Әлеумет

Отбасымыздың жүрегі

Ел қызметіне жарап жүрген азаматтарды көргенде жұртшылықтың «Бұл азамат қандай анадан туды екен? Қандай отбасыдан шықты екен?» деп ойлайтыны рас. Оқыған адам көңіліне пайдалысын түйеді. Халыққа шарапаты тиіп, абыройға ие болған ер-азаматтың алдында мейірімді анасы, артында тәрбиелі жары тұрады.

Анам жайлы толғанысымды алдымен әкем жайлы айтудан бастайын. Әкем Зауытбек Шымкенттегі технологиялық институтта өмір бойы мұғалім болып қызмет істеді. Өзі ғылым кандидаты, доцент. Бұрынғы Шымкент облысы Ленгір ауданы, Диханкөл ауылы біздің атажұртымыз. Айналасы алып тау, маңайы жасыл желек, табиғаты ерекше жер. Осы өлкеден аты Алашқа мәлім небір нар тұлғалар шыққан.

Әкем қазақтың біртуар ақыны Мұхтар Шахановтың бала күнгі досы. Аралары әлі алыстаған жоқ. Мұхтар ақынның барлық өлеңін жатқа айтады десем артық айтқаным емес. Сол Мұхтар ағамыз әкемді әзілдеп, әрі құрметтеп «Завод» деп атайды. Ал анамды «Фабрика» деп қосып айтады. Себебі, анам тері өңдеу фабрикасының зертханасында жұмыс істеді. Соны меңзегені-ау шамасы.

Бірде әке-шешем Мұхтар Шахановпен бірге заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовпен дастарқандас болыпты. Сонда Мұхтар ағамыз әке-шешемді «жолдасымның аты – Завод, жұбайының аты – Фабрика» деп таныстырса, Шыңғыс Айтматов «Ойпырым-ай, осындай да болады екен-ау! Бұлар бірін-бірі қалай тапқан!» деп таңғалыпты.

Анамның аты – Гүлзада. 1946 жылы туған. Құдай қаласа биыл 79 жасқа толады. Шымкенттегі Ленгір ауданының қызы. Нағашы атамыз шахтер болған. Адал термен бала-шағасын асыраған еңбек адамдары. Есімі – Бүркітбай.

Анам мен әкем Ленгірде танысыпты. Екеуінің танысуына да, үйленуіне де нағашылары дәнекер болса керек.

Отбасымызда 5 бала тәрбиелендік. Мен ортаншысымын. Бес баланы бес саусақ десек, әкеміз біріктірген білегі, тірегі. Ал, анамыз отбасымыздың жүрегі сияқты. Анамыз жұмыстан келіп, біздің асымызды әзірлеп, киімімізді тазалап, үй шаруасынан қолы босамайтын. Өзі ұстаз болған соң ба, біздің білімімізбен, тәрбиемізбен әкеміз айналысты. Оның үстіне екеуі де күндіз жұмыста болғандықтан, біз бір-бірімізге сүйеу болып, бар шаруаны жұмылып істеп, ата-аналарымызға қолқанат болып өстік. Балалықпен бұзықшылық жасап, тәртіп бұзсақ, екеуі де бізге қол жұмсап, жазаламайтын. Бірақ әкеміз сөзбен мәселені түгел түсіндіріп, жетемізге жеткізе айтқанда өзіміз де қайталамастай болатынбыз.

Бала күнімізден мына жайт әлі есімде. Жасы үлкен болған соң, ағам мені жұмсап, былай атқанда әлімжеттік жасайтын. Оған менің қынжылғанымды анам байқап қалып: «Әй, екеуің ондайларыңды қойып, бір-біріңе бағыныңдар. Мен айтты дейсіңдер, өскенде Алтай сенің бастығың болады әлі!» дейтін. Ана қашанда балаға сыншы ғой. Қазір айтқаны айна-қатесіз келіп, жұмыста мен бастықпын, ағам болса орынбасарым.

Анам өмірде өте қанағатшыл адам. «Ең үлкен сыйлықтарың – аман-есен жүргендерің» деп отырады. Осы жасыма дейін анамның сөзін аяқасты етіп, көңілін қалдырған емеспін. Үйге келсем де, түзде жүрсем де тілегім анаммен бірге.

Анамыз кеңпейіл, қолы ашық. Етті ерекше асады. Содан кейін палауды өте дәмді жасайды. Барлық балалары жиналғанда «Сендерге өзім жасайыншы» деп тамақты өзі пісіретін әдеті бар болатын. Бірақ соңғы кездері денсаулығы сыр беріп, жиі ауыратын болып жүр. Менің мақсатымда, мұратым да ата-анамның көңілдеріне қаяу түсірмей, жандарына медет болу. Қазір ата-анаммен бірге тұрамын. Мен үшін отбасым, әулетімнің амандығы баға жетпес бақыт. Ата-анамның осы күнді көзімен көріп, ұл-қыздарының жетістіктеріне сүйсінуін нәсіп еткеніне шүкір етемін.

Алтай ҚАРАБЕКОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты