал жандардың қарыздары толық төленгенін айтты. Сол секілді дәл осы Талас, Меркі, Жамбыл аудандық ауруханасы мен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының миллиардтан астам кредиторлық берешегі бар екені анықталған. Серік Сәлемов осы мәселеге қатысты мекеме басшылығы кредиторлық берешекті өтеймін деп, заңсыз әрекетке барып жүрмеуін қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова осы жиында межені орындай алмай, аты екі-үш рет аталған бірқатар аудандық ауруханаға қатысты пікір білдірді. Фарида Амансарықызы «жағдай осылай болды» деп қол қусырып отырғанша жауаптыларға шара қолдану керек деп санайды.

Сондай-ақ алқа отырысында облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің мен облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өткен жылы атқарған жұмыстары қаралды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ