«Тараз» – мен үшін әрқашан ыстық»
Ұлан Қонысбаев – қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс есім. Кезінде ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, бірнеше клубтың намысын қорғаған белгілі аяқдоп шебері бірнеше апта бұрын «Тараз» футбол клубының спорттық директоры қызметіне кірісті. Жуырда Ұлан Әбиірбекұлымен сұхбаттасып, спорттық директор ретіндегі өзіне жүктелген міндеттер, команданың қазіргі жағдайы, болашақ жоспарлары турасында әңгіме өрбіттік. Сұхбат барысында Ұлан кәсіби мансабындағы маңызды сәттерді еске алып, елімізде футболдың дамуы үшін жас таланттарды тәрбиелеу мен инфрақұрылымды жетілдіру қажеттілігіне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті.
– Біріншіден, жауапты қызметке тағайындалғаныңыз құтты болсын! Спорттық директордың нақты қандай қызмет атқаратынын футболдың айналасында жүргендер болмаса, көпшілік біле бермейді. Осы жағын өзіңіз айтып берсеңіз...
– Бұл лауазым команданың спорттық стратегиясын жасауды, жастар мен негізгі команданың даму жолдарын жоспарлауды, жаттығу процесінің тиімділігін арттыру мен саралауды талап етеді. Сонымен қатар команда құрамын жасақтау, трансферлік жұмыстарды атқару, жаңа ойыншыларды тіркеудегі тиісті құжаттардың рәсімделуі секілді шаруалармен тікелей айналысатын боламыз. Өзге клубтар, серіктестер және агенттермен қарым-қатынас орнату, олармен келіссөздер жүргізу біздің міндетімізге жатады.
Спорттық мансабымда бірнеше клубта, ұлттық құрамада ойнағаным белгілі. Бірақ бұл жұмыста тәжірибе маңызды деп ойлаймын. Басшылық пен үміт артқан жанкүйерлердің сенімін ақтап, командамызды жоғары деңгейге көтеру үшін еңбек етемін.
– Осы маусымда «Тараз» футбол клубынан қандай нәтиже күтуге болады?
– Биылғы маусымда біздің құрамада жас ойыншылар көп. Барлығы өзіміздің футбол орталығының тәрбиеленушілері. Бірнеше тәжірибелі футболшы командамен бірге жаттығып жүр. Бұл маусымда командамен жоғары нәтижелер үшін күресеміз. Бапкерлік құрам жігіттерге жан-жақты жаттығулар жасатып, дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Дегенмен, командада қаржылық кедергілер бар екені белгілі. Қазіргі уақытта оны реттеу мәселелері қарастырылып жатыр. Оң шешімі табылады деген ойдамын.
Әрине жанкүйерлерді қуантып, Премьер-лгада ойнап, Еурокубоктерге қатысуды кім қаламайды?! Бірақ бұл мәселе бір күнде шешіле салатын дүние емес. Осы бағытта еңбек етеміз.
– Сізді бапкерлік қызметтен көргісі келетін жанкүйерлер бар шығар. Алдағы жоспарыңызда өзіңізді бапкерік қырыңыздан көрсету ойыңызда жоқ па?
– Бапкерлік қызметте көргісі келеді деп ойламаймын. Жаттықтырушы болу үлкен еңбекті, жүйелі жұмысты талап етеді. Оның үстіне арнайы оқу курстары, сертификат алу шаруалары, түрлі категориялар бар.
Адамның бір іске құлшынысы, ынтасы болмаса оны жасаудың қажеті жоқ. Ол кезде бір нәтиже болады дегенге сенбеймін. Өзімді әзірге бапкер ретінде көрмеймін. Бәрі уақыт еншісінде.
– Еліміздегі бірнеше командада ойнадыңыз. Қай команда бағымды ашты деп ойлайсыз?
– Әрине «Тараз» футбол клубы. Осында кәсіби спортпен шұғылдандым. Алғашқы келісімшарт та «Тараз» клубымен болды. Командаға қосып, сенім артқан сол кездегі «Тараз» клубының бапкері Владимир Фомичев еді.
Ұлттық құрамаға да осында жүріп шақырту алдым. 2009 жылы «Тараз» «Ақтөбемен» кездесіп, ол матчты ұлттық құраманың бас бапкері Бернд Шторк арнайы барып тамашалаған. Самат Смақов, Рауан Кенжесариев, Мұрат Тілешов секілді мықты ойыншылар қарсылас командада ойнап жүрген болатын. Сол кездесуде гол соғып, құрама бапкерінің көзіне түскен секілдімін. Жалпы алғанда «Тараз» мен үшін әрқашан ыстық көрінеді.
– Шетелдік командалардан ұсыныстар түскен жоқ па?
– «Анау елдің клубы шақырыпты, мына жақтың командасы қызығушылық білдіріпті» деген сөздер көп айтылды. Бірақ жеке өзіме хабарласып, нақты келісімдер туралы мәміле болған емес.
– Тараздан көптеген мықты ойыншылар шыққан. Алдағы уақытта да талантты жастардың лек-легімен шығуы үшін футбол академиясын ашуға қалай қарайсыз?
– Академия міндетті түрде болуы керек. Білуімше, біздің өңірде осы бағытта нақты жоспар бар. Рас, Тараздан таланттар көп шыққан. Әлі де шыға беретініне сенім зор. Академия еліміз бойынша бірнеше қалада ғана бар. Және оның пайдасын, тиімділігін елдің барлығы біледі. Мәселен, кеше ғана «Челси» клубына ауысқан Дастан Сәтпаев сөзіміздің айқын дәлелі деуге болады. Алматылық «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі ресми «Челсиге» сатылды.
Ондай балалар әлі талай шығады. Академиясы, футбол орталығы жоқ аймақтарда қаншама жасөспірім көрінбей қалып жатқанын ешкім білмейді. Олардың барлығын ел-елді аралап тауып, іріктеп, арнайы академияда оқытып, дайындаса әлемнің әйгілі клубтарында доп тебетініне, еліміздің футболы дами түсетініне сенуге болады.
Академия салып, инфрақұрылымын стандартқа сай қылып, білікті мамандар тартып, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етсе жақсы нәтиженің болатыны анық. Әрине оны іске асыру үлкен еңбекті, қаражатты қажет етер, бірақ мұны бұл заманда қажет дүние деуге болады.
– Биыл жасыл алаңнан кеткеніңізге 5 жылдай болыпты. Осы уақыт аралығында немен айналыстыңыз?
– Соңғы жылдары Астана қаласында отбасыммен болдым. Елордада жеке шағын кәсіпкерлікпен айналыстым. Бірнеше ұсыныстар болып, медиа жобаларға қатысып көрдік. Дегенмен жанымыз спортты қалап тұрады екен...
– Қателеспесем, 2016 жылы Қытай құрамасына қарсы ойында ауыр жарақат алған болатынсыз. Қиын кезеңдерді бастан өткіздіңіз. Бұдан соң балаларыңыз футболшы болам десе, қолдайсыз ба?
– Иә, ол жарақат кәсіби мансабымды жалғастыруға үлкен кедергі болды. Үш мәрте ота жасалды. Дегенмен қиын кезеңдер арта қалып, жеңіп шықтық.
Алла қаласа, үйленіп, бала-шағалы болсақ, ұлдарым футболға қызығатын болса неге қолдамасқа?! Әрине, футболшы болғанын қалар едім. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген сөз бар. Мүмкін футболға, мүмкін басқа спорт түріне ынтасы болар, оны уақыт көрсетеді.
– Кезінде өзіңіз де ұлттық құрамада ойнадыңыз. Өткен жылы ұлттық құрамамыз жеңілістен көз ашпай, ақырында ресейлік бас бапкер қызметінен кетті. Орнына Али Алиев тағайындалды. Жалпы ұлттық құрама ойыншыларына не жетпей жатыр деп ойлайсыз? Кінә бапкерден бе, әлде басқа себеп бар ма?
– Бапкер немесе ойыншылар деп бір жақты кінәлі адамды айта салуға болмайды. Кешенді, жүйелі жасалатын жұмыс қой. Отандық бапкердің тағайындалғаны дұрыс болды деп ойлаймын. Ішкі тыныс-тіршілікпен таныс, ойыншылар мен командаларды жақсы біледі. Қазір Түркияда ұлттық құрамаға үміткер жас және жаңа ойыншылармен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Нәтижесін алдағы уақытта көрерміз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА