Әлеумет

Ел егісін сақтандыра алмай жүр

Әне-міне дегенше жылт еткен күн көзіне жер бусанып, диқандар үшін қарбалас шақ басталатын күн де жақын. Ерте көктемнен бастап қара күзге дейін тыным таппайтын егіншілер мол өнім алу үшін бел жазбай еңбек етуге дайын. Бірақ ел ырысын еселеуші диқан еңбегін табиғаттың тосын мінезі бір-ақ күнде рәсуә етуі мүмкін.

Кей жылы қуаңшылық салдарынан егіс күйіп кетсе, енді бірде төпелеп жауған нөсер жауын немесе бұршақ пен үсік те орасан зиян келтіреді. Осындай сәтте бұрын егісін сақтандырған шаруалар шығынның белгілі бір бөлігін сақтандыру жүйесі арқылы өтеп алатын. Алайда бұл жүйе тиімсіз болды ма, міндетті сақтандыру жүйесі осыдан шамамен 4-5 жыл бұрын түбегейлі жойылды. Артынша ерікті сақтандыру жүйесі қолданысқа енді. Бірақ дәл қазір әулиеаталық шаруалар бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Бұл жөнінде «Қазақстан фермерлері қауымдастығының» Меркі ауданы бойынша филиалының басшысы Тасқын Аташевтің өз айтары бар.

Тасқын Орынханұлы облыс шаруалары егісін сақтандыру үшін оларға көмек беруді сұрап, бірқатар ұсынысын тиісті мекемелерге жеткізген екен. Алайда істің қалай шешілетінінен әзірге хабарсыз.

Осыған орай біз «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалына барып, мониторинг бөлімінің басшысы Асхат Османовқа жолықтық. Оған облыс шаруалары климаттың қолайсыздығына қарамастан тәуекелге бел буып егін еккенімен, оны сақтандыру мүмкіндігінен шет қалып отырғанын айттық.

Осыдан кейін біз облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының егіншаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрдәулет Ілесбекпен әңгімелестік. Одан бұл мәселе қалай шешімін табатынын сұрадық. Ол біздің облыстың егісін сақтандыру міндетті сақтандыру жүйесі бар кездің өзінде-ақ алынып тасталғанын айтты.

Біздің түсінгеніміз егіннің шықпай қалу қаупі жоғары өңірлерде егісті сақтандыру тиімсіз, одан мемлекет те, сақтандыру компаниясы да пайда табуы екіталай. Өйткені құрғақшылыққа жиі ұрынатын аймақтарда шығынды өтеу кімге болсын ауыр салмақ. Көңілге медет болатыны – облысты ерікті сақтандыру жүйесіне қосудың амалы қарастырылып жатқаны. Бірақ әзірге нақты шешім жоқ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ