Спорт

БАПКЕРІМНІҢ БАТЫЛДЫҒЫ ЖІГЕР БЕРДІ

БАПКЕРІМНІҢ БАТЫЛДЫҒЫ ЖІГЕР БЕРДІ

Нидерланды елінің Амстердам қаласында таэквондодан кезекті жарысым басталғалы жатыр. Тартылған жеребе маған ауыр түсті. Қарсыласым өзімнен 6 келі артық салмақта екенін естігенде мең-зең күйге түстім. Түсі суық, салмағы басым қарсыласым итальялық бойжеткен, жасы да менен едәуір үлкендеу еді. Шыбын жанымды шүберекке түйіп, қайтсем де ұстазымның үдесінен шыққым келді. Ұстазым мені шыңдалсын деді ме екен, жасым жетпесе де 14-17 жас аралығындағы жеткіншек спортшылардың қатарына қосып жіберіпті. Көңілім алабұртса да ұстазыма сыр білдірмедім. Ұстазымның «Мықты спортшының шеберлігінен гөрі рухы мықты болса, алынбайтын қамал жоқ» деген бір ауыз сөзі мені тәуекелдің тұғырына қондырып жіберді. Сол сәтте бойыма қанат бітіп, жеңімпаз атанатыныма сенімім артқандай болды. Боз кілемде төрт жекпе-жек өткіздім. Жеңіс үшін аз тер төгілген жоқ. Мықшиған сексеуілдей болсам да, бойымда жеңіске деген құштарлық зор еді. Сол сенімді тудырған бапкерімнің даналығы болатын. Сонымен не керек, тәңірім ұстазымның тілеуін беріп, өзге елде үшінші орын жеңімпазы атандым. Ұстазымның мөлдіреген жанарынан «Үмітіміз ақталды-ау» деген ишараны байқадым. Мен үшін бұл жарыстың орны ерекше еді. Қолаға қол жеткізсем де, бастысы орынсыз қайтпағаным әбүйір болды. Әлемнің 30 елінен келген спортшылардың алдында бақайымды сазға тигізбей, қамқор болған ұстазымның сенім үдесінен шыққаныма іштей қатты қуандым. Шынайы талантты тану, спортқа деген құштарлықты ояту оңай іс емес. Спортқа алғаш келген сары ауыз, үлбіреген балапандай балаларды бауырына тарта білу – жүрегі кең ұстаздың ғана қолынан келеді. Мен де ұстазымның алдына бес жасымда келдім. Таэквондоға деген қызығушылығымды байқаған бапкерім талантымды танып қана қоймай, жүрегімнің түбіне терең бойлай білді. Ұстазымның толассыз төккен терінің жемісі болар, сол жылы-ақ 5 жасымда осы спорт түрінен Қазақстанның чемпионы атандым. Бүгінде әлемнің төрт бұрышын аралап, өмір-өзен ағысында батыл қадам басып жүргенім де осы бапкерімнің үздіксіз ізденісінің нәтижесі деп білемін. Ендігі арманым Олимпиада чемпионы атану, ұстазымның мол тәжірибесімен менің жеңіске деген құштарлығым барда асқаралы арманыма қол жеткізетініме сенімдімін. Тек маған тура жол сілтеп, әркез жанымнан табылатын ұстазым аман болсын! Осы жемісті жылдар аралығында «Almaty Open Bars Cup-2017» халықаралық байқауында І орын, Республикалық «Арыстан» кәсіпқой спорт кубогының жарысында жүлделі ІІ орын, Таэквон-до ITF бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатында ІІ орын, Нидерланды мемлекетінде өткен Таэквон-до ашық турнирінен ІІІ орын жеңімпазы атанд ым. Әрине, бұл жеңістеріме ұстазымның сіңірген еңбегі орасан.

Жаннұр БАЙЖОМАРТ, Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының «Жас тілші» үйірмесінің оқушысы Тараз қаласы