«Сира Quiz» сайысының салмағы бөлек
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Сира Quiz» атты діни-интеллектуалдық топтық жарыс өтті. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Аружан Талғатқызының бастамасымен жүзеге асырылған жарыс жастардың діни білімдерін арттыру, Пайғамбар сирасы бойынша білімдерін тереңдету және топтық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Сайыстың ашылу рәсімі Құран аяттарының оқылуымен басталды. «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Ерболат Боханов Құран аяттарын оқып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың рухани мәнін ерекше атап өтті.
Діни-интеллектуалдық ойынға 14 топ қатысты, әр топ 5 қатысушыдан жасақталған. Жарыс барысында қатысушылар Пайғамбарлардың тарихы мен сира тақырыптары бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, өздерінің діни білімдерін көрсетті. Тақырыптың кең ауқымы мен қатысушылардың білім деңгейінің жоғары болуы жарысқа қызығушылықты одан әрі арттырды. Әрбір қатысушы өз білімін тереңдетуге, әрі бір-бірімен өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жарыс барысында жастар өздерінің діни сауаттылықтарын көрсетіп қана қоймай, жаңа мәліметтер мен Пайғамбар сирасының терең аспектілерін де үйренді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындар тағайындалды. І орынға 100 000 теңге, ІІ орынға 70 000 теңге және ІІІ орынға 40 000 теңге сыйақы тағайындалды. Жеңімпаздарды әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева марапаттап, білім жолында жетістіктерге жетулерін тіледі.
Ұйымдастырушылар осы сияқты рухани бағыттағы сайыстар жастардың діни сауатын арттырып қана қоймай, олардың білімге деген ынтасын күшейтетінін ерекше атап өтті. Сайыс барысында қатысушылардың рухани деңгейінің жоғары екені байқалды. Олар бұл іс-шараның діни білім мен ағартушылықтың маңызды құралы ретінде қоғамға пайдалы болатынын жеткізді.
Осылайша, «Сира Quiz» діни-интеллектуалдық сайысы жастар арасында діни білімнің тереңдеуіне, сондай-ақ олардың бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтуға үлкен септігін тигізді. Жарқын ой мен рухани ізденіс құралы ретінде аталған сайыс әр жыл сайын өткізіліп, жастардың рухани дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Жарысқа қатысушылар сайыс қорытындысы бойынша өздерінің білімдерін шыңдай отырып, діни сауаттылықтары мен рухани деңгейлерін көтерді.
Айжан ӨЗБЕКОВА