Қоғам

Алладан соң саққұлағым сақтап қалды

Осы мақаланы жазуыма жуырда Алматы облысының Шонжы ауылында орын алған мына бір оқыс оқиға түрткі болды. Үлкендердің назарынан тыс қалып, аулада ойнап жүрген екі баланың бірі есігі ашық тұрған дәретхананың ішіне кіріп, байқамай шұңқырына құлап кетеді. Артынан барған екінші бала оны құтқарам деп жүргенде өзі де құлап кетеді. Сөйтсек, ол екеуі де балабақша жасындағы бүлдіршіндер екен.

Қос періштенің құлап кеткенін Алла сездіргендей, сол сәтте анасы баласын тамақтандырмақ болып іздеп шығады. Есік алдынан таппаған соң дәретхана жақтан шыққан дауысты естіп жетіп барса, екі баланың шұңқырдан шыға алмай жылап жатқандарын көреді. Қатты қорыққанынан не істерін білмей, есеңгіреп тұрып қалған ол дереу үйге жүгіріп, телефоннан бас алмай отырған күйеуі мен өзгелерді де көмекке шақырады. Бәрі жабылып ештеңе істей алмаған соң бірден төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлеріне хабарласады. Балалардың бақытына орай, олар көп кешікпей жедел жетіп, екі баланы үш метрден астам тереңдіктегі зәр мен нәжіске толы шұңқырдан зорға дегенде шығарып, аман алып қалады.

Осы жағдайдан кейін екі баланың ата-анасы да, басқалар да естері толық кірмеген балғындарды қараусыз қалдырып, орынсыз телефонға телміре бергеннің нәтижесі қандай болатынын түсінген шығар деп ойлаймын.

Баршаның жүрегін ауыртқан осы оқиғадан кейін сәл ертеректе өзім куә болған осыған ұқсас бір оқиға есіме түсіп, одан сайын жүрегімнің ауырғаны-ай...

Осыдан 20 жыл бұрын ауылдағы үйде жүрген Таймас атты төбетіміз кәріліктен өлген соң көрші ауылдағы Володя есімді орыстан 2 күшік сатып алдық. Біреуінің атын түріне қарай Аққұлақ, екіншісіне Саққұлақ деп ат қойдым. Екеуі де алабай тұқымынан. Томпиып қалған сүйкімді әрі ақылды күшіктер еді. Кішкентай балаларға ұқсап ауламызда елді сүйсіндіріп ойнап жүретін.

Уақыт білінбей өте берді, әлгі күшіктер де өсе берді.

Бір күні, дәлірек айтсам, шілде айының басы болатын. Әлгі күшіктің біреуі тыным таппай үре берді. Екіншісінің дауысы шықпады. Түскі астан кейін бәріміз теледидардан қызықты хабар көріп отырғанбыз. Есік жақта отыр едім, өзгелерден бұрын күшіктің дауысын ести сала далаға шықтым. Шықсам, Саққұлақ есіктің алдында үріп тұр екен. Мені көрді де шәу-шәу етіп, дәретханаға қарай жүре берді. Тоқтап қалсам, ол да тұрып қалады да маған жәудірей қарап, қайтадан дәретханаға бастайды.

Саққұлақ үрген бойы дәретхана жаққа жүгіріп кетті. Қасында үнемі бірге жүретін Аққұлақ көрінбегендіктен «оған бір нәрсе болып қалған шығар» деген ой келді. Сөйтіп, Саққұлақтың артынан жетіп барсам, ол дәретхананың ішіне кіріп, шұңқырына қарап үріп тұр екен. Қарасам, Аққұлақ шұңқырға құлап кетіпті. Белінен төмен қарай батып, қыңсылап тұр екен. Шыдап тұра алмай, күшікті шығарудың қамымен зыр жүгірдім. Саққұлақ та бірге жүгіріп жүр. Асыққанда керек заттың табылмай қалатыны бар емес пе?! Көзіме түсіп, қолыма ілінген ұзындау ағаштармен күшікті шетке қарай ығыстырам, болмайды. Күшіктің қиналғанын көріп, жүрегім ауыра бастады.

Ақыры қанша әрекет еткеніммен күшікті құтқара алмадым. Сыңарынан айырылған аққудай болған Саққұлақтың сол кезде қалай мұңайғанын сезінсеңіз ғой.

Аққұлақты қимай щұнқырға қарап қайта-қайта үріп тұрған Саққұлақты сыртқа шығарып, «Енді сен де түсіп кетпей тұрғанда жауып қояйын» деп дәретхананың есігін жақсылап жауып, алған заттарымды орнына қойдым. Бәрін реттестіріп болған соң сарайға қарай беттей беріп едім, Саққұлақ балағымнан тартқылап жібермеді. Мен оған ит тілімен түсіндіре алмаған соң жылылық танытып, бар болғаны басынан сипай беріппін. Жүзіне қарасам, жанары жасаурап кетіпті. Сосын ойын бөлмек ниетпен тамақ беріп едім, жаңағы жағдайдан кейін тәбеті тартпады ма, әйтеуір тамақты ішпей, дәретхана жаққа барып жатып қалды.

Шыны керек, екі-үш күнге дейін сол жерден шықпай, тіпті сонда түнеп те жүрді. Бірте-бірте жалғыздыққа да үйрене бастады ма, кейіннен ұясына барып жататын болды.

Сол сәтте Саққұлағыма қарап тұрып, кейбір тасжүрек адамдардан ит екеш иттің жүрегі мейірімді әрі бауырмашыл екен ғой деген ой түйдім.

Арада бір ай өткен соң Саққұлақ та маған көмекке келді. Тамыз айының басы еді. Шілденің ыстығы әлі де күшінде. Күн демалыс. Сол күні үйдегілердің бәрі қалаға қонаққа кеткен. Сыртқы есік пен ішкі терезелер ашық тұрған. Уақыт түскі екілер шамасы. Кіреберіс бөлмеде поштадан алып келген газет-журналдарды кезегімен оқып отырғанмын. Бір кезде Саққұлақ есіктің алдына келіп үре бастады. Күшік еркелеп үріп жатқан шығар деп ойымды бөлгім келмей, газет-журналға үңілген бойы отыра бердім. Сәлден кейін үрісін тіптен үдете түсті. Сол сәтте қасымнан ащылау, бір жағымсыз иіс шықты. Не болды екен деп Саққұлаққа қарап едім, ол басын төмен қаратып, мен отырған үлкен үстелдің астына қарап үре берді. Бұл тегін үріп жатқан жоқ шығар деп үстелдің астына қарасам, аяғыма екі метр жетер-жетпес жерде дәу қара жылан басын жоғары көтеріп алып, маған қарай аузынан майда-майда көбіктер шашып тұр екен. Ойда-жоқта жыланды көріп қорыққанымнан, әрі шағып алмай тұрғанда өлтірейін деп орнымнан атып тұрдым да ауыр зат іздей бастадым. Одан бұрын ішкі бөлмелерге кіріп кетсе табу қиын болар деп, алдымен ішкі есікті жауып үлгердім. Жылан жер бауырлап, маған қарай жылжып келеді. Ал Саққұлақ шыдамай ішке кіріп кетіпті. Жыланның құйрығын аяғымен басып, мен жаққа жібергісі келмейді.

Бірте-бірте көзім қарауытып, басым айналып, әлсірей бастадым. Сөйтсем, жылан мені бірер минут арбап тұрған екен. Мен оны кейін түсіндім.

Қара түсті болғаннан кейін бе, жыланның түсі сұсты. Ысылдаған дауысы да жаман.

Бір кезде жиырылып, қатты жылдамдықпен маған қарай бір-екі рет атылды. Шетке зорға қашып үлгердім. Саққұлақ кішкентай болса да қорғамақ болып, барын салып жүр. Сыртқа шығып, ұзын әрі ауыр зат әкелейін десем, жыланнан көз жазып қаламын ба дедім. Сондағы бар ойым – жыланды қалайда өлтіру. Өйткені «Егер біреу жыланды өлтірмек болып, ол өлмей қалса, кектенеді де кейіннен өзі немесе ордасымен келіп, сол адамды шағып өлтірмейінше қоймайды екен» деген үлкен кісілерден естіген сөз де есіме түсе кетті. Оның үстіне сол кездегілер қазіргі балалардай емес, көп нәрсеге сене беруші едік қой.

Сонымен не керек, көзім бұрышта тұрған еден жуатын ағашқа түсті. Соны алып, үстелдің аяғына оралып тұрған сәтінде басынан ұрып өлтірдім.

Сол кезде «Әлгі жылан арбамай-ақ, неге бірден шағып алмаған?» деп ойлап та қойдым.

Осы оқиғадан кейін бір апта өткенде Алматыға баратын болып жолға шықтым. Қалаға баратын автобусқа мініп едім, менен қалмай аялдамаға дейін ілесіп келген Саққұлақ автобус алыстап кеткенше қимастық танытты ма, әйтеуір, көзі жәудіреп ұзақ қарап тұрды.

Бұған дейін Аққұлақ екеуі шығарып салып, автобусқа мінген кезде бірден үйге қайта беретін. Ал бұл жолы Саққұлақтың жалғыз өзі шығарып салып, мұңды көздерімен ұзақ қарап тұрған сәті көңіліме қатты әсер етті. Жоқ әлде тағы бір нәрсені сезді ме екен?

Сонымен не керек, Алматыға барған соң бірер күннен кейін бір досымыздың туған күніне баруға жеті орындық автокөлікке жеті жігіт мініп, Жаркент қаласын бетке алдық. Кеш түсіп қалған. Сол қалаға жете бергенде ойламаған жерден жол апатына ұшырадық. Бірер уақыт өткенде есімді жиып, жан-жағыма қарасам, адамдар жиналып қалыпты. Полиция қызметкерлерімен қоса, жедел жәрдем де келіпті. Қасымдағы алты досым жедел жәрдемнің ішінде жатыр. Сосын дәрігерлер демеп, мені де жедел жәрдемге мінгізді. Көліктің тас-талқаны шыққан.

Ауруханаға апарған соң үш досым естерін жимаған күйі жан тапсырды. Қалған үшеуі түрлі ауыр жарақаттарынан бір ай емделіп шықты. Ал мен екі-ақ күн жатып, үшінші күні үйге қайттым. Сөйтсем, көлігіміз үш-төрт мәрте аударылған кезде ортасында отырған мен төбесіндегі шағын қақпақтан (люк) ұшып кетіппін. Қалғандары болса, көліктің ішінде қалыпты. Содан ба екен, маған қатты зақым келмепті. Бар болғаны оң жақ қабырғам жырылған, аздап сол аяғымның тізесі мен басым ұрылған және мұрным қанаған.

Сөйтіп, қайтыс болған үш досымызды соңғы сапарға шығарып салған соң, «Тірі адамның тірлігі бітпейді» демекші, көп ұзамай Таразға қайтып кеттім.

Үйге келсем, қай жақтан және қашан келсем де алдымнан еркелеп шығатын Саққұлағым көрінбеді. Үйдегілер: «Сен Алматыға кеткенде үшінші күні жоғалып кетті. Іздедік, елден де сұрадық, таппадық. Бәлкім, көшеге шыққан кезінде біреулер қызығып алып кетті ме екен, әйтеуір, қайтып оралмады» деді. Осы сөзден кейін Алматыға кетерде ауылдағы аялдамада күшігімнің маған ұзақ қарап тұрған сәті көз алдыма елестей берді.

Жеті қазынаның бірі саналатын саналы Саққұлағым сол кезде амандығымды тілеп, қоштасып қалған екен ғой. «Жоғалып кеткені – жоғарыдағы жол апаты кезінде маған келетін ауыртпашылықты алып кеткен екен ғой» деп ойымды түйіндедім де іштей қынжылдым.

Бірақ осы оқиғалар көпке дейін көз алдымнан және ойымнан кетпей жүрді. Содан бері тура 20 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде өмір ағысымен, тағдыр тартысымен жүріп ұмытқандай едім, әңгімемнің басында айтқан екі баланың дәретханаға түсіп кеткені жайлы теледидардан естіп, әлгі күшіктерім де, солармен болған аянышты оқиғалар да және Жаркенттегі жол апаты мен сол кезде қыршын кеткен достарым да есіме түсіп, тағы да көңілімді ызғар басты, жүрегім сыздады.

Бәлкім, өмір осындай есте қалар оқиғаларымен де мазмұндырақ шығар деп ойлап қоям кейде.

Бірақ мына бес күн жалғанда кімнің болсын есте қалар тек жақсы оқиғалары мен сәтті сәттері көп болуына тілектеспін.

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист