«Айша бибі» клубының мақсаты айқын
Тараз қаласындағы «Кеңесхан» мешітінің жанынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Айша бибі» қыз-келіншектер клубының ашылу салтанаты өтті.
Клубтың басты мақсаты – қыз-келіншектердің жан-жақты дамуына ықпал ету, оларды рухани, діни және мәдени тұрғыда қолдау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, клуб мүшелері үшін алдағы уақытта түрлі тақырыптарда семинарлар, шеберлік сағаттары, тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар, қатысушыларға ұлттық тәрбие негізінде ақыл-кеңестер беріліп, отбасылық құндылықтарға баса назар аударылады.
Клуб жұмысы бірнеше бағытта ұйымдастырылып отыр. Мәселен, өмірлік тәжірибесі мол әжелерге, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын аналарға, жаңа өмірге қадам басып келе жатқан жасөспірім қыздарға арналған арнайы бағдарламалар қарастырылған. Бұл бағыттар арқылы әр жастағы әйелдерге арналған рухани-танымдық іс-шаралар жүргізіледі.
Клуб тек білім мен рухани бағытта ғана емес, қайырымдылық іс-шараларымен де айналысады.
Жобаның алғашқы отырысына Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев арнайы қатысып, клуб жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде Е.Аманбаев Ислам дініндегі әйел мәртебесінің жоғары екенін, отбасындағы береке мен тыныштықтың да әйелдерге тікелей байланысты екенін әсерлі уағызымен жеткізе білді. Сонымен қатар, бас имам әйел жамағатын қоғамға пайдалы істерге араласуға, білім мен өнегені қатар ұстануға шақырды.
Клуб жұмысы аясында тек діни ғана емес, күнделікті өмірде қажетті түрлі тақырыптар қамтылады. Мәселен алғашқы отырыстан кейін мәйітті кебіндеу бойынша дәріс өтті. Зейнеп Үсенова марқұмды ақтық сапарға дайындаудың шариғаттағы қағидалары туралы түсініктеме берді. Сонымен қатар, әжелер кеңесінің төрайымы Жәмила Жұмабаева жастарға өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, отбасы беріктігі мен бала тәрбиесі жөнінде ақыл-кеңес айтты.
Сонымен қатар клуб қатысушылары өзара сырласу сағатын жалғастырып, өзекті мәселелерді талқылады.
«Айша бибі» клубы – тек діни-рухани орталық қана емес, сондай-ақ қыз-келіншектердің бір-бірімен тәжірибе алмасатын, рухани қолдау көрсететін, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын орта болмақ. Қатысушылар ұлттық киімдер тігуді, қолөнер бұйымдарын жасауды, қонақ күту әдебін, түрлі кәсіп түрлерін меңгеру бойынша да білімдерін жетілдіре алады.
Жиынға келген әйелдер де белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, клубтың бағдарламалары мен болашақ жоспарлары жайлы пікір алмасты.
Айжан ӨЗБЕКОВА